"2017 жылы республика бойынша жол сервисінің 850 нысаны ұлттық стандартқа сәйкестендірілуі керек, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының сервистік 111 нысаны бар", – деді "Қазавтожол" ҰК" АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары Нұрбол Мыңжасаров.
Еске салар болсақ, жол сервисі нысандарының ұлттық стандарты 2015 жылдың 1 шілдесінде енгізілген болатын. Жол сервисінің қазіргі нысандары (ЖСН) 2018 жылдың 1 шілдесінде ұлттық стандартқа сай болуы керек.
ЖСН-нің барық санатының міндетті қызмет тізімінде бөлшектік сауда мен жылыту пунктері қарастырылып, жақсы жабдықталған (жылы) дәретхана орнатылуы керек.
"Қазавтожол" ҰК" АҚ-тың облыстық филиалының ақпары бойынша, ОҚО-ның жалпы ұзындығы 847 шақырым болатын республикалық маңызы бар көлік жолында 529 жол бойы сервисі мен сауда нысаны орналасқан. Оның 111-і (қазіргі уақытты 18-і жөнделген) стандарттауға жатады.
Филиал қалғандарын жол бойы сервисі нысандарының тізімінен алып тастауды ұсынып отыр. Өйткені олар ешбір санатқа сәйкес келмейді немесе ауылдық жердің шекарасында жатқандықтан, жер телімінің шектеулі болуынан стандартқа сәйкестендіруге жатпайды. Бұған, мәселен, ауылдық шағын базарлар, дүкен мен дәріханалар жатады.
ОҚО-ның жол бойы сервистері нысанының қазіргі жағдайына ұлттық стандарттарды сақтамаумен қатар, басқа да проблемалар себепші болып отыр. Нұрбол Мыңжасаровтың айтуынша, оның ішінде жол бойындағы бөлікте жеке баспана құрылысы үшін жер телімдерін беру, инженерлік желінің (су, кәріз) болмауы, берілген техникалық шартты сақтамау, ұсынылатын қызмет деңгейінің төмендігі бар.
"Бұл ЖСН жағдайын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді, – деді филиал директорының орынбасары. – Бұл жалғыз біздің облыста ғана емес, еліміздің барлық жолына жұмыс жүргізу қажет деген сөз".
Ресми статистикаға сүйенер болсақ, бүгінгі күні Қазақстанда шамамен 2,5 мың жол сервисі нысаны жұмыс істейді, оның 80 %-дан астамы ұлттық стандарт талаптарына сай емес.
Сонымен бірге алдағы уақытта ОҚО-ның "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" көлік дәлізі бойында жол-туристік сервистің 21 нысаны пайда болуы керек.
ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіповтың айтуынша, бұл көлемі 10 гектардан 20 гектарға дейінгі жететін жерде жолаушыларға қызмет көрсету бекеті болады. Бұл жерде тек тоқтауға ғана емес, сондай-ақ тамақтануға, жанармай құйып алуға, қонақүйде қонып, демалуға мүмкіндік туады.
"Яғни бұл тек жол қызметінің стандарттары ғана емес, сонымен бірге туристік сервисті де ұсынатын кешенді бекет болады. Туристер бұл жерде ұзағырақ аялдауы үшін облыс аудандарының көрікті жерлерін таңдап қойдық. Кейін бұл жерде саябақтар жасалатын болады", – деп түсіндірді Еркін Жүсіпов.
Сонымен бірге ол осы жылдың тамыз айында осы бекеттердің жобаларын жоспарлау мен ұйымдастыру принципінің жалпы тұжырымдамасын дайындалатынын, осының негізінде аудандық әкімдіктер әрбір 21 нысан үшін жеке жоба әзірлейтінін айтты.
Гүлназ Ермағанбетова, Клара Ларина, Шымкент