Жігіттің 7 қазынасының бірі Украинаның жеңісіне қалай үлес қосуда

6303

Бұл елдің кинологиялық қызметі керемет жетістік көрсетті. Әлеуметтік желіде жұрт украиналық иттердің ғажайып экипировкасына, электронды, инновациялық көзілдіріктеріне тамсанды.

Жігіттің 7 қазынасының бірі Украинаның жеңісіне қалай үлес қосуда

Халқымыз итті "жігіттің жеті қазынасына" жатқызады. Баяғыда ер жігіттер бір емес, бірнеше құмай тазы ұстаған. Бүгінде иттер есірткі іздейді, шекара күзетеді, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Ал соғыс кезінде аумақты – қала мен даланы миналардан арылтуға үлес қосады.

Қазақстанда 90-шы жылдардан бері кинологиялық қызмет әбден тоқырады. Олар негізінен Қаржы министрлігіне қарасты кеден қызметінде және ҰҚК Шекара қызметінде ғана қалды. Шамалы саны Президенттің күзет қызметінде, ҰҚК-да бар. Бірақ нақты статистикасы жоқ, санақ жүргізілмейді, кейбір ақпараты – құпия.

Сонымен қатар кейінгі жылдары Қорғаныс министрлігі қызметтік иттерді баулуға мән бере бастапты. Бірақ Қарулы күштерімізде бұл жануарлар әскери полиция органдарында ғана бар. Армиялық кинология қызметі полиция деңгейінде ұйымдастырылған. "ҚК әскери полиция органдарының кинология қызметін ұйымдастыру қағидалары" 2000 жылдың соңында әзірленді. Онда қызметтік иттерді даярлау тәртібі, жаттығулар жүргізу, олардың деңгейін тексеру нормативтері жазылған.

"Қазақстанның әскери полициясының кинологиялық қызметінің пайда болуы маңызды бетбұрысқа айналды. Осы қызметті жоғары деңгейге шығару үшін зор жұмыс атқарылды. Қазір кинологтар мен қызметтік иттердің кәсібилігі тек Қазақстанда танылып қана қоймай, халықаралық деңгейде бағаланды. Оған әскери халықаралық ойындардағы кинологиялық бөлімшелер арасындағы "Адал дос" сайысында ие болған жүлделі орындары дәлел", – деп мәлім етті Қорғаныс министрлігі.

Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігінің де төл кинологиялық қызметі бар. Алайда сарапшылар ол қызметтің деградацияға ұшырағанын, жете қаржыландырылмайтынын айтады. Таяуда, 23 мамырда Антикор ІІМ-нің Кинологиялық орталығының бастығы сотталғанын хабарлады.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ІІМ Кинологиялық орталығының бастығы Әнел Болғымбаеваға қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ә.Болғымбаева 2021-2022 жылдары өз қарамағындағылардан жалпы сомасы 1 675 000 теңге сомасында ақшалай алым жинады деген күдікке ілінген. Бұл қаржы қызметкерлерге сыйақы ретінде берілген. 19 мамырда Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының үкімімен меморгандарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, Ә.Болғымбаеваның 2 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды", – деп хабарлады антикоррупциялық орган.

Жалпы иттер соғыс уақытында аса құнды "құралға" айналатынын Украинадағы қарулы жанжал паш етті. Олар сондай-ақ елдің рухын көтеруге де қабілетті. Мысалы, Патрон атты бәкене бойлы ит Канн халықаралық кинофестивалінің жұлдызына айналды. Өткен жұмада, 27 мамырда оған фестивальде "PalmDog Manitarian" атты сыйлық берілді, бұл – төртаяқтыларды марапаттауға арналған әлемдегі ең беделді сыйлық саналады. Патрон бүкіл Украинаға танымал әрі құрметке ие. Биылғы 8 мамырда Президент Владимир Зеленский оны "За самоотверженную службу" медалімен наградтады.

"Мен сапер ит Патронды бекер марапаттаған жоқпын! Ол жеріміздегі жарылғыш заттарды залалсыздандыруға үлес қосып қана қоймай, сонымен бірге біздің балаларымызды мина қатер төндіретін аумақтарда қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретеді", – деді Украина лидері.

Кішкентай болса да, аса қайсар бұл ит қан-қасап шайқастар жүріп жатқан майдан даласында жарылыс дыбысынан тайсалмай, ештеңеден қорықпай, алға жылжып, басқыншылар орнатқан жарылғыш заттарды іздеумен айналысқан. Батылдығына тәнті болған документалистер ол туралы бірнеше фильм түсіреді. Соның бірі Канн фестивалінде көрсетілген. Иттің иесі, Чернигов облысының Пиротехникалық жұмыстар және су астын минасыздандыру тобының бастығы Михаил Ильев, Патрон екеуі бейнеүндеу жазып, сыйлық үшін алғыс айтты.

"Біз Патрон екеуіміз Канны қаласына бірге барып, салтанатты жағдайда жүлдені қуана-қуана алар едік. Алайда елімізде соғыс жүруде, оның осы жерде жұмысымыз көп. Украинаға көмектескені үшін әлемге алғыс білдіреміз. Қипақтағандарға айтарымыз, бізге қарумен көмектесіңіздер, сонда жерімізді басқыншыдан өзіміз арылтамыз, сонда біздің аумақты жау миналамайды", – деді Михаил Ильев.

Патрон – Төтенше жағдайлар мемлекеттік қызметінің кинологиялық қызметінің жетістігі саналады.

Жалпы қазіргі кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жақсы атағы шыққан, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген украиналық қызметтік иттер көп. Әскерилер оларды "тұмар-талисман" санайды. Шынында, олар қаншама жауынгерді минаға түсіп, жарылудан аман алып қалды. Салыстыру үшін айтсақ, Ресей әскері Украина жеріне кинологиялық қызметсіз келген. Салдарынан дрондар олардың минаға жарылып жатқан қорқынышты көрінісін бейнежазбаға түсірді.

Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі Веста атты барлаушы иттің ерлікке толы істерін дәріптеді.

"Украинадағы соғыста барлаушылар сапындағы өз ісінің майталмандары арасында тек адамдар ғана емес, жануарлар да бар. Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының Веста есімді барлаушы иті бар. Ол әскерилерге дұшпандар қашқанда артында тастап кететін жауыз "тартуларын" тез табуға жәрдемдеседі. Ол миналық-жарылғыш заттарды іздеуге маманданған. Веста – өте ақылды ит. Ол көптеген Отан қорғаушыларымыздың өмірін сақтап қалды", – деп баяндады барлау басқармасы.

Веста кейде барлаушылармен басқыншылар жайлаған елді мекендерге еніп кетіп, қару-жарақтар жасырылған жерді табуға септескен.

Ақпарат құралдары Киевті күні-түні диверсанттардан қорғауға, олардың көліктеріне жасырған қаруларын табуға көмектескен ротвейлер Габриэлла туралы да жазды. Бұл елдің астанасы соғыстың алғашқы күндері жүздеген блокпостқа бөлініпті, соның бәрі дерлік қызметтік иттермен қамтамасыз етілді.

Мұнда үйренуге тұратын үлгілер бардай. Мысалы, "қаңтар оқиғалары" кезінде Алматыда біздің күштік құрылымдардың қызметкерлері күдікті адамдарды және көліктерді бастарын бәйгеге тіге жүріп, өздері тексерді. Ал Киевте ондай объектілерге бірінші иттер жіберілетін болған, олар бөгде адамның бойында жасырылған қару-жарақ пен жарылғыш заттардың бар-жоқтығын тексеріп, тып-тыныш қана тиісті белгі береді.

ВВС телеарнасы соғыс жағдайында Украина жағында өте көп ит қызмет ететінін тамсана көрсетті. Мемлекеттік және жекеменшік кинологиялық қызметтер бұл тұрғыда 2014 жылдан бері жақсы дайындалғанға ұқсайды. Мысалға, журналистер Төтенше жағдайлар мемқызметіндегі Найда сияқты сүңгуір иттердің еңбегіне сүйсінді. "Укрзализныци" ұлттық теміржол компаниясында Николь атты жетекші ит эвакуациялануға асыққан адамдарға жөн көрсетіп, жол бастап жүреді.

Соғыстың бастапқы кезеңіндегі олқылықтарды ескерген Ресей әскерилері де өз тарапынан кинологиялық қызметтерді тарта бастады. Мәселен, олар кері шегінгенде тастап кеткен Макс атты бельгиялық овчарканы жергілікті тұрғындар өткен айда Украина Қарулы күштеріне табыстаған. Мұндай қызметтік иттердің құны 1 миллион рубльден басталады екен. Украина Ұлттық гвардиясы ақылды ит Максты украиналық тілдегі бұйрықтарға қайта үйретіп, өз қатарына алды. Енді елді агрессорлардан – бұрынғы қожайындарынан тазалауға үлес қосуда.

Украина Ұлттық гвардиясы овчарка тұқымынан шыққан Воин және Торин есімді "қаһармандарын" насихаттап жүр. Жеті жасқа жетіп қалған овчаркалардың әскери тәжірибесі мол көрінеді. Торин 2017 жылғы антитеррористік операцияның "ардагері", жарылыстың құлақ жаратын дыбыстарынан сескенбейді. Екеуі де оқ-дәрілерді іздеп табудың қас шеберлері. Олар да блокпосттарда көліктерді тексерумен, аумақтарды минаға қатысты зерттеумен, қараусыз жатқан қауіпті заттарды табумен айналысады, сондай-ақ тінтулерге қатысады.

Жалпы украиналық кинологтар әлеуметтік желіде өз ісінің кейбір қыр-сырымен бөлісіп жүр. Барлық қызметтік итке сүйікті ойыншығын таңдатқызады. Қолы боста, демалыста олар сонымен ойнағаны жөн. Әйтпесе, стресті жұмыстан тез қажып, құсадан өлуі мүмкін немесе жүйкесі бұзылып, ашуына жиі ерік беретін қабаған итке айналады. Америкада ондай иттерді қызметін аяқтаған соң өлтіріп тастайды.

Қалай болғанда, иттерді бейбіт емес, соғыс жағдайында қызмет етуге үйрету – үлкен өнер, ол асқан шеберлік пен біліктілікті талап етеді. Себебі бейбіт заманда қызмет етуге үйретілген иттер көбіне үріп белгі береді. Майданның алғы шебінде жүрген Красавчик атты лабрадордың иесі, Бескид есімді жауынгер майдан иті жуас, сабырлы, байсалды болуға тиіс дейді. Олай болмаса, торуылда не жасырынып отырғанда іші пысып, асыр салып ойнап кетуі немесе үріп, ұлып, әлек-шәлегі шығуы мүмкін. Онда жау біліп қойып, жусатып салары сөзсіз.

Жауынгер өз лабрадорының бірде өмірін құтқарып қалғанын әңгімеледі. Бескид айналаны шолу үшін окоптан белуардан сыртқа шығып, қарап тұрғанда, иті келіп, қауіпсіз орынға сүйрелепті. Ізінше ол тұрған жер атқыланған. Ит жарықтық қауіп-қатерді күні бұрын сезеді дейтін сөз рас болса керек. Отан қорғаушы кейде өлтіріп алудан қорқып, Красавчикті алмай кетеді екен. Ондайда лабрадор әдейі шаң мен батпаққа аунап, солдаттың ұйқы-қабына кіріп алады. "Өкпелегенін білдірген түрі". Жаһан жұртының жүрегін елжірететін, Украина үшін жақсы пиар жасайтын, әскердің жағымды образын қалыптастыратын осындай әңгімелер әлеуметтік желіде, Tik-Tokта көп.

Армиядағы иттер Отаны үшін қанын төккен, басын қатерге тіккен жауынгерлердің рухын көтеруге де қызмет етеді. "Адамның адал досы" қастарында жүргенін көріп, сарбаздардың көңілі жайланады, оларды сипалап, сағынған отбасы, ошақ қасы жақын жерде екенін сезінеді.

Айтқандай, Украина өзінің соғыс иттерін америкалық өнертапқыштар әзірлеп, Morin компаниясы жасап шыққан K9 Vision қорғаныш шлемдерімен жабдықтауда. Иттерге арналған мұндай әрбір "дулыға" 11 мың доллар тұрады. Алғаш рет 14 мамырда YouTube-те жарияланған бейнероликтерге алғашында Украина қоғамының өзі де сенбеді. Себебі мұндай 1 шлем Ресей әскерінің бірнеше солдатының бүкіл экипировкасының құнына тең. Дегенмен ол шын болып шықты, иттерге арналған жабдықтардың шетелден келгенін және оның егжей-тегжейін шетелдік журналистерге Қорғанысқа жәрдемдесу қоғамының Ит өсіру орталық клубының директоры Ирина Федосенко айтып берді.

Шлемге камералар және динамик орнатылған, осының арқасында ғимараттың тасасына кіріп жоқ болған немесе тым алысқа ұзап кеткен иттің көргенін оның көзілдірігі арқылы оператор да тамашалай алады. Бейнекамералар инфрақызыл және түнгі диапазонда жұмыс істейді. Бұған қоса "дулығаға" динамик орнатылған, ит рациямен берілген бұйрықты естиді. Кейбір шлемдер итті оқтан да қорғай алады екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу