ЖК ашудан жабу қиын

5498

Пандемия кезеңінде жеке кәсіпкерлікке қатысты көрсеткіштерді көркейтуге техникалық ақаулар мен бюрократия үлес қосқандай.

ЖК ашудан жабу қиын

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі кезде елімізде 855 613 жеке кәсіпкер бар. Бұл былтырғыдан (857 910) төмен. Яғни, 2019 жылғы деңгейден (855 920) де түсіп кетті.

Алайда көрсеткіш әлдеқайда көп құлдырауы мүмкін еді. Себебі "Атамекен" ұлттық палатасының Grant Thornton тәуелсіз аудиторлар мен консультанттар ұйымымен бірігіп жүргізген зерттеуі нәтижесінде 2020 жылы 31 315 кәсіпкерлік нысаны жабылып қалғаны белгілі болды. Салдарынан бюджет 51 миллиард теңге салықтан айырылған.

Неге бизнес нысандарының саны күрт азаймады?

Мұның бір себебі енді анықталуда. Алматылық кәсіпкер Гүлнар Люсан екі айдан бері "Аманжан жеке кәсіпкерлігін" жаба алмай жүргенін жеткізді.

"Салық органына қаншама рет қоңырау шалдық. Жеке жүгініп, өтініш те қалдырдық. Бірақ мемкірістер басқармасының мамандары себебін нақты түсіндіре алмады. Олар бізді тұрғылықты жеріміз бойынша салық органына жолдайды. Ол жақтағылар бизнес нысаны тіркелген Алатау ауданына кері бағыттайды. Әр кезде әрқилы себепті айтады. Жүздескенде мемкірістер мамандары бір сылтау айтса, 1414 байланыс орталығындағылар басқа сылтауды алға тартады. Бұл сергелдең бірнеше айға созылуда. Әлдебір қарыз пайда болды, оны да, өсімпұлын да төледік. Нәтиже шығар емес", – дейді ол. 

Маңғыстаулық бизнесмен Клейн Роберт Ақтауда Bosch сервис орталығы қызметін атқарған "Клейн жеке кәсіпкерлігін" жабуда қиындыққа кезігіпті.

"Оған техникалық қателік кедергі болды. Құзырлы органның ІТ-мамандары оны түзеуге қабілетсіз болып шықты. Ал мен жеке кәсіпкерлігімді жабуым керек, себебі мүгедек болып, жұмыс істей алмай қалдым. Оны жою туралы өтініш пен декларация тапсырсам, оны қанағаттандырудан бас тартты. Оған "ҚҚС-қа қойылғаны негіз болды" деген түсініктеме келді. Бірақ мен 2017 жылдан бері қосылған құн салығын төлеуші болып саналмаймын. Қолымда тиісті құжаттар, ликвидациялық декларация бар. 1414 операторлары техникалық ақау болғанын айтады. Салдарынан бір жүйеде ҚҚС-ты жапқаным, екіншісінде жаппағаным көрсетіліпті. ІТ-мамандар түзетеді деген. Тіркеу мәліметтерінде мәртебем сол бойы өзгертілмеді", – дейді К.Роберт.

Мұндай оқиғалар жетерлік.

Шенділер неге өз жүгін кәсіпкерге артады?

Шағын және орта бизнестің қызметін бухгалтерлік, салықтық және басқарушылық есеп мәселелері бойынша сүйемелдеумен айналысатын аутсорсинг компаниясының басшысы Бауыржан Қасымов өзі және командасы Мемлекеттік кірістер комитетінің сервистерінде көптеген кемшілікті әшкерелегенін айтады.

"Мұны саланы меңдеген "дерті" деуге болады. Бұл кемшіліктер кәсіпкерлердің көп уақытын алады, жүйкесін құртады. Шынында оларды қолданыстағы жүйе базасында оп-оңай автоматтандыруға болады. Мысалы, жеке кәсіпкерлікті (ЖК) электронды өтініш негізінде жабуды табысты іске асыруға болады. Алайда мұндай өтінішке мемкірістер басқармасы қайтаратын жауаптан ЖК-ның жабылғанын әлде жабылмағанын түсіну қиын. Бәлкім, осы арқылы олар жауапкершіліктен жалтаратын шығар. Ең болмаса, өтінішіңіз өңделді, жеке кәсіпкерлігіңіз жабылды не жабылмады деп анық жазса, болмай ма?!" – дейді ол.   

Б. Қасымов бизнесін доғарғысы келетін қазақстандықтарға мемкірістер органынан келетін шаблонды жауаптан үзінді келтірді, онда былай деп жазылыпты: "Жеке кәсіпкердің қызметін тоқтатқаны туралы ақпаратты kgd@gov.kz сайтындағы "Электронды сервистер/Бизнеске көмек/Салық төлеушілерді іздеу" бөлімінде, "Жеке кәсіпкерлер" іздеу функционалында қарауға болады.  Бұл ретте веб-порталда ЖК ретінде есептен алып тастау туралы жазба болмаған жағдайда ЖК орналасқан орны бойынша МКБ-ге жүгіну қажет".

Ол салықшылардың өздері атқаруға тиісті жүкті неге кәсіпкерге артатынын түсінбейді.

"Мемкірістер комитеті осы мәселені өз бетінше шешіп, оның орындалуын өзі қадағалауы керек қой. Бұл қайшылық кесірінен кәсіпкер ЖК-імді жаптым деп ойлап, қамсыз жүреді. Ал біраз уақыттан соң есеп тапсырмағаны үшін құзырлы органдар оның барлық банктік шоттарын бұғаттайды. Содан азамат шағымданса, салықшылар хат жібергенбіз, ЖК-нің жабылған-жабылмағанын оның өзі қадағалауға тиіс еді деп өзіне шаң жуытпайды. Кәсіпкерді айыпты етеді", – дейді Бауыржан Қасымов.

Билік не дейді?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитеті "Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі" (СӘИЖ, орысша – ИСНА) ақпараттық жүйесін енгізіп жатыр. Мұндағы мақсат – салықты есептеу жүйесін жетілдіру, салық төлеушілердің салық заңнамасын ерікті сақтау мәдениетін арттыру, сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту.

СӘИЖ – Мемкірістер комитетінің қазіргі қолданыстағы барлық жүйелерін біріктіретін болады. Нәтижесінде, салықтық әкімшілендіру ісі толығымен жаңа жүйеге көшпек. Бұл "жүйенің қуаттылығы мен жұмысқа қабілеттілігін артыруға мүмкіндік береді және азаматтар мен бизнеске арналған электронды қызметтерді автоматтандыруға ықпал етеді".

"Жеке кәсіпкерлікті жабуға келсек, СӘИЖ аясында салық төлеушіге жолданатын нақтырақ әрі кеңірек жауапты қалыптастыру қарастырылған. Ол жауапта ЖК-ны тіркеу есебінен алып тастаудың нақты датасы немесе теріс жауап болса, одан бас тартудың нақты себебі жазылады. Жаңа ақпараттық жүйе толыққанды іске қосылғанға дейін мемкірістер департаменттері оң немесе теріс шешімге негізделген бірыңғай шаблонды жауапты қолданады", – деді вице-министр.

Кәсіпкерлердің қуынуы нәтижесінде жүйе жетілуге ден қойғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу