Жолаушылар пойыздарына қойылатын санитарлық талаптар күшейтіледі

Вокзал ғимаратына тек бетперде мен билеті барларға ғана кіреді.  

Жолаушылар пойыздарына қойылатын санитарлық талаптар күшейтіледі

 

1 маусымнан бастап елімізде темір жол қатынасы қайта жанданады. Алайда пандемияға сәйкес вокзал ғимаратына кіру мен пойызға отыру бойынша санитарлық талаптар күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабұлов айтты.

"1 маусымнан бастап темір жол қатынасы қалыпқа келтіріледі. Жаңа талаптарға сәйкес вокзал ғимаратына тек бетперде мен билеті бар адамдар кіреді. Ал шығарып салушыларға вокзал ғимаратына кіруге тиым салынған. Жолаушылардың дене қызуы өлшенеді. Дене температурасы жоғары болған жағдайда бірден ауруханаға жіберіледі", – деді Сәдуақас Байғабұлов.

Жаңа талаптарға сәйкес пойызда вагоннан вагонға ауысуға шектеу қойылған. Бас санитарлық дәрігер жолаушыларға қызмет көрсететін пойыздардың желдету жүйелері толық тексерілетінін мәлімдеді.

"Халықтың тамбурда, вагон дәлізінде көп жиналмауы үшін купеден шықпауға кеңес береміз. Вагондардың желдету жүйелері толық тексеріледі. Сондықтан купе ішінде қалыпты температура сақталады, ауа алмасып тұрады. Жолаушыларға әдеттегідей тамақ алып кіру рұқсат етіледі. Пойыздар дәрі-дәрмек пен антисептиктердің қорымен қамтылады. Бастапқы кезде олар шағын станцияларға тоқтамайды", – деген Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер бетперде мен қолғап кию сынды талаптар темір жол саласында жұмыс істейтін адамдарға да қатысты екенін атап өтті.

"Жолда жолсеріктер сауалнама жүргізеді. Олар жолаушылардың жағдайын біліп, бақылап отырады. Әуе қатынасы кезінде де бортсеріктер халықтың жағдайын қадағалайды. Ал қала аралық автобустардың қатынасы эпидемиологиялық жағдайға байланысты жанданады. Себебі онда жолаушылардың жағдайын қадағалап отыратын жолсерік, бортсеріктер жоқ", – деді ол.

15 мамырдан бастап "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ билеттер сатуды бастайды. Бұл ретте Сәдуақас Байғабұлов жолаушыларды пойызға отырғызу кезінде орындар санын шектеу сынды ерекше талаптар болмайтынын жеткізді.

"Бастапқы кезде жолаушылар легі көп болады деп ойламаймыз. Әуе қатынасы жанданған тұста халық көбінесе жұмыс бабы мен жолға шығатынын байқадық. Қазіргі кезде жолаушылар қаладан қалаға баруға жауапкершілікпен қарайтын болған. Олар билетті онлайн сатып алып, санитарлық тексеріс талаптарына дайын келеді", – деді Сәдуақас Байғабұлов.

 Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу