"Бұл фильмді көруге әйеліңді апармағын! Өйткені ол сенің ашынаң бар деп ойлап қалады, көңіліне бекер күдік саласың. Соны таныстыру, немесе екінші әйел алуға көндіру үшін осы киноны әдейі көрсетіп отыр деп ойлауы мүмкін. Киногерлер осы арқылы Қазақстан қоғамын екінші әйел алуды заңдастыруға елді дайындау үшін түсірсе таңғалмаңыз. Депутаттар да осы мәселені көтеріп жүр", – дейді әлеуметтік желіде пікір бөліскен Болат Бақтықожа есімді азамат.
"Мен "Нурикамал" фильмін көруден алған әсеріммен бөлісе отырайын. Көркемфильм өмірде шын болған оқиғаға құрылған. Ақын әйелі және 3 қызы бар еркек ақын шабытын жоғалтады, депрессияға ұшырайды. Содан хит өлең жазу үшін шабыт іздейді. Ар жағы белгілі. Бұл киноны көргеннен кейін ерлер мен әйелдер, әсіресе, жастар осындай отбасылық қатынастар норма-қалыпты екен деп сеніп қалмайды деген үміттемін. Яғни, музамды іздедім деп басқа әйелдерге ғашық бола бергені жөн бе?", – дейді бизнес брокер Шарапат Қыстаубай.
"Маған "Нурикамал" әні ұнайтын. Бірақ бұл өлеңнің шығу тарихын алғаш рет біліп, көңілім қалды. Өлең керемет, бірақ ол махаббат туралы емес, негізінен күйеуі қызыққа батуы үшін әйелінің тілін тістеп, тағдырына көнуі туралы болса керек", – дейді Мәдина Үзгембаева.
Қарапайым көрермендердің бір тобы осындай пікірде. Баспагер Бақытжан Бұқарбай да "Нурикамал" фильмін сынап тастады. Бірақ өзі фильмді қарамапты.
"Өйткені әні ұнамайды. Нақтырақ айтсам, шығу тарихы ұнамайды. Үш баланың әкесі Нұрикамал есімді жас келіншекке ғашық болып қалады. Ақынның әйелі оның махаббатын қолдап, күйеуінің атынан әлгі келіншекке арнап өлең жазып беріпті. Мұны әйел даналығы деп көтермелеуге тырысуда. Кейбіреулер шығармашылық үшін отбасын неге құрбандыққа шалмасқа деп, мұны ерлікке телиді екен. Бұл мысалды дәріптейтіндерді түсіне алмадым. Қазақтар, сендерге не болған?! Күйеуінің тірлігін жеке басым сатқындық деп қабылдаймын. Әйелі мен бала-шаға алдындағы еркектің жауапкершілігі қайда қалды сонда? Өз басым мұндай азаматтарды түсінбеймін. "Кейін үшеуі жақсы араласып кетті" деп жазды. Бір отбасы шеңберіндегі мұндай қарым-қатынастар бүкіл ұлтқа үлгі болмауға тиіс деп ойлаймын", – дейді Б.Бұқарбай.
Өлең жайында
"Нурикамал" өлеңінің музыкасын композитор Тұрдықылыш Ізтаев, сөзін – оның әйелі, ақын Ханбибі Есқарақызы жазған. Сазгердің зайыбы танымал әннің шығу тарихын өзі түсіндіріп берді.
"Көктемде бала-шағамызды ертіп, достарымызбен табиғат аясында тынықтық. Үш қызыммен гүл теріп жүргенімде жұбайыма көзім түсті. Бір төбешікте темекіні бұрқыратып тұр. "Мынаған не болды?" деп ойладым. Көп өтпей самаурын қайнады. Тұрдыекең шай алдында Нурикамалды биге шақырды. Ол бас тартты. "Менің күйеуім шақырғанда биге шықпайтын бұл қандай әйел?" деп таңырқадым. Сосын жұбайымның ғашық болғанын аңғардым. Сол күні табиғат аясына бірге барғанымызбен, қайтуымыз бөлек болды", – дейді Ханбибі Есқарақызы.
Үйге оралған соң ол ерін күтпей, жатын бөлмеде балаларымен жатады.
"Кенет пианиноның үнін естідім. Бір ерекше әннің өмірге келгенін сездім. Жұбайым оны қайта-қайта ойнады. Әні бар, сөз жоқ. Тек ыңыл ғана. Сосын жұбайымның бөлмесіне барып, одан қалам мен қағаз сұрадым. Тұншығып, жарыққа шыға алмай жатқан сөзін жазбақ болдым. "Аспандағы ай ма дедім, Жастық шағым қайда менің? Жүрегімді елжіреткен, Жаным, қандай жайдары едің", деген өлең жолдары ойыма келді. Қағазға түсірдім... Әуеніне сөзі үйлесе кетті. Сосын ол әнді мәтінімен бірге айтып көрді. Ұнатты, маған да ұнады. Арада біраз уақыт өткен соң мен Нурикамалға бұл әннің өзіне арнап жазылғанын айттым. Ол кезде біз онымен дос ретінде араласатынбыз", – дейді композитордың жары сұхбаттарының бірінде.
Фильм жайында
"Нурикамал" фильмі драма жанрында түсірілген. Алғаш тұсаукесері 2024 жылғы 7 қарашада өтті. Ұзақтығы – 1 сағат 40 минут. Режиссері – Ернат Байұзақ. Сценарийін Қанат Рамазан жазған.
Сюжет желісі бойынша ақын Ханбибі Есенқарақызы шығармашылық тоқырауға ұшырап, күйзелісте жүрген сазгер жарын шабыттандыру үшін тау бөктеріне демалуға апарады. Алайда сол күні композитордың жүрегі шабытты таза ауа мен тұмса табиғаттан емес, мәдениет қызметкері, үріп ауызға салғандай сұлу Нурикамал деген бойжеткеннің бойынан тауып, нәзік сезімін жаңа әнге арқау етеді. Бас кейіпкер, сазгер Ізтаевты Олжас Дәлелхан сомдады. Сазгерге шабыт берген Нурикамал образын Фариза Ескермес, әйелі Ханбибінің рөлін Гүлбахрам Байбосынова ойнады.
Режиссер Ернат Байұзақ "Нурикамал" фильмі инвестордың қаржысына түсірілгенін айтады. Туындының сценарийі екі айда жазылған. Дайындық жұмыстарына да екі ай кеткен, ал, түсірілім небары 20 күнге созылыпты. Фильм сахналары Алматы қаласында және Қарасаз жақтағы Тұзкөл деген ауылда түсірілген.
"Біз әу баста бұл фильмге коммерциялық жоба деп қарасақ, онда оның желісіне комедия элементтерін көбірек қосар ма едік. Бізге әннің тарихы, жалпы әннің айналасындағы адамдардың тағдыры қызық болды. Фильмнің бюджетін де сізге нақты айта алмаймын, бас-аяғы 150 миллионның о жақ, бұ жағында қаражат жұмсалды ғой деймін. "Нурикамал" – жеке кәсіпкер Жандос Божаевтың қолдауымен түсірілген фильм", – деді Ернат Байұзақ Informburo-ға сұхбатында.
Ол кинофильмге қатысты халықтың пікірі екіге жарылғанын, мақтаушылар да, даттаушылар да барын айтты.
"Кинотанушы, киногерлер тарапынан әзірше фильмге қатысты пікір ести қоймадық. Ал, көрермендердің көбі оң бағасын беріп жатыр. Кейбір көрермен "Нурикамалдың образы дұрыс ашылмаған, жасандылық бар" дейді. Бұл пікірмен келіспеймін. Жасандылық болса, нақты қай сөзінде, қай сахнасында екенін ашып айтпай, көбіне тек жалпылама айтылып жатыр. Кей көрермен актерлердің диалогын сынады. Сын бізді өсіреді, көрермендердің фильмді тамашалап, белсенді пікір білдіріп жатқанына өте ризамыз. Біз әлеуметтік желіден фильмге қатысты жылы пікірлерді де, хейтті де көріп отырмыз. Көрермен қандай пікір жазса да, фильмді көріп болған соң ғана жазса екен деген тілегім бар. Көрмей жатып, "бұл – нашар фильм" деп сырттай баға беру жаңсақтық", – деді режиссер.
Пікір білдіруші қазақстандықтар биыл ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жасқа толғанын еске салып, фильм соның мерейтойына шығарылған болар деп жорамалдады. "Айқын" газетіне сұхбатында режиссер мұны жоққа шығарды.
"Ол кісінің мерейтойы екенінен хабарымыз болмады. Бірақ кино түсірер алдына Ханбибі апаның алдынан өтіп, рұқсаты мен батасын алып қайтқанбыз. Бірден сценарий жұмыстары мен түсірілімге кірісіп кеттік. Оқиға желісі ақынның өзінің айтуымен түсірілді. Бар шынын айтты. Киноға кірмей қалған, экранның эстетикасына сай келмейтін оқиғалар бар ғой. Өмірден алынғандықтан, кейбір ащы шындық пен келеңсіз оқиғаны кинода көрсете алмадық. Ханбибі апамен жолыққанымызда бізге сенетінін айтып, кейінгі жұмысты бізге сеніп тапсырды. Кино дайын болғанда бір-ақ көріп, көңілінен шыққанын айтты. Сценарийді оқытуымызға болатын еді, бірақ бұл фильм жеке тапсырыс емес. Ханбибі апаның жеке өмірі болғанымен, кейіпкерлер ішінде Тұрдықылыш, Нурикамал, басқа да біз қосқан кейіпкерлер бар. Ханбибі апа фильмге жақсы бағасын берді", – деді Ернат Байұзақ.
Ол бұдан сериал жасау ниеті барын жеткізді. Киноға енбей қалған көп материал, қысқа сахналар жинақталыпты. Сол артық материалдардан 4 сериалды фильм түсіріп бермек. Тек тапсырыс пен сұраныс болуы керек.
"Ойымша, әзірге сатылым жағы керемет емес. Өйткені көрермен пікірі қақ жарылды. Көзге шөп салушылықты, ашыналықты романтизациялап, соны насихаттайды дегендер болды. Мұндай пікір қазіргі өзекті мәселенің біріне айналған отбасындағы әлеуметтік жағдайлардан айтылған шығар. "Нурикамал" фильмін көруге кей әйелдің жұбымен бірге келуге қорқатыны да сондықтан болар. Шынтуайтына келгенде, мелодрама, драма жанрын әлі де дұрыс қабылдай алмай жатырмыз. Қоғам жеңіл-желпі фильмдер көріп үйренген. "Нурикамал" сияқты фильмдерді көруге дайын емес шығар деп ойлаймын. Бірақ әнді сүйген, ән тыңдап өскен, театр мен спектакльдің құнын білетін, жалпы өнерді бағалайтын көрермен көріп жатыр. Ал жалпақ көрермен, соның ішінде жастар жағы дұрыс түсініп көре алмайтынын мойындауымыз керек", – деді режиссер Байұзақ.
Ол мұны отбасылық қатынастарға арналған психологиялық тренинг деп қабылдамай, кино ретінде тамашалауды ұсынды.
"Нурикамал" фильмінің көзі тірі кейіпкері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, "Парасат" орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы "Информбюроға" сұхбатында фильмнің көңілінен шыққанын жеткізді.
"Шымкентте "Нурикамалдың" премьерасына өзім қатыстым. Жалпы, көп фильмге қарағанда дұрыс фильм сияқты көрінді. Елдің бәрі тек осы фильмді күтіп отырғандай түрлі пікір білдіріп жатыр. Маған да жан-жақтан телефон соққандар көп. Көбісі оң пікір айтады. Менің айтарым: әр адам бұл фильмді өзінің таным-түсінігіне қарай қабылдайды. Фильмнің бағасын мен емес, халық береді", – деді Ханбибі Есенқарақызы.
Ән сөзінің авторы "кино ашыналықты насихаттайды" дегендерге де жауап берді.
"Бұл әннің тереңдігін ешкім түсінбей жатыр. Бұл – бір Алланың берген махаббаты. Орысша айтқанда, "платоническая любовь" дер едім. Бұл жерде менен басқа ешкім қиналған жоқ. Біздің ешкімге зиянымыз тиген жоқ. Үшеуміз де қалай бармыз, солай қалдық қой. "Нурикамал" – таза махаббаттан туған таза ән. Үш кейіпкердің жанының тазалығынан болар, оның көпке тарап кеткені. Әннің төңірегінде түрлі әңгіме айтылып жатады. Мұнда әннің еш жазығы жоқ қой. Кейде "осы кино неге шықты екен, сау басымды саудаға салдым ба?" деп те ойланамын. Бәлкім, кейбір көрермен фильмдегі оқиғаны көзге шөп салу деп қабылдап жатқан шығар. Бірақ менің жолдасым Нурикамалдың қолынан ұстаған адам емес", – деді Ханбибі Есенқарақызы.