Жібектен жеңіс күтеміз

1556

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева сәрсенбі күні Үндістанның Нави Мумбай қаласында өтіп жатқан ITF сериялы турнирінде жекелей және жұптық сайыстардың алғашқы кезеңінен сүрінбей өтті.

Жібектен жеңіс күтеміз

Жібек жекелей сында әлемнің 505-ші ракеткасы үндістандық Рутуя Бхосалемен кездесті. Алғашқы сетте корт иесі 2 гейм басымдылыған ие болып, есепте алға шықты. Алайда Құламбаева бірден таразы басын теңестіріп есепті 2:2 қылып тастады. Ал сет соңына таман Жібек жігерлене ойнап, қарсыласының адымын аштырмады. Арты артынан 2 геймде жеңіске жетіп, алғашқы сетті 6:4 есебімен жапты. Екінші сеттің басы қазақстандық теннисші қыз үшін сәтті бастала қоймады. Бхосале Жібектің геймінде ұпай еншілеп, брэйк тіркеді. Есеп 4:1 болып, Құламбаева қиындыққа тап болды. Түбі жеңіліске ұшырап, 6:2 есебімен екінші сетті беріп қойды. Есеп 1:1 болып, теке тірес теңесіп қалды. Енді бар мәселе үшінші шешуші сетте болатын.

Қос теннисші бір бірінің геймдерін ала алмай, брэйк жасай алмады. Соның салдарынан есеп 5:4 болып, Жібек соңғы брэйкке үміт артты. Бхосаленің шешуші соққысы кезінде физикалық қабілетінің зор екенін байқатқан отандасымыз маңызды ұпай еншілеп, геймде жеңімпаз болып шықты. Үшінші сетті 6:4 ұтқан Құламбаева жалпы есепте 2:1 нәтижесін тіркеп, жарыстың келесі кезеңіне өтті. Енді қазақ теннисшісі жапон қызы Акико Омаэмен кездеседі. Күншығыс елінің спортшысы әлемдік рейтингте дәл қазір 397 орында тұр. Ол да алғашқы айналымда үндістандық теннисші Аканша Ниттурды жеңді.  

Айтпақшы, Жібек сонымен қатар жұптардың жарысына да қатысады. Сәрсенбінің сәтті күні олар алғашқы қарсыластарын 42 минутта, 6:0, 6:0 есебімен айқын ұтты. Жібектің әріптесі Латвия елінің теннисшісі Марцинкевич. Енді екінші кезеңде бұлардың қарсыласы үндістандық теннисшілер жұбы болады. Себебі үндістанның атынан шығып жатқан екі жұп команда бір бірімен кездеседі.

Жұптасып ойнайтындар жарысының екінші бөлімінде тағы бір қазақстандық теннисші бар екенін айта кетейік. Анна Данилина украиналық Валерия Страховамен жұп құрап ойнап жатыр. Алғашқы айналымда олар Нигина Абдураимова (Өзбекстан)/Екатерина Рейнгольд (Ресей) жұбын екі сетті тас-талқан жеңді. Ендігі қарсылас жапониялық қыздар Фуно Козаки мен Мисаки Мацудо. Құламбаева мен Данилина бір біріне тек финалда ғана қарсылас атануы ықтимал. Данилина жекелей сында алғашқы айналымда жеңіліп қалды. Енді бар күшін жұптасу бәсекесіне салары анық.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу