Жолақы 100%-ға қымбаттайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3061

Астанадағы қоғамдық көліктерде қолма-қол ақшамен есеп айырысатындар 180 теңге төлемек.

Жолақы 100%-ға қымбаттайды

Елорданың әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, тұрғындар қымбатқа ұрынбас үшін Astra Plat төлем жүйесіне көшуі керек. Өйткені, төлемді арнайы картамен жасайтындар үшін биыл жол жүру ақысы өзгермейді. Яғни, жолақысы 90 теңге күйінде қалады. Сондай-ақ, келесі автобусқа тегін ауысып міну жеңілдігі де күшін жоймақ емес.

Есесіне, қолма-қол есеп айырысатындар үшін жолақысы 100%-ға қымбаттайды. Бүгінде 90 теңге төлеп жүргендер, енді 180 теңге шығындайды. Астана әкімдігі жыл соңына дейін дәл осындай сараланған тариф енгізбек.

"Сондықтан адамдар картамен төлем жасау жүйесіне көшуі керек. Өйткені, біз осыған басымдық беріп отырмыз. Егер тұрғындар картаны пайдаланаса, біз қоғамдық тасымалдау саласындағы жағдайды толықтай бағамдай алатын боламыз. Осыдан кейін барып тариф пен субсидияға қатысты шешім қабылдаймыз. Жалпы, біз картамен төлем жасау жүйесіне толықтай көшкіміз келеді. Осылайша, саладағы ашықтықты қамтамасыз етсек дейміз. Бұл тәжірибе Алматы қаласында оң нәтижесін берді", – деді Әсет Исекешев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, егер жол жүру ақысы 90 теңгені құраса, онда қалалық бюджеттен бөлінетін субсидия жылына 15 млрд теңгеге тең болмақ.

"Қоғамдық тасымалдау саласы жедел дамып келе жатқан қала үшін өзекті мәселенің бірі. Шешімін таппаған мәселер жетерлік. Біз екі жыл бұрын арнайы бағдарламаны бекіттік. Соған сәйкес автобус парктерін жаңалап, қызмет көрсетуді жетілдіру бағытында жұмыс істеудеміз", – деді Астана қаласының әкімі.

Деректерге сүйенсек, Астана қаласындағы жол жүру ақысы 2014 жылдан бері өзгермеген екен. Ал осы аралықта еліміз екі девальвацияны өткерді. Сондай-ақ, инфляция, бензин бағасы қымбаттады. Бірақ, жолақы тарифі өзгерген емес.

"Біз автопарктермен және көлік компанияларымен қоғамдық тасымалдау саласының экономикалық моделін талқыладық. Бұл сала көптеген елде субсидияланады. Сондықтан біз автопарк өкілдерінің ұсынысын тыңдадық. Тіпті, салаға объективті баға беру үшін қаржыгерлерді де арнайы шақырдық. Автопарктер 300, 500 теңге ұсынды. Бірақ, біз 200 теңге шамасындағы бағаны құп көрдік. Біздіңше, бұл тариф сұйық отын сатып алуға, жүргізушілер мен кондукторларға еңбекақы төлеуге, көліктерді жөндеуге, автопаркті жаңартуға жеткілікті", – деді Әсет Исекешев.

Әкім баспасөз мәслихатында Астананың алдағы дамуы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, алдағы үш жылда елордада 27 мектеп бой көтермек. Сондай-ақ, 10 мектепті кеңейту жоспарланып отыр.

"Қалада бала туу мен миграцияның артқаны байқалады. Сондықтан, оқушыларды мектеппен қамту мәселесі өзекті болып отыр. 2011 жылы Астана қаласында 75 мың оқушы оқыса, жеті жылдың ішінде оқушылардың саны екі есеге артты. Қазір елорда мектептерінде 143 мың бала білім алуда. Сондықтан мектеп құрылысына қатысты арнайы бағдарлама әзірледік", – деді Астана қаласының әкімі.

Сонымен қатар, Астанада паралимпиадалық жаттығу орталығы іске қосылмақ. Нысан бір айдан кейін пайдалануға беріледі. Ол ТМД аумағындағы бірегей орталық болмақ. 

Әсет Исекешевтің сөзінше, Астананы дамытуға арналған "20 қадам" арнайы бағдарламасына сәйкес, биыл 91 көше салынып, жөнделеді. Оның 70-і қала шетіндегі жолдар. Алдағы екі жылда қаланың шеткі аумағын толықтай асфальттау міндеті тұр.

"Қаланың шеткі аумақтарын дамыту маңызды болып отыр. Келер жылы Астанаға газ келеді. Ең алдымен қаланың шетіндегі Көктал-1, Көктал-2 және Оңтүстік-Шығысқа тартылады. Шеткі аумақтардағы жарық, аялдама мәселелері де биыл реттеледі. Саябақтар мен қоғамдық-спорттық орталықтарды салуды да көздеп отырмыз", – деді ол.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу