Жібек Құламбаева Италиядағы турнирдің іріктеуінің финалына шықты

1144

Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақстандық теннисшілер ATP және ITF ұйымдастырып жатқан халықаралық турнирлерде бақ сынауда.

Жібек Құламбаева Италиядағы турнирдің іріктеуінің финалына шықты

Италияның Брешия қаласында ITF W60 сериялы турнирінде Жібек Құламбаева іріктеудің финалына шықты. Алғашқы айналымда қазақстандық теннисші бразилиялық Ребека Перерйрден басым түсті. Есеп 6:2, 2:0 болғанда бразилиялық теннисші матчты одан әрі жалғастырудан бас тартты. Жібек жарыстың негізгі кезеңінге шығу үшін бүгін италиялық Аурора Зандечимен шеберлік байқасады.

Бейбіт Жұқаев Американың Литл-Рок қаласында өтіп жатқан Челленджер турниріне қатысты. Өкінішке орай отандасымыз іріктеудің финалына шыға алмай, корт қожайыны Захари Свайдадан 2:6, 6:2, 3:6 есебімен ұтылып қалды.

Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко 30 мамырда Познань (Польша) қаласында өтіп жатқан Челленджерде жекелей сында алғашқы кездесуін өткізді. Француз теннисшісі Уго Греньемен өткен матчта Попко қарсыласына жол берді. Екі сағат 56 минутқа созылған кездесу үш сетте 4:6, 6:2, 4:6 есебімен француздың пайдасына аяқталды.

Айта кетейік, бұл матч Польшадағы турнирдің 1/16 финалы кезеңінде өтті.

Сурбитондағы (Ұлыбритания) Челленджердің жасыл шөпті төсенішті корттарында екі қазақстандық спортшы өнер көрсетеді. Жарақатына байланысты ұзақ үзілістен кейін Михаил Кукушкин өзінің алғашқы кездесуін бүгін елорда уақытымен 18:40-та британиялық Пол Джаббқа қарсы өткізеді. Ал ертең Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен дуэтте корт иелері Чарльз Брум / Айдан Макхюдж жұбынан айласын асыруға тырысады.

Фортидегі (Италия) Челленджерде Тимофей Скатов бірінші айналымда осы жарыстың көшбасшысы италиялық Лоренцо Мусетимен сынға түседі. АҚШ-та дәл осы сериядағы жарыста Денис Евсеев 1-кезеңде Ринки Хиджикатамен (Аустралия) өзара мықтыны анықтайды.

Сонымен қатар Таиландта әйелдер арасында ITF W25 сериясының турнирінде Гозал Айнитдинова бірінші айналымда қытайлық Фан Янгқа қарсы кездесу өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу