Премьер-лига (ҚПЛ) командалары арасындағы футболдан Қазақстан чемпионатының 12-туры аясындағы ойында "Қайрат" "Оқжетпесті" жеңді. Алматыда өткен кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Екі голды да Жоао Пауло соқты. Бразилиялық ойыншы сегізінші минутта пенальти соғып, командасын алға шығарды. Ал 49-шы минутта есепті еселей түсті. Қонақтар 79-минутта 11 метрлік айып добының арқасында есеп айырмасын қысқартты. Гол авторы Руслан Болов. Осы ойында үш ұпайды еншілеген "Қайрат" турнир кестесінде бесінші орында қалды.
Матч аяқталған соң "Қайраттың" бас бапкері Кирилл Кекер "Оқжетпеске" (2:1) қарсы өткен ойынға қатысты пікір білдірді:
"Стадионға келген адамдарға көп рақмет айтқым келеді. Командамызды жеңісті күндерде ғана қолдамай, ойынымыз жүрмейтін кездерде де жанкүйер болып жүргендеріңіз маңызды. Бізге қолдауларыңыз қажет! Ойындарымызға көп адам келсе екен деймін. Өкінішке қарай, өз ойынымызды ойнамадық, салдарынан қорғанысқа жатып қалдық", - деді Кекер.
Сондай-ақ 12-турда "Ақтөбе" "Шахтерды" ұтты. Андрей Карповичтің шәкірттері Премьер-лиганың 12-ші турының матчын жөндеуден өткен өз стадионында -өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Алтыншы минутта-ақ Арман Кеңесов жанкүйерлерді қуантты. Ал 71-минуттта Лука Гадрани гол соқты. Үш ұпай жинаған "Ақтөбе" турнирлік кестеде "Қызыл-Жарды" ығыстырып, үшінші орынға көтерілді.
12-туры аясындағы ойында "Ордабасы" "Атырауды" жеңді. Командалардың кездесуі Шымкентте өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Бірінші таймның қорытындысы бойынша "Ордабасы" 2:0 есебімен алға шықты. Алдымен 25-минутта Бобур Абдухоликов өз командасын алға шығарды. Ал 30-минутта Сергей Малый есепті еселей түсті.
Бүгін, 4 маусымда ҚПЛ-2023 12-турының екі ойыны өтеді. "Жетісу" - "Каспий" және "Қайсар" - "Мақтаарал" командалары өзара мықтыны анықтайды. Талдықорғандағы "Жетісу" мен "Каспий" кездесуі сағат 18:00-де басталады. "Қайсар" мен "Мақтаарал" арасындағы матч Қызылордада 20:00-ге жоспарланған.