"Жилина" жастары "Тобылға" төтеп бере ала ма?

1667

​Қостанайлық "Тобыл" өткен аптада сенсация тіркеп үшінші айналымға өтті. Бұл жолғы қарсылас қандай болмақ?

"Жилина" жастары "Тобылға" төтеп бере ала ма?

Жеребе тарту рәсімінде "Тобылға" "Жилина" немесе "Апполон" командаларының бірі қарсылас атанатыны 2 апта бұрын белгілі болды. Алғашқы ойын Кипр елінде өтіп, онда "Жилина" 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ал өз алаңындағы матчта қарсыластар бір бірінің қақпасына 2 голдан салды. Словакияның командасы 2 доп басымдылығымен үшінші іріктеу кезеңіне өтіп, "Тобылға" қарсылас атанды. Енді бұл команданың әлеуеті қандай екенін байқап көрейік.

"Жилина" Словакия чемпионатында 7 мәрте чемпион атанып, бірде бір мәрте ел кубогын жеңбеген. 2010/11 жылғы Чемпиондар лигасының іріктеуінде бағы жанып, топтық кезеңге жолдама алды. Басты турнирдің бұл кезеңінде олар "Челси", "Марсель", "Спартак" Мәскеу командаларымен кездесіп, бірде-бір жеңіске қол жеткізе алмады. Ал өткен маусымда бұл команда пандемия салдарынан жабылып қалып, футболшыларға жалақы төлей алмай қиындықтарға тап болды. Бірақ, клуб жан-жақтан қаржы тауып, өмір сүруін қайта жалғады. Сүйтіп жүріп "Жилина" біріншілікті 4 орында аяқтап Конференция лигасына қатысу мүмкіндігін алып кетті. Айтпақшы сол өткен жылы бұл команда Еуропа лигасының алғашқы айналымында Уэльс елінің тегеурінді клубы ТНСпен кездесті. Теке тірестің анық фавориті саналғанымен, негізгі уақыт тең болып, экстра-таймда ТНС футболшылар 2 гол салып, "Жилинаны" жарыстан шығарып тастады.

Биылғы еурокубок бәсекесінде "Жилина" алғашқы іріктеу кезеңінде Грузия елінің "Дила" деген командасымен ойнады. Өз алаңында 5:1 жеңген соң, қарымта матчта сәл босаңсып, 2:1 жеңіліп қалды. Одан кейін жоғарыда айтқан "Аппалонмен" күш сынасты. Кипрлік клуб сапында Рангело Янга ойнағанын қоса кеткіміз келіп отыр. "Астананың" бұрынғы шабуылшысы әдеттегідей гол сала алған жоқ. Енді міне, "Жилина" "Тобылға" қарсылас атанып отыр. Ойын мәнері мен клубтардың шама шарқына қарап айтар болсақ, қазақстандық команда келесі кезеңге өте алатын деңгейі бар. "Жилинаның" "Хайдуктен" асып тұрған ештеңесі де жоқ.

Соңғы ойындарына шолу жасасақ, бұл команда әр ойын сайын жаңа футболшылар тіркеп жатыр. Негізінен команда сапында кілең словакиялық аяқдопшылар өнер көрсетеді. Сосын, 4 легионер бар. Оның бірі нигериялық шабуылшы Таофик Джибриль. Ол осы жақында ғана "Аппалон" қақпасына гол салды. Гана елінен келген Бенсон Ананг есімді қорғаушы де команда ойынының ажырамас бір бөлігі. Солтүстік Македониялық футболшы Енис Фазлагич өткен маусымда 24 ойынға қатысып, 1 гол салған. Демек, негізгі ойыншылардың бірі деген сөз. Олардан бөлек, поляк Якуб Кивиор деген жас қорғаушы да соңғы кездері негізгі құрамнан орын алып жүр. Ал "Жилинаның" жастар командасынан келген армениялық Вахан Бичакчиан әзірге тәжірибиесі толыспаған ойыншы. Жалпы алғанда "Жилина" сапындағы футболшылар 2000 жылдан кейін туған ойыншылар. Оларда еурокубоктық тәжірибие көп емес. Жастар командасынан, академиядан алынған аяқдопшыларға сенім артып, оларды шет елдік клубтарға сатып қаржы табу "Жилинаның" басты пәлсапасы.

Сонымен алғашқы ойын 5 тамыз күні Қостанай қаласында өтсе, қарымта кездесу 12 тамыз күні Словакиядағы "Под Дубнем" стадионында өтпек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу