Жоғарғы сот жылды қорытындылады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5122

2016 жыл Қазақстанның сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңі атанды.

Жоғарғы сот жылды қорытындылады

Мұны Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми бүгін жоғарғы сот органы судьяларының кеңейтілген кеңесінде мәлім етті.

5 институционалды реформаның жемісі

"2016 жылы Қазақстан сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып, сот саласында бес институционалды реформаның бізге тиесілі тұсын жүзеге асыруды бастап кетті. Қазылардың VII съезін өткізіп, сот жүйесін дамытудың бағыттары анықталды", – дейді ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми.

Бас қазының айтуынша, қазір елімізде жазаның баламалы түрін қолдану тәжірибесі жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, бас бостандығынан айыратын кей жаза айыппұлға айналып, нәтижесінде ел бюджетіне 3,8 млрд теңге қаржы түскен.

"Сот бақылауын кеңейту және бәсекелестікті нығайту шаралары да өз нәтижесін беріп отыр. Мәселен былтыр тергеуші қазылардың қараған істері оның алдындағы жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артты", – дейді Қайрат Мәми.

Дегенмен, төраға қазылардың қарайтын істерімен қатар, медиаторларға жүгінуші дауласушылардың да бар екенін алға тартты. Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған сотқа дейінгі дауды шешу жағы да былтыр қарқын алған.

Жалпы елде сотқа жүгінуші халық көп болғанымен, қаралған істе сотталушының ақталып шығуы көбейген.

"2016 жылы сот органдарына 51 мыңнан астам қылмыстық іс түсті. Аяғына дейін жеткізілген қылмыстық істің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға көп. Айыпталушыны ақтау туралы сот үкімі де 2015 жылмен салыстырғанда 19,2 пайызға ұлғайған", – дейді Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин.

"Сот саласындағы реформалар елдегі сотталғандардың санын азайтуға өзіндік үлесін қосты. Алайда елде қылмыс азаймай отыр", – дейді Абай Рахметулин.

"Электронды әділеттілікті дамыту қажет. Біздің мақсатымыз сот жүйесін ақпараттандыру стратегиясын 5 жыл ішінде әзірлеу. Бұл құжат аясында сот органдарының ситуациялық орталығын іске қосу қарастырылған", – дейді Қайрат Мәми.

Төрағаның айтуынша, соттағы азаматтық істерді қарау екі есеге қысқарды, азаматтық істердің 82 пайызынан артығы алғашқы сот отырысында аяқталады.

Сонымен қатар, бұйрық өнеркәсібінің саны 43%-ға, дауды баламалы әдіс арқылы шешу 68%-ға қысқарса, медиацияны қолдану арқылы шығарылған шешім 3 есеге қысқарған.

Облыстық соттар салғырт

Дегенмен төраға қол астындағы қызметкерлердің жұмысында кемшіліктердің де барын жасырмады.

Төрағаның айтуынша, республика өңірлеріндегі бірнеше облыстық сот төрағасы, дәлірек айтсақ, Ақмола, Қостанай, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының бас қазылары мен Әскери сот төрағасы былтырғы жылы апелляциялық сот отырысы туралы есеп бермеген.

Қайрат Мәми облыстық сот жүйесінің жұмысын жеңілдету үшін жаңа апелляциялық сот штаттарының санын көбейткенімен, нәтижесінің әлі де байқалмай жатқанын сынады.

Сонымен қатар бас қазы Павлодар облысына қарасты елдімекендегі судъялардың қазақ тілін білмейтінін айтып, облыстық соттың жұмысын сынады. Елдімекендегі қариялар президент әкімшілігіне арыз жазып, сол үшін елбасыдан Жоғарғы сот төрағасы сөз естіген секілді.

Жоғарғы сот та кей құзіреттерінен бас тартпақ

Жоғарғы сот төрағасы Мемлекет басшысы 2017 жылдың 11 қаңтарында құрған мемлекеттік билік тармақтары арасында билікті қайта бөлу мәселесі жөніндегі жұмыс тобының қызметі туралы айтып өтті.

Елбасының президент құзіретін үкімет пен парламентке беру шешіміне орайлас, енді Жоғарғы соттың кей құзіреті де үкіметтік органдарға тапсырылатын болыпты.

Нақтырақ айтар болсақ, қылмыстық істер болмаса да, әкімшілік құқық бұзушылықтың кей түрі қазіргідей медиаторлар арқылы шешілуімен қатар, мемлекеттік органдар қабырғасында да шешіле береді.

Дегенмен үшінші билік өкілдері әзірге нақты қай құзіреттің өтетінін жариялауға асықпайды.

Оның үстіне бұдан былай нотариустар да азаматтық істерге төрелік етуге құқық алмақ.

Бұдан бөлек, құқық қорғау қызметкерлерінің тергеу шараларында күдіктіге қысым көрсету деректеріне қатысты жазылған арыздың көптігі Жоғарғы соттың алдағы уақытта арнайы тергеу кабинеттерін құруына түрткі болыпты. Арнайы кабинетте тергеушінің барлық амалы мен күдіктінің берген жауабы бейнетаспаға жазылып отырмақ. Осы арқылы Жоғарғы сот тергеу ісінде де ашықтықты қамтамасыз етуге дайындалып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу