Биыл Павлодар облысында су тиісті деңгейден анағұрлым аз босатылып, салдарынан шабындықтарда шөп бітік шыға қойған жоқ. Сондықтан мал азығының қоры былтырғыдай болмайтын түрі бар. Ол аздай алдағы күндері қоймадан тағы су жіберілмек. Мұны естіген шаруалар ала жаздай жинаған азды-көпті шөп шіріп кете ме де қауіптеніп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биыл Шүлбі су қоймасынан су жіберу мәселесі көктемнен бері көпшілікті алаңдатты. Сол уақытта салааралық су босату комиссиясы 16 сәуірден бастап жалпы көлемі 4,59 текше шақырым болатын, ұзақтығы 22 күнге созылатын су босату туралы шешім қабылдаған-ды. Кейін Үлбі және Оба өзендеріндегі бүйірлік ағынында ауытқушылық тіркелді. Атап айтқанда, секундына 3 мың текше метр босатылудың орнына тек 2,5 мың текше метр су жіберілді. Сол тұста Мәжіліс депутаттары бірден дабыл қағып, мәселеге назар аудартты.
"Су босатудың жоспарланған көлемі жайылмалардың тек 65-70%-ын басатынын көп жылғы талдау көрсетіп отыр. Жоспарланған су босату нормаларының ауытқуы Ертіс өзені жайылмасының суға толыуын едәуір төмендететіні анық. Ол өзен бойындағы жерлердің экожүйесіне теріс әсер етіп, шабындықтардағы өнімділіктің азаюына әкеп соғады", - деген еді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.
Айтқандай-ақ, су босатудың ойдағыдай болмауы салдарынан су жайылмалардың жартысына да жайылған жоқ. Кей аудандарға тіпті жеткен жоқ. Мысалы, Май ауданындағы шабындық жерлер биыл суға қанықпай қалды. Қуаңшылық жағдайды одан әрі күрделендірді. Сөйтіп, осы аудандағы шаруашылықтар мен жеке аулаларға қажет барлығы 104,5 мың тонна шөпті жинауға мүлде қауқар болған жоқ. Соған қарамастан, тұрғындар сәл көрінген көктің өзін кәдеге жарату үшін тырысып бақты. Күз жақындағанда аз да болсын шөпті шауып алды. Бірақ бұл еңбектері еш кетуі әбден мүмкін. Себебі Үлбі және Оба өзендерінің бүйірлік ағынының ұлғаюына байланысты су жіберу көлемі артты. Демек, жиналған шөптер судың астында қалуы ықтимал.
"1 қазаннан бастап Шүлбі су қоймасынан су ағызу деңгейі секундына 1000-1100 текше метрге дейін ұлғайтылады. Жазғы деңгей секундына 650 текше метр болған еді. Мұндай көлемдегі төгінділер 13 қазанға дейін жалғасады. Нәтижесінде Май, Павлодар аудандарына су келді. Шөпті су басу фактілері бар. Су 23-24 қазанға дейін тұрады. Сондықтан шаруа қожалықтары жиналған шөпті уақытылы тасып алғаны дұрыс", - деп ескертті Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы.
Бірақ көктемде болмаған судың енді күзде керегі жоқ. Шабындықтарды су басса, кей шаруашылықтардың мал азығынсыз қалатын түрі бар.
"Жылда орта есеппен алғанда 20 мая шөп үйіп алатынмын. Биыл 10 маядан әрең асты. Оның тең жартысын тасып үлгерген жоқпын. Трактор сынып қалғандықтан, оған мүмкіндік болмай тұр. Су бұл аумаққа жетсе, шөп қарайып кетуі мүмкін. Амал жоқ, азықты тасып алудың басқа әрекетін қарау керек", - дейді тұрғын Айбек Баймұратов.
Бұл ретте жергілікті билік қыстан қысылмай шығуға барынша қамданып жатқанын айтады. Солтүстік Қазақстан облысынан мал азығын алуға қатысты да келісім бар. Жыл сайын өңірде 1 млн тоннадан астам бір жарым жылдық қор жиналса, биылғы қор әзірше оған жете қойған жоқ. Егер жиналған азықтың өзі су астында қалар болса, жетуі де неғайбыл. Осы орайда "Пайдаң тимесе де зияның тимесін" деген сөз ойға оралады.