Жігіттердің жетеуі, арулардың төртеуі топжарғандар тобында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3563

Бокстан Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатында жартылай финалға шыққандар толық анықталды.  

Жігіттердің жетеуі, арулардың төртеуі топжарғандар тобында

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына толық құрамда қатысқан. Яғни ерлер арасында да, әйелдер арасында да 10 боксшымызға (барлығы – 20) сенім артқанбыз. Кеше ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды. Үкілеп қосқан қыз-жігіттеріміздің тең жартысынан көбі жүлдеге ілігіп отыр. Жаман емес, әрине.

Жігіттеріміздің үшеуі ғана жартылай финалға шыға алмады. Бұйыртса, жетеуі елге жүлдемен оралады. Ал оларға қандай медаль бұйырары алдағы жекпе-жектерінен соң белгілі болады. Саф алтынды сыңғырлатып әкелетін саңлақтарымыз аз емес. Тек бақ шаба ма, бап шаба ма, оны ринг көресетеді.  

Ең әуелі 52 келі салмақ дәрежесіндегі Әнуар Мұзапаров ұтылып қалды. Ол 1/8-финалында қырғыз Азат Үсенәлиевпен жұдырықтасқан болатын. Өкінішке қарай, екінші раундта қабағы жарылып, жарақаттанып қалды. Әрі төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді.

Бұдан кейін 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев жеңіліске ұшырады. 56 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған тәжірибелі боксшымыз ширек финалда Үндістан үміті Кавиндеру Сингх Биштуге есе жіберіп алды. Төрешілер шешімі осылай. Есеп – 2:3 (28:29, 28:29, 29:28, 27:30, 29:28).

Содан соң өзіміз "қазақтың салмағы" деп жүрген 69 келіде жеңілістің кермек дәмін таттық. Бұл салмақта ел ішіндегі бәсекелестік – жоғары. Бапкерлер алқасы Бангкокта Асланбек Шымбергеновке сенім артқан. Ширек финалда оның жолы өзбек Бобо-Усмон Ботуровпен түйісіп, екеуі жан алып, жан берісті. Үшінші раундтың басында екеуінің де қабақтары жарылып, дәрігер Асланбектің жекпе-жекті жалғастыруына рұқсат бермей қойды. Төрешілер  олардың осы сәтке дейінге ұпайларын есептеп, жеңісті өзбек боксшысына берді. Қапталдағы қазылардың шешімі бойынша есеп – 1:3 (27:29, 27:29, 29:27, 27:29, 28:28).

Есесіне, 75 келі салмақта ел намысын қорғаған Тұрсынбай Құлахмет жарады. Ол өзбек боксының бетке ұстар өрендерінің бірі Исроил Мадримовты ұтып (4:1), жартылай финалға шықты. Қарсыласы Азия және Азиада (құрлық ойындары) чемпионы болатын. Тіпті кәсіпқой бокста да өз әлеуетін паш етіп, екі жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен. Соққысы пәрменді Тұрсынбай оның бетіне таңба салып, төрешілер алдында қарсыласынан басым екенін  дәлелдеді.

Оған дейін 81 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап жатқан Бек Нұрмағанбет те өзбек боксшысын жолынан тайдырған болатын. Ол ширек финалда Дилшодбек Рузматовпен жұдырық түйістіріп, төрешілердің екі айырылған шешімімен жеңіске жетті. Қысқасы, қазақ-өзбек арасындағы қызу бәсекеде әзірше 2:1 есебімен алдамыз. Жартылай финалға олардың алты жігіті шықты.

Өкінішке қарай, қыздарымыздың алтауы жүлдесіз қалды. Атап айтқанда, Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Сәния Сұлтанқызы (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Акерке Бақытжан (75 келі) сынды аруларымыз жартылай финалға шыға алмады. Әлем чемпионаттарында екі мәрте топ жарған Назымның Үндістан қызы Зарин Нихаттан ұтылуы (2:3) өкінішті, әрине.  

Сонымен 11 боксшымыз Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Яғни, осынша медаль қоржында деп есептей беріңіздер. Тек алтынымыз көп болса екен дейміз. Бұл ретте, шаршы алаңдағы қайсар қыздарымыздың бақтары жанса дейміз. Әйелдер арасындағы Азия боксының деңгейі жоғары екенін бәріміз де білеміз.

Ал жігіттер ше? Санатәлі, Тұрсынбай, Бек сынды жанкешті жігіттеріміз намысты қолдан бермес деп үміттенеміз. Левит өзіне "Сарықұрлықта" қарсылас жоқ екенін дәлелдеп шықса, тамаша болар еді. Құрама капитаны Қамшыбек те өзіне артылған жауапкершілік жүгін көтеруі тиіс. Ал тәжірибелері толысқан Теміртас пен Закир үшін нағыз сын сағаты туғандай.

Боксшы қыз-жігіттеріміздің жартылай финалдағы қарсыластары:

Ерлер:

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Дипак (Үндістан)

60 келі: Закир Сафиуллин – Шива Тхапа (Үндістан)

64 келі: Санатәлі Төлтаев – Баходир Усмонов (Тәжікстан)

75 келі: Тұрсынбай Құлахмет – Нурсахат Паззыев (Түрікменстан)

81 келі: Бек Нұрмағанбет – Эркин Адылбекуулу (Қырғызстан)

91 келі: Василий Левит – Ким Хьен Кю (Оңтүстік Корея)

+ 91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Сатиш Кумар (Үндістан).

Әйелдер:

64 келі: Милана Сафронова – Дан Ду (Қытай)

69 келі: Дариға Шәкімова – Ниен Чин Чен (Қытай)

81 келі: Фариза Шолтай – Пуджа Рани (Үндістан)

+ 81 келі: Ләззат Күнгейбаева – Сяоли Янг (Қытай)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу