Жолдарға Е-айыппұлдар енгізіледі

2674

ҚР Бас прокуратурасы жол полициясының қызметкерлерін қағазбастылықтан құтқармақ.

Жолдарға Е-айыппұлдар енгізіледі

Қадағалау мекемесі "Жолдағы е-айыппұлдар" жүйесін сынақтан өткізуге кірісті. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Facebook-тегі жеке парақшасында мәлімдеді.

"Аталған жүйені комитет жасап шығарды, ол жол полициясының қызметкерлерін қағаз хаттамалар толтырып, одан кейінгі олардың әуре-сарсанымен жүретін қағазбастылықтан құтқару үшін жасалды (хаттамаларды әкімшілік органға тапсыру, ол жерде қолмен толтырылған хаттамалар мәліметтер қорына енгізіледі). Комитеттің прокурорлары полиция қызметкерлерімен бірге қаланы аралап, мәлімет жүйеге дұрыс енгізілуін қадағалау үшін планшеттердің жұмысын тексеріп жүр", – деген ақпарат берді ол.

Жүйе жол полицейлеріне планшет арқылы адамның ЖСН нөмірі бойынша жүргізуші туралы қажетті барлық ақпаратты – көліктің ұрланғаны туралы дерек, қайталанған тәртіп бұзушылық, сотталуы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

"Біз планшетті қолдану арқылы көліктің техникалық байқаудан өткені және сақтандыру полисінің болуын тексеруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, көлік жүргізушісі тексеру кезінде тек жүргізуші куәлігі мен жеке куәлігін (қажеттілігіне қарай) көрсетсе жеткілікті болады, ал қалған мәліметті полиция қызметкері планшеттен көреді", – деп жаңа үлгідегі ЖПҚ қызметкерлерінің келешектегі жұмысын сипаттап берді.

Сонымен қоса ол жүйенің тәртіп сақшылары мен жүргізушілердің тарапынан оң бағаға ие болғанын атап өтті.

"Полиция қызметкерлерінен кері байланыс орнатылады. Кейбір қызметтерді өзгерту керек. Мысалға, тәртіп бұзған жүргізуші хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, куәгерлер үшін, олар туралы мәлімет және құқық бұзу актісін растау үшін бөлек орын қарастыру керек",  – деп түсіндірді ол.

Оның ойынша, жол полициясын цифрландыру қоғамның құқық қорғау органдарына деген көзқарасына жағымды әсер етеді.

Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу