Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев аталған қылмыстық істің аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлттық компанияның облыстық филиалының бұрынғы директоры Ерсін Сариев пен оның орынбасары Амантай Қасымхановты қоса есептегенде, жалпы саны 12 адам тергелуде. Олар "Астана-Павлодар" тас жолын жөндеуге бөлінген бюджет қаржысының 2 млрд 300 млн теңгесін жымқырған.
"Айыпталушылар құны қымбат инертті материалдарды, атап айтқанда қиыршық тас, құм қоспаларын және басқа да материалдарды олардың арзан түрлеріне ауыстырудың қылмыстық схемасын құрған. Сондай-ақ көлік шығыстарының құнын шамадан тыс асырып есептеген. Тарқата айтсақ, жақын маңдағы карьердің орнына қасақана алыс аумақта орналасқан карьердің тасымалдау құны көрсетілген", – деді Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Ардақ Теңгебаев.
"Орталық – Шығыс" дәлізі аясында Павлодар облысының жалпы ұзындығы 383 шақырым болатын автокөлік жолын қайта жөңдеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысының шекарасынан Ленин кентіне дейінгі 215 шақырымдық жол және Павлодар қаласынан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі 168 шақырымдық жол жөнделуге тиіс. Бұл жұмыстар 2014 жылы басталған болатын.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Медет Дарабаев өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдегендей, жобаның жалпы құны – 203,6 млрд теңге. 2014-2016 жылдар аралығында жалпы соманың 91,5 млрд теңгесі игерілген.
"Жоспарға сәйкес, 2017 жылы 59,6 млрд теңге игерілуге тиіс еді. Алайда фракциялық қиыршық тас пен битум сияқты материалдардың тапшылығына байланысты бюджетке 17 млрд теңге қайтарылды. Биыл игерілуі қажет қаржы көлемі 42,6 млрд теңгені құрады", – деген болатын Медет Дарабаев.
Оның баяндауынша, биыл Астана-Павлодар және Павлодар-Семей бағыты бойынша жалпы ұзындығы 211 шақырым жол пайдаланылуға берілуі қажет. Дәлірек айтқанда, Астана-Павлодар бағытының 131 шақырымы, Павлодар-Семей бағытының 80 шақырымы ашылмақ.
Ал 25 желтоқсанда үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР инвестициялар және даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев Астана-Павлодар тас жолының құрылысы 2018 жылы аяқталатынын мәлімдеді.
Осы орайда мына бір жайды атап өтпеуге болмас. 21 желтоқсанда "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы мен "Сыбайластық жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық" республикалық қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық меморандумын бекітті. Келісімнің көздегені – жемқорлықты жою жолында бірлесіп әрекет ету.
Бек Темір