Жол талғамайтын көліктерден автотұрақ үшін алым 3 есеге қымбаттайды

1737

Еуропа "джиптер" мен кроссоверлерден теріс айналды. 

Жол талғамайтын көліктерден автотұрақ үшін алым 3 есеге қымбаттайды

Франция астанасы Парижде жексенбіде, 2024 жылғы 4 ақпанда өткен референдумның қорытындысы шығарылды. Онда ықтиярын білдірген париждіктер жол талғамайтын көліктер мен кроссоверлер үшін арнайы тарифті енгізуді жақтап дауыс берді.

Нәтижесінде, салмағы 1,6 тоннадан асатын, қарапайым немесе гибридті қозғалтқыштары бар "паркетниктер", жол талғамайтын көліктер, 4х4 толық жетекті автомобильдер, джиптер иелері үшін:

• Париждің орталық округтерінде көлігін автотұраққа қою құны қазіргі сағатына 6 еуродан алда 18 еуроға дейін;

• Франция астанасының басқа аудан, округтерінде – сағатына 4 еуродан 12 еуроға дейін үш есе өседі.

Guardian хабарлауынша, осы арқылы Париж билігі бензин мен дизелді көп тұтынатын дәу көліктердің ауаны қарқынды ластауымен күрестің жаңа парағын ашып отыр.

Аталған автомобиль иелерінің өз обалы өзіне деуге болады: олар қуатты қарсылық танытпады, өзгелерді өз жағына шығара алмады. Дауыс беруде де белсенділік көрсетпеген.

"40 Millions d'Automobilistes" атты автомобилистердің лоббистік тобы өз мәлімдемесінде қандай көлікті мінемін десе де Франция азаматтарының еркін таңдау мүмкіндігі болуы керектігін алға тартты. Сондықтан "ала қойды бөле қырқып", тарифтерді жекелеген санаты үшін ғана ұлғайту – кемсітушілікке соқтыратын, өзін өзі ақтамайтын қадам болады. Топ бұл ұсыныстың референдумға шығарылуын "ультраурбанистік әрі автокөлік атаулыға жаны қас азшылықтың" радикалды ісі деп бағалады.

RTL телекомпаниясына сұхбатында Францияның қоршаған орта министрі Кристоф Бешу Париж билігінің үлкен автомобильдер үшін жаңа тарифті ұсынуын "жазалау актісі" деп атады.

Қалай болғанда, қалалық референдумда Париждегі дауыс беру құқығы бар 1,3 миллион тұрғынның небары 5,7%-ы, яғни 80 мыңнан аз адам өз ықтиярын білдірді. Олардың ішінде 54,6%-ы ауыр, алып көліктердің тұрақтауы үшін жоғарылатылған "әлеуметтік" ақыны енгізуді қолдады. Қымбат көліктердің тағдырын осы азшылық шешіп берді.

Жаңа тарифтер биылғы қыркүйектің басында күшіне енеді деп күтілуде.

Салдарынан, биік жеңіл көліктер қожайындарының автотұрақтарға шығыны 3 есеге дейін артады.

Билік пен дауыс берген париждіктерді салтанатты көліктердің экологияға зияны ғана емес, көшелер мен тұрақтарда көп орын алатыны да кіжіндіріп келген еді.

Салдарынан бұл жаңа алымды тіпті салмағы 2 тоннадан асатын электромобильдер үшін де төлеуге тура келмек.

Жаңа тарифтен тек көлігін өз үйінің қасына қоюға арнайы рұқсаты бар тұрғындар, сондай-ақ таксистер, полицейлер, жедел жәрдем қызметі босатылады.

Сонымен қатар аталған алым мэрияларға, муниципалитеттерге тиесілі автокөліктерге қатысты болмайды.

Бұл шараға Париж мәжбүрлі түрде барып отырған көрінеді. Өйткені Дүниежүзілік табиғат қорының бөлімшесі – WWF France мәліметінше, соңғы онжылдықта Францияда жол талғамайтын көліктер мен кроссоверлердің саудасы 7 есеге өсті. Олардың жаңа машиналар нарығындағы үлесі шамамен 40%-ға жеткен.

Сарапшылардың болжауынша, бұған мигранттар да үлес қосып отыр. Мысалы, 2022 жылы Украинаға қарсы соғыс бастағалы, Ресейден қашқан қалталы адамдардың үлкен бөлігі, орыс байлары Парижді таңдаған. Сондай-ақ Африка мен Азиядан (барлық мигранттардың 52 пайызы) келгендердің ішіндегі ауқаттылары да "джипті" ерттеп мінуге құмар келеді екен.

Енді оларға ел қазынасына көбірек алым төлеуге немесе үнемді шағын көліктерге ауысып отыруға тура келмек.

Айтпақшы, Францияның үлгісін Лондон қабылдап, соның ізіне түсуге дайындалуда.

"Жол талғамайтын көліктер қалалық ортада көп орын алады. Салдарынан, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты проблемалар туындайды. Шығарынды газдар адамдарды, шаһар ауасын, табиғатты улап жатыр. Өзге де кедергілері жетерлік", – деп комментарий жасады Ұлыбритания астанасы Лондонның мэрі Садық Хан (Sadiq Aman Khan).

Оның пікірінше, мұндай автомобильдердің қалада тұрақтауына бағаны арттырған артық болмайды. С.Хан Париждің алымды арттыру тәжірибесінің қаншалықты тиімді болатынын қадағалайтынын мәлімдеді.

Ағылшын саяси шолушысы Анжелика Крисафистің байламынша, бүкіл Еуропада ерте ме, кеш пе, экологиялық шығарындыларды қысқарту, қоршаған ортаны қорғау шығыстарының үлкен бөлігі үлкен, ауыр көліктердің ауқатты иелерінің иығына артылады. Бұл жөнінен қоғамда түсіністік, ымыра байқалады.

Сондықтан Париждегі жексенбілік референдумның қорытындыларын Еуропаның және Азияның өзге елдерінде мегаполистер басшылары да ынта-ықыласпен бақылап, күтті.

"Париж сайлаушыларының небары алты пайыздайының ғана бұл мәселеге мән бергені бізді тіксінтті. Бұл көрсеткіш "жасыл науқан" белсенділері күткендегіден әлдеқайда аз болып шықты. Бірақ париждіктер өз таңдауын нақты білдірді. Енді басқа ірі қалалар да Франция астанасының үлгісіне ден қояды деген сенімдеміз", – деді Париждің әкімі, социалист Анн Идальго.

Оның пайымдауынша, тұрғындар дауыс бергенде, көпшілігі ауаның ластануын азайтуды және жол жүрісінің қауіпсіздігін маңызды деп тапты. Идальго қалада жол талғамайтын көліктерді шектеудің мұндай қадамын "әлеуметтік әділеттіліктің бір нышаны" деп бағалады.

Ол "қымбат, ауыр және айналасын ластайтын автомобильдердің қожайындары планетамыздағы климаттық дағдарысты шешуге үлес қоспайтынын, өйткені сол маңызды міндет үшін өздерінің қайшы әдеттері мен мінез-құлықтарын өзгертпегенін" қаперге салды. Жаңа тариф сол үшін жазалауға ұқсайды.

Қалабасының орынбасары Эммануэль Грегуар Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында "джиптерді" "экологиялық катастрофа" деп атады.

"Париждегі референдумның қорытындысы – тұрғындардың өмір сапасы үшін күресінің бір жеңісі! Париж біздің бәрімізге сигнал-белгі жолдауда: біздің мегаполистерімізде, онсыз да тар көшелерімізде бұл "доңғалақты монстрлар" не істеп жүр?! Жол талғамайды екен, жолсыз өңірлерге ауыссын. Дәл осындай байламға өзгелер де келеді деген ойдамын", – деді ауа сапасы үшін күресушілердің бірі, Respire экологиялық қауымдастығының бас директоры Тони Ренуччи.

Былтыр Париж тағы бір референдум өткізіп, тым көп электр тұтынатын электросамокаттардың арендасына тыйым енгізді. Осылайша, мұндай тосын қадамға барған тұңғыш еуропалық астанаға айналды.

Париж тізгінін берік ұстаған атқамінер айым Идальго ауыр "темір тұлпарлардың" иелерімен табанды, әрі тайсалмай күресіп келеді. Бұдан бұрын ол қаланың кейбір көшелеріне дизелді жеңіл көліктердің кіруіне тосқауыл қойды.

Оның орнына автожолдарды велосипед жолдарына айналдырып, олардың жолының желісін де, жүретін өрісін де кеңейтіп жатыр. Осының арқасында, мэрия мәліметінше, пандемия аяқталғаннан бастап, 2023 жыл аралығындағы кезеңінде париждіктердің велосипедтерді пайдалануы 71%-ға артып шыға келген.

Сондай-ақ қала мэриясы көшедегі автотұрақ орындарының санын қысқартты. Жүргізушілерге негізінен, жерасты автотұрақтары қалды.

Париж басшысының көлікке жауапты орынбасары, Жасылдар партиясының мүшесі Давид Беллиард жаңа алымнан қала қазынасына жыл сайын 35 миллион еуроға дейін қосымша түсім түсетінін жария етті. Ендеше жол талғамайтын, кроссовер көліктер иелерінің қалтасы да осыншаға жұқармақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу