Жолдағы ақаудың 63 пайызы жойылмаған

Жол сапасын бақылау үшін құрылған қоғамдық мониторинг тобы бірнеше өңірдегі жолдардан 900-ге жуық ақау тапқан. 

Жолдағы ақаудың 63 пайызы жойылмаған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы-іс-қимыл агенттігінде өткен бриифнг барысында осындай мәлімет айтылды.

"Сапалы жол" кеңселік жобасының  әкімшісі Дәулет Қалдығожин қоғамдық ұйымдар бұрын жол сапасын тек көзбен бағалап келгенін айтады. Сондықтан арнайы білімі жоқ қарапайым азаматқа жол сапасына қатысты сынын  мердігер алдында дәледеу қиын болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін кеңселік жоба мүшелерінің қолына арнайы құрал берілген екен. Соның арқасында қоғамдық мониторинг мүшелері қысқа уақыттың ішінде Қазақстан жолдарынан 900-ге жуық ақау тапқан. Топ өкілдері бірінші кезекте жамаудан көз ашпайтын түйткілі көп 50 учаскені тексеріпті.

"Бұл жолдардың көбінде  асфальт-бетон жабыны төмен түсіп немесе ісініп кеткені анықталып отыр. Яғни, жабынның құрамы стандартқа сай емес деген сөз. Түптеп зерттеген кезде аталмыш учаскелерді техникалық қадағалау органдары тексермеген де болып шықты. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласында мониторингтен өткен №26 және 82 көшелерінде асфальт-бетон жамылғысы опырылып, төмен түсіп кеткен",–деген Дәулет Қалдығожин анықталған ақауға пысқырып та қарағысы келмейтін өңірлерді атады.

"Аутсайдерлердің көшін Түркістан облысы бастап тұр. Мұнда 190 ақау анықталған болатын. Оның тең жартысы әлі жойылмаған. Шығыс Қазақстан облысында 34 ақау табылып, тек 12-сі қалыпқа келтірілген. Жамбыл облысында 49 ақаудың 41%-ы жойылмаған. Шымкент қаласында 349 ақаудың 63%-ы түзетілмеген. Ал  Нұр-Сұлтан қаласында анықталған 41 ақаудың  бірде-бірі жойылған жоқ", – дейді "Сапалы жол" кеңселік жобасының  әкімшісі.

Жол сапасын бақылау ісінде халықтың белсенділігін арттыру үшін "Украина жолдары" қосымшасының негізінде мобильді жүктеме дайындалып жатқан көрінеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу