Жол азабын жүрген білер: Абай облысының халқы 6 жылдан бері жол азабын тартып келеді

5824

Абай облысының халқы 6 жылдан бері "Алматы-Өскемен", "Омбы-Майқапшағай" тас жолындағы сағызша созылған жол құрлысынан мезі болды.

Жол азабын жүрген білер: Абай облысының халқы 6 жылдан бері жол азабын тартып келеді Фото: inbusiness.kz

Өткен жылы толық аяқталып, тапсырылуы тиіс халықаралық деңгейдегі тас жолдың  көп бөлігінің тас талқаны шығып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Алматы-Талдықорған, Қалбатау-Өскемен" бағытындағы жолдың 353 шақырымы жаңғыртудан өтуі тиіс болған. Ол үшін мемлекеттен 161 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бірақ Абай облысына қарасты 83 шақырымы аяқсыз қалған.

-Машинаның бәрін қиратып бітірдік әне. Бампері, бак бәрі қирап қалды. Әр рейс сайын көтерін күніміз осы. Ала жаздай жүрді, бір шақырым да асфальт салған жоқ – дейді жүк көлігінің жүргізушісі  Амантай Әубәкіров 

"ҚазАвтожол" ұлттық компаниясы өкілдерінің сөзінше, биыл "Алматы-Өскемен" бағаттында жүретін көліктер бейнеттен арылады. 

-Алматы жолы бойынша, 83 шақырымында бізде айналма жол. Қысқа дейін Өскемен қаласынан Жетісу облысына дейін асфальтпен жүреміз деген жоспар бар. Жаз шыға жөндеу жұмыстары басталады - дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Абай облыстық филиаланың директоры Айдын Ескенов.

"Омбы-Майқапшағай" жолының "Қалбатау-Майқапшағай"  бөлігі де оңып тұрған жоқ. Трассаны толық жаңғыртуға 159 миллиард теңге бөлінген. Мамандар "Пандемия, қаржының кешігуі"- сынды түрлі сылтау айтып келгендіктен, құрылысы әлі күнге бітпей отыр.

- Қаншама көлік осы жолдың бойында жатады ғой. Жарылып жатқан, сынып жатқан. Апатқа ұшырап жатқаны да жетеді. Жыбырлап әйтеуір жүреміз. "Жол" -деген атағы ғана ғой. Бәлен уақытта жөндейміз, ешкімнің сенімі жоқ – дейді  жүргізуші Айтан Құмар.

Жұрт "жақсы жолмен жүреміз" дегенге сенуден қалған. Өйткені, жауаптылар жылда уәде беруден шаршамай келеді. Мамандар "Қалбатау-Майқапшағай"  трассасындағы жөндеу биыл да толықтай аяқталмайтындығын мойындап отыр. Тек қолда бар қаржымен оның біраз бөлігін жүруге жарамды етпек. 

-Қалбатаудан бастап Көкпектіге дейін жөндейміз деп жоспарлап отырмыз. Көкпекті мен Тассай аралығындағы 38 километр асфальт жоқ жерге біраз асфальт, қалғанын қиыршық таспен жабамыз.  Қыс уақытында жолдың үстімен жүретіндей етеміз – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Абай облыстық филиаланың директоры Айдын Ескенов.

"ҚазАвтожол" компаниясы өкілінің мәліметінше, аталған жолдарды толықтай жаңғырту әлі де созылатын сияқты. Өйткені 5 жыл ішінде құрылыс материалдарының құны қымбаттап кеткендіктен, жобаға түзету енгізіліп, қосымша қаржы қарастырып жатқан көрінеді. Ал осыған дейін жол құрылысымен айналысқан 3 бірдейі ірі отандық компания жұмыстан шеттетілген. Қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу