Жібек Құламбаева: Арманым "Үлкен дулыға" турнирінде жеңіске жету

1521

Жас қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Ярослава Шведованың ізін бассам дейді. 

Жібек Құламбаева: Арманым "Үлкен дулыға" турнирінде жеңіске жету

Осы уақытқа дейін әйелдер арасында "Үлкен дулыға" турнирінде бір ғана қазақстандық жеңімпаз атанған. Ол Ярослава Шведова. 2010 жылы Уимблдон мен АҚШ біріншілігінде командаласы америкалық Ваня Кингпен жұптық өнер көрсетуде екі рет жеңіске жеткен. Ал жекелей сында ешбір қазақстандық теннисші "Үлкен дулыға" турнирінде жеңіске жетіп көрмеген. Еліміздің теннисші қыздары 2010-2016 жылдары тек Ролан  Гарростың ширек финалына жолдама мен Уимблдон турнирлерімен шектелді.

Карантина аяқталғаннан кейін Жібек Құламбаева да теннистен Қазақстан Ұлттық құрамасының алғашқы оқу-жаттығу жиынына шақыртылған теннисшілер қатарында болды. Сонымен қатар ол "Үлкен дулыға" турнирінде жеңіске жетуге деген өзінің чемпиондық амбициясымен бөлісті. Алайда Жібек қазіргі таңда Әйелдер теннис ассоциациясының жекелей өнер көрсету бойынша жасалған рейтингінде тек 646 орында, ал жұптық сайыс бойынша 632 орында тұр.

ITF сериясының жұптық сайысында Жібек осыған дейін төрт мәрте жеңіске жеткен. 2018-жылы Шымкентте өткен турнирде, былтыр Қытайда және биыл екі мәрте Анталияда ұйымдастырылған жарыстарда үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ былтыр Қытайда жекелей сайыста жеңіске жетті. Осылайша биылғы жылы қыста Құламбаева өзінің жеке рекордын орнатып, бір маусымда екі жеңіске қол жеткізді. Маусым қайта жалғасын тапқаннан кейін оның рекордын жаңартуға мүмкіндігі бар.

"Мақсат әрқашанда болады. Онсыз спортшыға алға жылжу қиын әрі ешқандай даму болмайды. Сондықтан менің жақын уақытқа жасалған жоспарым Әлемдік рейтингте топ – 500, содан кейін WTA топ-100 қатарына ену. Сонымен қатар, әрине, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғау. Ал арманым "Үлкен дулыға" турнирінің жеңімпазы атану. Алдағы уақытта сол армандарым орындалады деп сенемін", - дейді Жібек Құламбаева Қазақстан теннис федерациясының ресми сайтына берген сұхбатында.

Қазіргі таңда Қазақстан Ұлттық құрамасының Бурабайда өтіп жатқан алғашқы оқу-жаттығу жиынына шақырту алған 30 теннисші қатарында Жібек те бар. ОЖЖ 14-маусымға дейін жалғасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу