Жолда ақша жеудің жасырын схемасы ашылды

19343

Бұл тәсіл елімізде жаппай қолданылады. 

Жолда ақша жеудің жасырын схемасы ашылды

"Ақ жол" партиясының Жамбыл облысының Жуалы ауданы бойынша үйлестірушісі, полиция қызметінің бұрынғы басшысы Талғат Қуатбеков қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа хатында жол құрылысы тендерлерін жеңіп алатын компаниялардың табыс табудағы "қулығын" әшкереледі.

Қазақ жол салуды меңгермеген бе?

Мамандардың айтуынша, жолды асфальттау – күрделі әрі көп еңбекті талап ететін процесс. Асфальт төсеу жұмыстарын бастамас бұрын сол жердегі табиғат жағдайларын дұрыс анықтап алу қажет. Соған қарай асфальттық жабынғының ұтымды қалыңдығы белгілі болады. Елімізде автомобиль жолдарының 80%-ы құбылмалы, қолайсыз климаттық аумақта орналасқан. Ауа райы температурасы жазда +40 градусқа, ал қыста -40 градусқа дейін жетеді, кейде одан асады. Салдарынан асфальт күрт қысылып, не кең жазылып, жарылады, шытынайды. Сондай-ақ ылғалдың жоғары болуы, топырақтың тереңге дейін қатып, тоң басуы кесірінен де жолдарды тарам-тарам "әжім" жауып кетеді.

Бірақ бұл тек Қазақстанда ғана қалыптасқан жағдай емес. Әлемнің көп елі осындай шарттарда тақтайдай түзу трассаларға ие. Өйткені асфальттау технологиялары үздіксіз жаңаруда. Мысалы, пластиктен жасалған жолдар ауа райының әсеріне төзімді әрі ұзаққа шыдайтыны мәлім болуда. Оның үстіне жарылып кетпейді. Тіпті пластик жабынғы дыбыс "сіңіретіндіктен" ондай трассамен жүру жанға жағымды көрінеді. Тағы бір артықшылығы, егер 100-200 шақырымдық дәстүрлі асфальт не бетон жолды салу үшін бір жылға дейін уақыт кетсе, нидерландтың KWS компаниясы пластик жолдарды бірнеше апта ішінде төсеп шығады.

Қазақстанда ең болмаса дәстүрлі асфальттың дұрыс қалыңдығын қамтамасыз ету маңызды. Алдымен жердің беткі қабатынан 30 сантиметрдей топырақ қазып алынады. Орны қиыршықтаспен толтырады. Үстінен желім мен қоспа төгіледі. Содан кейін асфальт салынады. Бізде асфальттаудың ыстық және суық технологиялары пайдаланылады. Жолдың сапасы да осы үшінші кезеңге байланысты.

"Нормалар мен стандарттар бойынша асфальттың қалыңдығы жеке үйлердің алаңқайлары үшін – 4 сантиметрден, автотұрақтарда – 6 см, ал жолдарда – 8 сантиметрден кем болмауға тиіс. Бірақ елде бұлай болмай тұр. Мысалы, 2020 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданының орталығында көшелер реконструкцияланды. Бұған бюджеттен 219 миллион теңге бөлінді. Бірақ көше жөндеу асфальтты төсеу технологияларын бұза отырып жүргізілді. Астыңғы ұстын қабат жасалмады. Асфальттың қалыңдығы 2–4 сантиметр аралығында ғана болып келеді", – дейді қоғам белсендісі.

Ол қолына қарапайым рулетка алып, жолды өлшеп шыққан көрінеді.

Азусыз ревизор – алаяқтың жолдасы

Мұнда ел қаржысы талан-тараж етілуі мүмкін екенін сезіп, ол Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жүгініпті. Содан биылғы 4 шілдеде аудан орталығына тексерушілер тобы сау ете қалған. Арасында облыстық антикоррупциялық департамент басшысының орынбасары Равиль Төлебаев, "Ұлттық жол активтері сапасы орталығының" және "Жамбыл адалдық алаңының" өкілдері, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы болыпты.

"Сонда "Тараздорпроект" ЖШС директоры В.Русин және басқа да мердігер ұйымдардың жетекшілері шақырылды. Мен жиналғандарға құрылыс компанияларының жолдың көтергіш қабатын төсемегенін көрнекті түрде көрсетіп бердім. Русин мырза құрған жобада көрсетілген асфальт қалыңдығы мемлекеттік стандартқа (ГОСТ) сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, салыстыру үшін Иманбеков көшесіндегі 40 жыл бұрын стандартқа сай салынған асфальттың қалыңдығын паш еттім, ол ондаған жылдарға жарады және тек 2019 жылы ғана тесіктері жамалып, ішінара жөнделді. Енді аудан орталығындағы 14 көшеге 219 миллион қаржы шығындалған. Соның 626 метр болатын біреуінде асфальттың қалыңдығы 2–2,5 сантиметр ғана. Яғни, басқа түгіл "Тараздорпроект" жобасындағы санға да сай келмейді", – дейді Талғат Қуатбеков.

Қоғам белсендісі жөнсіздіктерді фотоға түсіріп, қаттап қойыпты.

"Бюджеттен жол жасауға бөлінген қаржылардың жартысы осылай қолды болды. Кейбір көшеде, әсіресе, жаңа тұрғын үйлер жанында жолдың асты өңделмеген, асфальт қара жерге төгіле салынған. Оның қалыңдығы стандарттарға, тіпті, жуымайды. Бауыржан Момышұлы ауылында ауа температурасы күрт құбылады. Қысы қатал. Қар көп жауады. Күзі жауын-шашынды. Мұндай жағдайда қалай болса солай төселе салған асфальт бір жыл да тұрмайды!" – деп алаңдайды Т.Қуатбеков.

Ол 12 қыркүйекте Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаевтан жауап хат алыпты. Онда "айтылған жайттар тексерілуі үшін" қоғам белсендісінің шағымы облыстық Мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Дүйсенбаевқа жолданғаны хабарланған. Содан бері бір айдай уақыт өтті, аудиторлар тым-тырыс жатыр.

"Түсінбеймін, мұнда тексеретін не бар? Аудан орталығындағы жаңа асфальттың қалыңдығын өлшесе, көтергіш қабатының бар-жоқтығын анықтаса жетпей ме?! Шенеуніктер осылай әрекетсіз қалу арқылы бюджет қаражатының талан-тараж етілгенін жасырғысы келуі мүмкін. Елде бюджет қаржысы онсыз да қат. Үкіметке Президенттің тапсырмасын орындау үшін қайта-қайта Ұлттық қорға қол салуға тура келіп жатқанда шенділердің мұнысы жарамайды", – деп күйінеді Талғат Қуатбеков.

Әкімді көшеге шығуға шақырды

Қазіргі кезде әр өңірде ақырындап қар жауа бастады. Шенеуніктер асфальтқа қатысты түйткілдерді де қар мен тоң жауып қалады деп үміттенетін секілді. Ал көктемде жаңа жолдар қар астынан жарылып шыға келеді. Мұндай келеңсіздіктер жалғыз Жамбыл облысында ғана емес, барлық жерде кездеседі.  

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, биылғы 15 шілде және 15 тамыз аралығында "Жастар" шағын ауданы жағында, Таха Хусейн көшесінде, Кравцов көшесінен Тәшенов көшесіне дейінгі бөлікте жол жөндеу жұмыстары жүргізілді.

"Қазіргі кезде жол құрылысы кезінде бұзылған абаттандыру нысандарын қалпына келтіру, сондай-ақ Таха Хусейн көшесінде асфальт-бетон жабынғысын ауыстыру жұмыстары аяқталды", – деп есеп берді өз блогында елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Жергілікті тұрғындар атынан шағым жазған ерікті Рустам Оспанов мұны жоққа шығарып отыр.

"Аталған адресте қалпына келтірілген ешқандай абаттандыру нысаны жоқ. Оның үстіне асфальт төмен шөгіп, онда су жиналатын болды. Жүргіншілерге былғанбай өту қиын. Әкімге жаңбырдан кейін осы аумаққа келіп кетуді ұсынамын. Рас, аула аумағын да асфальттағанына рахмет. Бірақ неге екені белгісіз, жаңа асфальт ескісінің үстіне тасталды. Бұл оның сапасына кері ықпал етері сөзсіз", – дейді Р.Оспанов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу