ЖІӨ 4,1%-ға өсті

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2228

Қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның ЖІӨ-сі 4,1% болды.

ЖІӨ 4,1%-ға өсті

2017 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-сі 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға артты. Еске сала кетсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша үкімет ЖІӨ-ні 2,5%-ға дейін өсіруді жоспарлаған.

"Биылғы жылдың бес айының статистикалық мәліметі шықты. ЖІӨ бойынша көрсеткішіміз жақсы. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында өсім 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ды құрады", – деп ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сейсенбі күні үкімет отырысында мәлімдеді.

"Қысқамерзімді экономикалық индикатор 5,8%-ды құрады. Өнеркәсіп саласында ілгерілеу байқалады – 7,8%. Құрылыста 5,1% сақталады, алайда өткен төрт аймен салыстырғанда сәл төмендеген. Инфляция төрт айда 7,5%-ды құраса, осы айда да сол деңгей сақталған", – деп тоқталып өтті ол.

Өнеркәсіптік өндірістің нақты көлем индексіне келер болсақ, ол елдің көптеген аймағында көтеріліп келеді.

"Өңірлерді бөлек алып қарасақ, үш өңірден басқасының барлығы да ілгерілеп келе жатыр. Тек Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана өнеркәсіптік өндіріс 100%-дан төмен болып отыр, яғни былтырғы жылдың көрсеткішіне жетпейді. Осыған орай әлі де жетілдіретін тұстарымыз бар", – деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.

Қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің өсімі 3,7%-ды құраған, негізгі капиталға салынған инвестиция 5,5%-ға артты. Жылдық инфляция 1 сәуірде 7,5%-ға дейін бәсеңдеді.

Дегенмен мұндай жақсы нәтижелердің өзі көңілді жайландыруға себеп емес деп есептейді ұлттық экономика министрі. 16 мамыр күні үкімет отырысында сөйлеген сөзінде ол "әлемінің тауар және қаржы нарықтарында сақталып тұрған екіұштылық қалған кезеңге деген үмітімізді ауыздықтауға мәжбүр ететінін" айтты.

"Алғашқы төрт айда жеткен жетістіктердің арқасында болашақта мемлекеттік аппарат жұмысын жандандармай осындай көрсеткіштерді сақтап қаламыз деген ой тумауы керек. Біз 2016 жылдың алғашқы бес айында ЖІӨ-нің 0,2%-ға төмендегенін көрдік, бізде осы күнге дейін төменгі базалық әсер сақталып тұр. Яғни бірінші жартыжылдықта бұл әсерден толығымен құтыламыз және жыл соңына жоспарлаған 2,5%-дық өсімге қол жеткізу үшін жаңа көздерді іздеу қажет", – деп мәлім етті ол.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев​ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу