Жоқтың бәрі жолға келіп тіреледі

Бек Темір Бек Темір
2203

Павлодар облысындағы күре жолдарды жөндеу толықтай аяқталған жоқ, ал оның бойындағы бизнесті дамыту ойдағыдай өрбімей тұр. 

Жоқтың бәрі жолға келіп тіреледі

Аймақта жалпы қолданысқа арналған 5,5 мың шақырымдай күре жол бар. Облыстық маңызы бар жолдар 1139 шақырымды құраса, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2800 шақырымнан асып жығылады екен. Қалғаны – республикалық жол санатына жатады. Бүгінде олардың жағдайы қаншалықты жақсы, белгіленген учаскелерде жөндеу жұмыстары қашан аяқталады деген сауалдардың жауабын мамандар облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында іздеп көрді.

Қазіргі таңда облыстық маңызы бар жолдардың 78%-ы, ал аудандық жолдардың 83%-ы жақсы жағдайда екен. Дегенмен барлығы бірдей тақтайдай десек, көлік мінгендер мысқылдары анық. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің бұрынғы бастығы Қанат Қашкировтың сөзіне қарағанда, биыл облыстық маңызы бар 105,4 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджеттен 4 млрд 804,5 млн теңге қарастырылған. Бұл аз сома емес, күрделі жөндеу "науқаны" үзіліссіз жүргізіліп жатса да, әлі де ат тағасыз жорғалайтындай деңгейде еместігін атап өткен жөн.

Аймақ басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, Ресеймен шекаралас орналасқан Железин ауданындағы жолдар облыстағы ең нашар жолдар санатында. Әсіресе ауылдық аймақтарға апаратын соқпақтар сан соқтырады. Айта кетерлігі, өңірдегі жолдардың жағдайына жауапты Қанат Қашкиров бұрнағы күні сол Железин ауданына әкім болып тағайындалды. Жергілікті жалпақ жұрт жолдың жөнін білетін жан келді деп бөріктерін аспанға атып жатқан болар, бәлкім...

Астана-Павлодар бағытындағы төрт жолақты күре жолдың жағдайы оңар емес. ЭКСПО-2017 көрмесіне туристер осы жолмен жүйткіп жетеді деп кестелегенмен, жұмыстар әлсін-әлсін жүргізілуде. Халықаралық көрменің аяқталғаны да қанша уақыт өтті. Аталмыш жолдың "жыры" келер жылы аяқталады деген жоспар бар.

Ал Майқайың-Екібастұз арасындағы жолдың жағдайын жауға бермесін. Қанат Қашкировтың айтуынша, бұл аралықтың қашықтығы 45 шақырымды құраса, соның 27 шақырымы – облыстық маңызы бар жол. Биыл біраз бөлігі жөнделді.

Бүгінде облыс басшылығы 15 қарашаға дейінгі мерзімде барлық жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет деген міндет қойып отыр. Оның үстіне қара суық түсіп кетті. Ал ыстық асфальтты -5 градус суыққа дейінгі ауа температурасында ғана төсеуге рұқсат етіледі. Бұл шама сақталмаса, құйған қаржы желге ұшары анық. Жауапты мамандар болса жаңа технологиялар қолданамыз деп сендіріп отыр.

Сонымен қатар келер жылдың бюджетіне Майқайың-Екібастұз аралығындағы аудандық маңызы бар жолды жөндеуді қарастыру қажет. Оған шамамен 600 млн теңге көлемінде қаржы керек. Баянауыл бағытына бұратын бұл жол ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді дейді мамандар.

Биыл облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің бұрынғы бастығы Қанат Қашкировтың айтуынша, аталмыш бағыттағы қаржыны бір емес, үш жылға беру қажеттігін қарастырған абзал. Сол кезде мердігерлер де жұмысты сапалы орындауға тырысады. Оларға жылда қаржы құйғанға қарағанда, бір рет сапалы етіп жасау қисынды. Ал аймақ басшысы жөнделген жолдарды қабылдау комиссиясының құрамына қалалар мен аудандық әкімдіктердің жауапты өкілдері енуі негізді екенін айтады. Ол өз аумағындағы жөндеуді қашанда назарында ұстай алады.

Жол жиегіндегі ағаш-талдарды отап, белден асатын қурай шөптерден тазалау да күн тәртбіндегі мәселе. Бұл қысы қытымыр келетін солтүстік аймақта жолдарды қар басып қалмау үшін қолға алынатын іс. Биылғы қыста күре жолдарды қар баспайды деген сенім бар. Оған қазірден бастап дайындық жұмыстары басталып кеткен. Десе де сағат сайын құбылатын қазіргі ауа райына сенім жоқ.

Павлодар қаласына кіре берістегі "Караван" атты дәмханалар желісі  бірнеше жыл бұрын санитарлық талаптарға сәйкес келмейді, жаңа жол құрылысына кедергі келтіреді деген айғақпен жер бетінен сүрілді. Талай қонаққа кәуап жегізіп, тіс шұқытқан бұл тәтті орынды әлі де аңсайтындар жетерлік. Әсіресе алыс қашықтыққа қатынайтын көлікшілердің тынығатын орны болатын. Басқа өңірлерден келетін меймандардың арасында "кәуаптың иісі шықса, Павлодарға жеттің деген сөз" деген әзілі де көптің есінде. Бұл дәмханалар желісі жол бойынан жоғалғанымен, бүгінгі таңда тақылеттес бизнеспен айналысуға құлық танытып отырғандар аз.

"Келер жылы облыс орталығында "Ертіс-Променад" фестивалін өткізу жоспарлануда. Қазір кешенді мәдени-сауық шаралар жоспары дайындалуда. Оған аймақтармен қатар көршілес Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарынан қонақтар келіп қатысады. Оларды қайтіп күтіп аламыз? Жол бойы бизнесі жоқ. Бұл туралы қалалар мен аудандардың әкімдеріне жылдың басында айтылып, тапсырма берілген. Алайда ешқайсысы бизнес-жоба ұсынған жоқ. Бұл өзін жылдам ақтайтын кәсіп. Егер жоба ұсынғандар болса, облыстық бюджет есебінен 100 млн теңгеге дейінгі қаржыға инженерлік желілер тартуға болады", – дейді облыс әкімі Болат Бақауов. 

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу