Жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға 3,5 трлн теңге жұмсалады

14446

11 мың шақырым жол ақылы болмақ.  

Жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға 3,5 трлн теңге жұмсалады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов және "QazAvtoJol" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов жол инфрақұрылымының сапасын арттыру мәселесі жайында сөз қозғады.

Сайранбек Бармақов 2015-2019 жылдарға арналған жол инфрақұрылымын дамытуға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүзеге асыру аяқталғанын мәлім етті.

"Бағдарлама аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 3 мың шақырымының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, шамамен 10 мың шақырым жол жөнделді. Жолдардың 612 шақырымында төлем алу жүйесі енгізілді. Автомобиль жолдары саласындағы жұмыстарға 100 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымы жөнделді. Аталмыш шаралар жақсы және қанағаттанарлық жағдайда республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 88%-ға, ал жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 71%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. 1 және 2 техникалық санаттағы республикалық маңызы бар жолдардың үзындығы 34%, 8200 шақырымға ұлғайтылды", – деп айтып өтті автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.

Төраға 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы басталғанын хабарлады. Жоба аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жол салу және реконструкциялау, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын орташа және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

"Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайда республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. 1 және 2 техникалық санаттағы республикалық маңызы бар жолдардың үзындығы 60%-ға дейін арттырылатын болады", – деген Сайранбек Бармақов жергілікті жолдардың 27 мың шақырымынан астамы жөнделетінін айтып өтті. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік бермек.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілі Алматы маңындағы "Алтын Орда" базарының жанындағы жол мен Шамалған станциясындағы теміржол өткеліндегі жол құрылысы жұмыстары жайлы да мәлімет берді.

"Алтын Орда" туралы айтар болсақ, карантин кезінде Райымбек – Алматы жол учаскесінде қозғалыс бөлігін кеңейтуге қатысты күрделі жөндеу жұмыстарына 117 адам мен техниканың 61 бірлігі жұмылдырылды. Осы жол бөлігінде коммуникацияларды тасымалдау, жөндеу жұмыстары ұйымдастырылды. Жол-құрылыс материалдары дайындалды. Жыл соңына дейін жол бойында толықтай қозғалыс ашылып, жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелдері мен жасанды құралдардың жұмысы аяқталады деп жоспарланып отыр", – деген Сайранбек Бармақов апат болған өткелінің құрылысына тоқталды.

"Шамалған станциясындағы жол өткелінің құрылысы – ұзындығы 6 шақырымды құрайтын, әр бағытта 2 жолақтан, 4 жолақты қозғалысқа лайықталған 1 санаттағы жол ретінде жобаланған. Теміржолмен қилысқан жерде ұзындығы 340 метр болатын эстакада жобасы әзірленді. Эстакада жол қозғалысы қатысушыларына автомобиль жолының аталмыш участкесін еш кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жобалау-реттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер компания техникасы мен жабдықтарын жұмылдыруда. Қажетті материалдар дайындалып жатыр. Іргетасын көтеру мен эстакада салу жұмыстары басталып кетті", – деді ол.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы еліміздегі ақылы жолдар санының көбейетіні туралы айтты. Оның сөзінше, 11 мың шақырым жол ақылы болмақ.

"Бүгінгі таңда ел аумағында ұзындығы 682 шақырымды құрайтын ақылы 4 жол учаскесі бар. Бұл Нұр-Сұлтан – Щучье қаласы, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Теміртау – Қорғас, Алматы – Қапшағай жолдары. Биылғы жылдың 20 сәуіріне дейін ақылы жолдардан жиналған қаражат көлемі 1 млрд 3 млн теңгені құрады. Жолдарда төлем алу жүйесін алдағы уақытта да енгізу мақсатында 11 мың шақырым жолда төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау жөнінде келісімге қол қойылды. Биыл реконструкциядан өткен 5700 шақырым жолға төлем алу жүйесі орнатылады. Қалған 5300 шақырым жол қайта жаңарту мерзіміне орай, 2024 жылға дейін төлем жүйесі енгізіледі", – деді ол.

"QazAvtoJol" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов биыл жолдардың қай бөлігі ақылы болатынын нақтылап айтып өтті.

"Бірінші, Шымкент – Ташкент бағыты, одан кейін Қапшағай – Талдықорған, Павлодар – Нұр-Сұлтан, Павлодар – Омбы бағытындағы Ресеймен шекараға дейін. Еліміздің батысында Атырау – Ақтау, Бейнеу – Ақжігіт, Ақтөбе – Орал, Орал – Тасқала, Орал – Самара бағытында жылдың аяғына дейін монтаждау жұмыстарын аяқтап, сынау үшін іске қосамыз", – деп атап айтты Ұлан Әліпов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу