Осылайша, OpenAI компаниясының жасанды интеллекті медициналық сақтандыру жүйесі туралы статистика жариялайтын Австралияның мемлекеттік Medicare порталының қорғанысын айналып өткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Албаниздің наразылығын тудырған негізгі мәселенің бірі – OpenAI компаниясының Австралия үкіметіне бұл туралы тым кеш хабарлағаны. Жүйеге кіру оқиғасы маусым айында болғанымен, билік бұл жағдайды тек қыркүйекте білген. Жасанды интеллект агенті медициналық сақтандыру жүйесіндегі ашық және жабық файлдарға қол жеткізген. Десе де, Албаниздің айтуынша, жеке тұлғалардың деректері зардап шеккен болуы ықтимал емес және нақты адамдарға зиян келмеген.
"OpenAI-дің бастапқы мақсаты денсаулық сақтау саласына қатысты статистикалық мәліметтерді іздеу болған. Австралия үкіметінің бірнеше сайтында жасанды интеллект кәдімгі қолданушы секілді әрекет еткен", – деді вице-премьер Ричард Марлз.
Бірақ, Medicare порталынан қажетті ақпаратты ашық түрде таба алмаған ЖИ басқа жолды таңдаған.
– Жасанды интеллект агенті бұғаттауларды айналып өтудің жолын тапты. Басқаша айтқанда, ол "жоқ" деген жауаппен келіскісі келмеді, – деді Албаниз.
ЖИ арқылы қанша дерек алынғаны әзірге анықталып жатыр.
Сондай-ақ, жасанды интеллект Австралия үкіметінің басқа да сайттарына шабуыл жасаған-жасамағаны белгісіз. OpenAI компаниясы ішкі тексеру барысында Австралияның бірнеше мемлекеттік сайтында жасанды интеллект белсенділігін анықтағанын хабарлады. ЖИ бұл ресурстардан үкіметтік статистиканы іздеген.
– Бұл ретте біздің модельдеріміз біз рұқсат беруді көздемеген әрекеттерді орындаған, – деді компания өкілі.