Жезқазғанда жанар-жағармай жетпей жатыр

2896

Облыс әкімі қала әкімінің жауабына қанағаттанған жоқ.

Жезқазғанда жанар-жағармай жетпей жатыр

Өткен демалыс күндері  Жезқазған қаласында  жанар-жағармай тапшылығы сезілді. Салдарынан қалада көлік қозғалысы азайып, кейбір шағын кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалды.

Жезқазғанға көршілес жатқан Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданында бүгінге дейін жанар-жағармай бекеттері мүлдем жұмыс істеген жоқ. Қазір мұнда әр көлік иесіне бензин 20 литрден ғана сатылып жатыр.

Бүгін жанар-жағармай тапшылығына қатысты облыс әкімдігінде аппарат отырысы өтті. Онда мәселенің мән-жайы анықталып, себебі мен салдары сараланды.

"Демалыс күндері жанар-жағармай базалары жұмыс істемегендіктен, қажетті қор жиналмай қалды. Бүгінгі таңда Жезқазғанда 10 күнге жететін бензин қоры бар. Алдағы күндері мәселе оң шешімін табады" , – деп түсіндірді Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов. 

Қала әкімінің жауабына облыс әкімі Ерлан Қошанов қанағаттанбады. Ол салған жерден: "Қайдағы онкүндік қорды айтып тұрсыздар?!  Сіздерге алдын ала ескертілді ғой. Қазір Жезқазған  өңірінің тіршілігі тоқтап тұр десе де болады . Мәселені шешуге бір тәулік уақыт беремін. Тез арада тиісті жанар-жағармайды жеткізіңіздер!" – деп нақты тапсырма берді.

Қазір Балқаш қаласы мен  Шет, Қарқаралы аудандарындағы  жанар-жағармай  бекеттері де жүргізушілерге бензинді шектеп сатып жатыр. Бұл жақтың адамдары көліктеріне 13 литрден артық бензин құя алмай, қиналып жүр.

Ал Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров бір айдан соң Жезқазған аймағы ғана емес, жалпы Қарағанды облысы бойынша  бензин тапшылығы болуы мүмкін екенін тұспалдады.  

"Атырау, Павлодар қалаларындағы мұнай зауыттарында жөндеу жұмыстарының жүргізілуі салдарынан тасымалданатын бензин мөлшері алдағы бір айда азаяды. Әзірше Қарағандыда  қосымша мұнай  қорындағы  жанар-жағармай мөлшері  жеткілікті", – деді ол.

Аяжан Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу