Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы кім?

2036

Қазақстандық боксшы америкалық Джермалл Чарломен кездескісі келетінін мәлімдеді.

Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы кім?

27 тамыз күні орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) WBO (Дүниежүзілік бокс қауымдастығыи) нұсқасы бойынша ресми түрде әлем чемпионы деп танылды. Оған себеп Америкалық боксшы Деметриус Андраде (31-0, 19 КО) WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы титулынан бас тартып, супер орта салмаққа өтті.

Нәтижесінде, Әлімханұлы жекпе-жексіз белбеуді иеленді. Осылайша, WBO ұйымының қазақстандықты ресми түрде әлем чемпионы деп жариялаудан басқа амалы қалмады.

"Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы "уақытша" чемпионнан бірден толық чемпион мәртебесіне ауыстырылды", – делінген WBO хабарламасында.

Енді толыққанды әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) алдағы уақытқа арналған жоспарлары мен өршіл мақсаттары жайлы сөз қозғады. Сонымен Әлімханұлы америкалық Джермалл Чарломен жұдырықтасуға ниет білдірді және одан WBC белбеуін тартып алғысы келетінін мәлімдеді.

"Мен Чарломен жекпе-жек өткізіп, WBC титулын алғым келеді. Бұл оңай жұмыс болады. Егер мен жеңіл жұмыс туралы айтсам, солай болатынын бәрі біледі. Мен екі экс-әлем чемпионын нокаутқа жібердім (Роб Брэнт пен Хассан Нжикам) және осы күнге дейін жеңілмеген боксшыны (Дэнни Дигнам) жұдырықтың астына алдым. Мен әлем чемпионымын. Барлық чемпиондарды нокаутқа түсіремін! Келесі кім?", – деді Әлімханұлы Boxingscene.com. сайтына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетейік, Әлімханұлы мамыр айында ұлыбританиялық Дэнни Дигнумды (14-1-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO уақытша белбеуін жеңіп алған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу