Жібек Құламбаева Сербиядағы турнирде жеңіске жетті

1362

Қазақстандық теннисші жүлде қоры 25 мың долларды құрайтын Сербияда өткен турнирде жұптық сайыста Үндістан өкілі Пратхан Тхомбаремен бірге өнер көрсетті.

Жібек Құламбаева Сербиядағы турнирде жеңіске жетті

Сербияның Прокупле қаласында өткен турнир Жібектің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Өйткені ол бар болғаны екі кездесуден кейін турнирдің чемпионы атанды. Құламбаева мен Тхомбаре дуэті турнирдің бірінші нөмірлі ракеткалары болып тіркеліп, алғашқы айналымда Дарья Лодикова (Ресей) / Луиза Мейер-Хейде (Германия) жұбын 7:5, 6:4 есебімен ұтты. Одан кейін ширек финалда жарыс фавориттері сербиялықтар Ивана Йорович/Деяна Радановичпен кездесулері керек еді. Бірақ корт қожайыны Раданович жарақатына байланысты кездесуге шықпады. Осылайша, Құламбаева мен Томбаре автоматты түрде жартылай финалға жолдама алды. Онда жұма күні оларға турнирдің төртінші нөмірлі жұбы Илона-Георгиана Гиороайе (Румыния)/Анжелика Морателлиге (Италия) қарсы шықты. Бұл жекпе-жек 1 сағат 16 минутқа созылды. Бірінші сетте қазақстандық-үндістандық жұп қатарынан үш гейм алып, одан кейін қарсыластарына партиядағы есепті 3:1-ге жеткізуге мүмкіндік беріп қойды. Содан кейін тағы үш гейм алып, сетте 6:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте де Құламбаева мен Томбаре 6:4 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты. Онда олар испаниялық Лейра Ромеро Гормаз және хорватиялық Тара Вюртпен кездесулері тиіс болатын. Алдымен жұптық сайыстың финалы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түн ортасына ауысты. Содан кейін жексенбі күні түске ауыстырылды. Бірақ, белгіленген уақытта Вюрт пен Гормаз алаңға шықпады. Осылайша Құламбаева мен Томбаре Сербияда төрт матчтың орнына екі матч өткізіп, жеңіс тойын тойлады. Бұл теннисшіміздің жұптық сайыстағы 17-титулы. Енді келесі аптада Жібек Голландияның Ден Хааг қаласында өтетін ITF W25 сериялы турниріне қатысады.

Сонымен қатар дүйсенбі, 27 маусымда әлемнің үздік теннисшілері маусымдағы үшінші "Үлкен дулыға" турнирі – Уимблдонды бастайды. Биылғы Уимблдон чемпионаты бұрынғылардан түбегейлі ерекшеленеді. Өнер көрсеткені үшін ойыншыларға WTA және ATP рейтингтері бойынша ұпай берілмейді. Бұл ұйымдастырушылардың Ресей мен Беларусь теннисшілеріне қатысты санкцияларына жауап ретінде жасалды.

Биыл қазақстандықтардан Анна Данилина, Дмитрий Попко және Тимофей Скатов Уимблдонға қатыса алмайды. Ал Зарина Дияс жарақатына байланысты маусымды мерзімінен бұрын аяқтады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик ертең алғашқы айналымда венгриялық Мартон Фучовичпен кездеседі. Михаил Кукушкинге АҚШ-тан келген Дженсон Бруксби қарсылас атанды. Жарыстың екінші кезеңіне өту үшін Юлия Путинцева француз қызы Ализе Корнемен күш сынасады. Елена Рыбакина америкалық Коко Вандевегемен кездеседі. Жұптық сайыста пәкістандық Айсам Курешимен дуэтте Александр Недовесов бірінші айналымда Джеймс Даквортқа (Аустралия) / Маркос Хиронға (АҚШ), ал Андрей Голубев украиналық Денис Мочановпен жұпта Педро Мартинес (Испания)/Джон-Патрик Смитке(Аустралия) қарсы шығады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу