Жол қысқарып, жолақы қымбаттады

2194

Алматы-Павлодар бағытында қатынайтын пойыз билетінің бағасы өсті.  

Жол қысқарып, жолақы қымбаттады

Сәуір айының 1-жұлдызынан бастап Алматы-Павлодар бағытында "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойыздары ғана қатынайтын болды. Осылайша жолаушыларға діттеген жеріне әдеттегідей 28 сағатта емес, 25 сағатта жету мүмкіндігі берілді. Есесіне билет бағасы едәуір қымбаттады.

Жүрдек пойызда Алматыға дейін 25 сағат бел жазбай, отырып барамын десеңіз вагонның санатына қарай 5500 немесе 6 мың теңгеге билет сатып аласыз. Төрт адамдық купеде жайланып жату үшін 11500 теңге шығындайсыз. Екі адамға арналған купеге 14500 теңге төлеуге тура келеді.

Бизнес санатындағы 2 адамға арналған купедегі бір орынның бағасы 17 мың теңге. Ал бұған дейін пойыздағы плацкарт билеті - 7 мың, купе - 9 мың теңге болатын. 

"Тұлпар Тальго" пойызының бір ерекшелегі мұнда плацкарт жоқ, барлығы – купе. Бұрынғы поездарда купе билетінің бағасы- 9, қазіргілерде - 11500 теңге екенін ескерсек, билет құны 28%-ға қымбаттағанын түсіну қиынға соқпайды.

Билет бағасының шарықтауына қатысты Павлодар қаласының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Жанғабыл Сәбиев: "Алматы қаласының аумағында зағип жандарға арналған "Спутник" сауықтыру орны бар. Біздің облыста тұратын, көзі нашар көретін адамдардың көбі осы мекемеге пойызбен барып, тиісті ем-дом алып тұрады. Билет бағасының қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып отыр. Бұған қоса екінші топтағы мүгедектерге жеңілдік қарастырылмаған. Бірінші топтағы мүгедек адамдар  билетті жарты бағасына сатып алады. Бірақ олардың қасында көмек көрсетіп жүретін адамға жеңілдік жоқ", – деді.

"Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы директорының міндетін атқарушы Әлібек Сұлтанов билет бағасының қымбаттауы негізсіз емес екенін айтты.

"Билет бағасы қызмет көрсету сапасының жақсаруына байланысты өсті.  "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойызы жол жүру уақытын 3 сағатқа қысқартты, жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін вагон-бар, вагон-мейрамхана ашылып, тегін wi-fi желісі орнатылды. Ал бизнес-класс санатына жататын вагондардағы купелерде жуынатын бөлме мен жеке дәретхана бар. Бұған қоса жаңа вагондардың ені бұрынғыдан 25 сантиметрге кең және биіктігі 25 сантиметрге жоғары. Осының барлығы билет бағасын қымбаттауына негіз болды", – деді Әлібек Сұлтанов.

Айтпақшы станциялардың саны өзгерген жоқ. Жүрдек пойыз бұрынғы поездар секілді 19 станцияға тоқтайды. Ол Алматы-Павлодар бағытында күн сайын жүреді.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу