Жолаушылар билеттерінің құнын толық қайтаруды талап етуде

3459

Қазіргі таңда Тараз темір жол бекеті кассаларының алды ұзынсонар кезек. 

Жолаушылар билеттерінің құнын толық қайтаруды талап етуде

Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада орын алған жарылыстың арты өртке ұласқаны белгілі. Оқиғаға байланысты қауырт желі іске қосылып, төтенше жағдай жарияланған. Осы орайда, Түркістан облысына Тараз темір жол бекеті арқылы өтетін үш пойыз тоқтатылды.

Тоқтатылған пойыздар: Көкшетау-Қызылорда, Павлодар-Қызылорда, Семей-Қызылорда.

Жергілікті темір жол вокзалы мамандарының айтуынша, аталған үш пойыздан 2500-ге тарта жолаушы түсірілген. Оларға билеттерінің тиісті құны қайтарылатыны жөнінде хабарланған. Ал Тараз қаласы әкімдігі тарапынан вокзал алдына қалааралық автобустар мен шағын автобустар жеткізілген. Олар Қызылорда, Шымкент бағыттары бойынша жолаушылар қабылдауда. Шымкент бағытына – 2500 теңге, Қызылорда бағытына – бастапқыда 6000 теңге болған, кейін 7000 теңгеге көтерілді.

Қазіргі таңда Тараз темір жол бекеті кассаларының алды ұзынсонар кезек. Қызылорда, Түркістан аймақтарына жете алмаған жолаушылардың дені билеттерінің құнын толық қайтаруды талап етуде. Себебі, 600-700 теңге шамасындағы тиісті құнымен автобустарға міне алмайды.

"Астанадан міндік. Шардараға баруым керек. Ал мен бар ақшама билет алып қойдым. Тараз стансасынан түсіріп тастады. Билетімнің құны ретінде қайтарғаны – 671 теңге. Мен мұнымен қалай қайтамын", – деп жанайқайын білдірді Клара Бахитова есімді жолаушы әйелдердің бірі.

Жолда қалған көпшіліктің дені осындай өкпе-реніштерін білдіруде.

Ал Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов ешқандай жолаушының Тараздай қалып қоймайтынын айтады.

"Біз әрбір жолаушының жағдайына жауапкершілікпен қараймыз. Қазіргі таңда пойыздардан түсірілгендердің билеттерінің құнын толық қайтару мәселесімен Нұр-Cұлтан қаласына шығып, байланысу үстіндемін. Көп ұзамай көпшіліктің проблемасы шешіледі деген сенімдемін", – дейді Берік Сағымбекұлы.

Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, қазірге дейін 500-ге тарта жолаушы "Икарус" автобустарымен Шымкент, Қызылорда бағыттарына жол тарты. Осы бағыттарға әлі де келетін пойыздар тоқтатылатын болады. Сондықтан қосымша автобустар ұйымдастырыла береді. Бұдан бөлек, №15, 16, 24 орта мектептердің базаларынан ыстық тамақтар мен жатын орындар әзірленген. Сонымен қатар көрші облысқа дәрі-дәрмекпен қамтылған жедел жәрдем бригадасы мен азық-түлік тиелген жүк көліктері жолға шығыпты.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу