Үндістан корттарында қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмаған Жібек жұптық сындағы табысын жекелей кестедегі бас жүлдемен толықтырды.
Шешуші матчта Құламбаева (WTA №419) жергілікті теннисші Сонал Патилмен (WTA №1159) кездесті. Жібек алғашқы минуттардан бастап басымдықты өз қолына алып, ойын тізгінін толық бақылауда ұстады. Финалдық бәсеке қазақстандық спортшының пайдасына 6:1, 6:3 есебімен, екі сетте сенімді жеңіспен аяқталды.
Нагпурдағы бұл қос жеңістің маңызы ерекше: жекелей және жұптық сындағы табыстар Жібек үшін алған жарақатынан айығып, кортқа қайта оралғаннан кейінгі осы маусымдағы алғашқы титулдар болды. Құламбаева бүкіл турнир бойы тамаша физикалық дайындығы мен психологиялық төзімділігін көрсетіп, өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Естеріңізге сала кетейік, 10-11 сәуір күндері Жібек Құламбаева Қазақстан ұлттық құрамасы сапында әлемдік командалық чемпионат – Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңіне қатысады. Астанада өтетін бұл сында біздің команда Канада құрамасына қарсы ойнайды.