Көбіне ұзақ жолға шыққанда арт жақтан басып озған көліктің кенет жылдамдығын баяулатып, кес-кестей, бұлтақтай қозғалып, өзін басып озуға жол бермей, адамның әбден зықысын шығаратын жағдай аз кездеспейді.
Осы орайда Орталық Азияда алғаш болып, Өзбекстан мұндай бұзақылар үшін қатаң жаза енгізіп отыр. Егер жақын маңда жол полициясы болса, сол жерде ондай тентек-телінің қолына кісен салынып, тез тұтқынға алынуы мүмкін.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев "жол бұзақылығы" үшін ("Йўл безорилиги" учун) жауапкершілік енгізетін заңға қол қойды. Оған сәйкес, көршімізде дрифт жасағандар, шахматтағы секілді қозғалғандар ("дрифт", "шахмат шаклида" ҳаракатланганлар) 9,375 миллион сумға (363,7 мың теңгеге) дейін айыппұл арқалайды және машина жүргізу құқығынан айрылады.
Егер жолдағы осы қаскүнемдігін қайталаса, айыппұл екі есе өседі, жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынады.
Заң "Өзбекстан Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстеріне және Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесін жетілдіруге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.
"Бұл жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетін бұзатын жағдайларына қатысты. Кейбірі жол қозғалысының өзге қатысушыларына қыр көрсетіп, "агрессивті басқару", "дрифт", "шахматтық" қозғалыс сияқты тәсілдерді паш етеді. Сол арқылы өзгелерге қауіп төндіреді, жолдарда тосқауылдар құрады және басқа да бұзушылықтарға барады немесе соған себепкер болады", – деп түсіндірді өзбекстандық Сенаттың баспасөз қызметі.
Көршінің Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексі "жолдағы бұзақылық" деген жаңа 128-10-баппен толықты. Оған сәйкес, бұдан былай Өзбекстанда жолдағы бұзақылыққа:
- Жүргізушілердің басқа көлік құралдарының қозғалысына қасақана кедергі келтіруі;
- Бұрылу, бұрыш жасау, қозғалыс траекториясын өзгерту кезінде көлік құралының дөңгелегін босқа айналтып, негізсіз сырғанау (дрифт);
- Өз бағытында үздіксіз 3 және одан көп рет кілт маневрлар жасау;
- Қозғалысты жылдамдата келе, көрінеу қайта-қайта күрт тежелу;
- Жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін басқа да кедергілер туғызатын өзге қасақана іс-әрекеттерге бару жатады және бұл үшін жүргізушілер аяусыз жазаланады.
Осындай теріс қылықтарымен бірінші рет ұсталғандарға 25 базалық есептік шама көлемінде айыппұл салынады ("базавий ҳисоблаш миқдоридің" 25 еселенген мөлшері биыл 9,375 млн сумға барабар) және 1-ден 2 жылға дейін көлік басқару құқығынан айрылады.
Егер бір жазаланған адам заң бұзушылыққа қайта барса, айыппұл көлемі 50 БЕШ-ке (18,75 млн сумға) дейін өседі және жүргізуші 15 тәулікке дейін абақтыға отырады.
Бұған қоса, Өзбекстан жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндірген немесе апаттық жағдайды туындатқан топтық жүріске ("гуруҳ бўлиб ҳаракат қилишда қатнашган транспорт" немесе "групповая езда") қатысқан жүргізушілердің жазасы қатайтылды.
Бұрын ол үшін 3 БЕШ көлемінде айыппұл салынса, енді айыппұл 5 БЕШ-ке (1,875 млн сумға) дейін ұлғайтылды.
Бұған дейін өзбек ағайындарда жол қозғалысы ережелерін ауыр емес бұзғаны үшін жаза ретінде айыппұл қарастырылатын. Өзбекстан Ішкі істер министрлігі жауапкершілікті қатаңдатуды 2019 жылдан бері ұсынып келеді.
Айта кету керек, осы жаңа заңмен бірге Өзбекстанда ТМД көлемінде теңдесі жоқ жаңа институт енгізіліп отыр. Оның аясында әрбір жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін негізгі жазасы сыртында айыппұлдық балдар есептеу жүйесі іске қосылатын болады.
Сондай-ақ, мас күйде қайтадан көлік басқару, сондай-ақ жүргізу құқығынан айырғаннан кейін машина айдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Өз кезегінде Қазақстан Парламенті де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске біраз өзгеріс енгізді. Олар тура екі аптадан соң күшіне енеді.
ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, жаңа өзгерістер қауіпсіздікті арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, әкімшілік жауапкершілік жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Ведомство басшысы DKnews.kz порталына түсініктемесінде, қолданыстағы кодекске енгізілген заңнамалық түзетулер 2024 жылғы 10 қаңтарда қабылданғанын және 13 наурызда қолданысқа енгізілетінін жеткізді.
"Түзетулер қоғамдық және жол қауіпсіздігімен байланысты бірқатар баптардың санкцияларын өзгертеді. Сондықтан бірінші кезекте профилактикалық бағдарға ие. Мысалға, енді жүрісі кезінде автомобильдің кабинасынан сыртқа басты, аяқты немесе қолды шығарғаны үшін 10 АЕК (биыл 39 320 теңге) айыппұл салынады. Бұрын кодексте мұндай норма болмады. Алайда статистика көрсеткендей, әсіресе, мектеп бітіру кештері маусымында, тойларда көптеген адамдар сондай әбес қимылдарымен өзі мен өзгелердің өміріне қатер төндіреді", – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Жаңа өзгерістер бойынша енді бұл бұзушылық үшін жүргізуші де, жолаушы да жазаланатын болады. ІІМ осы арқылы қосымша профилактикалық эффект-тиімділікке қол жеткізуге ниетті.
Сондай-ақ заңнамадағы олқылықтар жойылды: автомобиль басқару құқығынан айыруға болмайтын, бірақ қозғалыстың қарсы жолағына шығып кеткен жүргізушілерге 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.
Бұдан бөлек, жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында теміржол өтпелерінен өту қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Оның айыппұлы бұрынғы 10-нан 20 АЕК-ке дейін арттырылды.
Теміржолға бөлінген жолақта мал жайған ауылдықтар бұдан былай "ескертумен" құтылмайды. Биылдан бастап, бірден айыппұл салынады. Өйткені бұл апатқа соқтырса, одан тек мал ғана емес, пойыздың жолаушылары да зардап шегуі ықтимал.
ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы сонымен бірге, адамдардың өмірі мен денсаулығына салмақты залал келтірмейтін бұзушылықтар үшін жазаны жұмсартып, "шектен тыс репрессивтіліктен кетуге" тырысып жатқандарын мәлім етті.
"Мысалы, былтыр күндізгі уақытта шам-фарларды қоспағаны үшін айыппұл орнына ескертуді енгіздік. Жаңа заңда ақылы автотұрақтың ақысын уақытылы төлемегені үшін салынатын айыппұл азайтылды. Бірінші бұзушылық үшін айыппұл 3 АЕК-тен 1 АЕК-ке дейін, қайталама бұзушылық үшін – 5 АЕК-тен 2 АЕК-ке дейін кемітілді", – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Жаңа заң қазақстандық полицияның жұмысына да өзгеріс әкелді. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді Zoom, WhatsApp видеоқоңырау және басқа мобильді қосымшалар арқылы қашықтан қарауға мүмкіндік беріледі.
Бұл полиция қызметкерлерінің уақытын тиімді пайдалану үшін жасалыпты. Олар босаған ресурстарын қоғамдық тәртіпті қорғауға, азаматтарға көмек көрсетуге шоғырландыра алады.
Айтқандай, полицияны, жедел жәрдемді, құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді "ерігіп", "сынап көру" үшін шақыратындардың жазасы қатайтылды. 2025 жылғы наурыздан бастап, шұғыл қызметтерді жалған шақыру үшін салынатын айыппұл көлемі бұрынғы 30 АЕК-тен 60 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Қазақстандықтар мастықпен не басқалай күйде осыны ермек етсе, немесе тіпті әлденеден қауіптеніп әлгі қызметтердің бірін шақырса, алайда артынша ол қауіп расталмаса, онда шақырушы адам 235 920 теңге айыппұл арқалауы мүмкін.
Бұдан өзге, арнайы көлікке – жедел жәрдемге, полицияға, өрт сөндіру және басқасының машинасына басымдық ұсынбаған, жол бермеген жүргізушілерге жаза арттырылды: бұрынғыдай 7 АЕК емес, үш еседей көп – 20 АЕК айыппұл төлеуге тура келеді.
Сонда да қоймай бұзушылығын қайталаса, жалған шақыру үшін – 40 сағатқа дейін, жедел көлікті өткізбегені үшін – 20 сағаттай тегін қоғамдық жұмыстарға тартылады.