Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2014 жылы құрылғаннан бастап комиссия Ұлттық Банктің қарамағында жұмыс істеді. Ал 2020 жылдан бастап Комиссияның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болды.
Жоғары аудиторлық палатаның хабарлауынша, қазіргі уақытта комиссияның қызметі жаңартылған форматта және жаңа құраммен жалғасады. Ұзақ үзілістен кейін биыл 21 ақпанда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Жоғары аудиторлық палатада Комиссияның отырысы өтті.
Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзектендірілетінін атап өтті.
"Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен Ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет", – деді Әлихан Смайылов.
Сөзінше, Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет.
"Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды", – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:
- Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
- Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру.