ЖІӨ төрт пайызға өсті

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3678

Үкімет қаңтар-қазан айындағы экономиканың дамуы туралы есеп берді. 

ЖІӨ төрт пайызға өсті

Президент Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшысы осы жылы үкіметтің атқарған жұмыстарының нәтижесін атап көрсетіп, экономиканың түрлі секторындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі сапалы іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

"Жыл аяқталып келеді. Осы уақыт ішінде көп жұмыс атқарылды. Біз ЭКСПО көрмесін, Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткіздік. Басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Жалпы, экономикамыз тұрақты дамып келеді", – деді елбасы.

Бақытжан Сағынтаев президентке биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары жөнінде баяндап, бірнеше көрсеткіштер мен индикаторлар бойынша оң өзгеріс бар екенін атап өтті.

"Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 4%-ға өсті. Барлық 6 сала бойынша қысқамерзімді экономикалық индикаторлардың оң өсімі байқалуда. Сондай-ақ жыл соңына дейін еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз", – деді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевты жалпы капиталға салынған инвестиция көлемі 6,5%-ға өскені жөнінде хабардар етті. Премьер-министр бұл индикатор бойынша негізгі өсім ел экономикасына тартылған жеке инвестициялар көлемінің артуы есебінен болып отырғанын айтты. Кездесу соңында мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұған дейін елдің ЖІӨ-сі тоғыз айда 4,3%-ға өсті, ал жыл қорытындысы бойынша 3,4%-ға өседі деп болжанып отыр деп хабарланған болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу