Жібек жартылай финалда

1213

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұма күні Каирде өткен жүлде қоры 15 мың долларды құрайтын ITF сериялы турнирінің жартылай финалына шықты.

Жібек жартылай финалда

Каирде ITF сериясының әйелдер арасында өткен жарыста Жібек Құламбаева алғашқы айналымда мароккалық Ая Эль Аунимен кездесті. Қазақстандық бұл кездесудің айқын фавориті екені бірден көрінді. Өйткені ол әлемдік рейтингте жеті жүздіктің арасында болса, ал оның қарсыласы алғашқы 2000 теннисшінің қатарында. Нәтижесінде Құламбаева бұл кездесуде басымдылық танытып, қарсыласын - 6: 0, 6: 1 есебімен жеңді.

Екінші айналымда Жібекті алғашқы кездесуден гөрі мықтырақ қарсылас күтіп тұрды. Ол әлемнің 400-ракеткасы Дарья Мишина еді. Бірақ, Құламбаева бұл жолы да жеңіске жетті. Жерлесіміз үш сетте де - 6: 3, 3: 6, 6: 3 есебімен, Мишинадан басым түсті. Ал ширек финалда ол тағы бір ресейлік теннисші, әлемнің 679-ракеткасы Элина Аванесянмен кездесті.

Қарсыластар бір-бірімен бұрын-соңды кездескен емес. Бірақ бұл қазақстандық теннисшіге сенімді түрде жеңіске жетуге кедергі болмады. Кездесу нәтижесі 6: 3, 6: 2. Осылайша Құламбаева жартылай финалға жолдама алды. Бүгін ол шешуші матчқа шығу үшін 16 жасар ресейлік Эрика Андрееваға қарсы кездесу өткізеді. Ол қазір әлемдік рейтингте 1057-ші орында тұр. Бұл финалға шығу үшін таласқа түсетін екі теннисшінің арасында Жібектің айқын фаворит екенін көрсетеді.

Құламбаева осы турнирдің жұптық финалында да ойнауы мүмкін еді. Бірақ, бельгиялық Хелене Шолсенмен дуэтте ол жартылай финалда жеңіліп қалды. Жұптық өнер көрсету бойынша олар алғашқы кездесуде Абдель Азиз Ламис Альхуссейн (Египет) / Анастасия Золотарева (Ресей) дуэтін 6: 2, 6: 3 есебімен келесі айналымға шықты. Ширек финалда Құламбаева мен Шолсен ресейліктер Ксения Ласкутова мен Дарья Мишинаны айқын басымылықпен жеңді. Кездесу қорытындысы - 6: 3, 5: 7, 10: 7.

Бірақ жартылай финалда қазақстандық-бельгиялық дуэт жарыстың үшінші жұбынан Элина Аванесян (Ресей) / Анна Кубаревадан (Беларуссия) - 2: 6, 4: 6 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, Құламбаева Каирде тек жекелей сында финалда жеңіске жету үшін күресті жалғастырады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу