Жолдауда әскери сала неге айтылмады?

2375

1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау арнады. Онда қандай мәселе қамтылмады дегенде, ойға бірден әскери сала келді. Осыған байланысты inbusiness.kz тілшісі әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовпен тілдескен болатын. 

Жолдауда әскери сала неге айтылмады?

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында әскери сала шет қалды. Оған не себеп деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, әскер мен қорғаныс мәселесі ғана емес, қауіпсіздік, геосаяси, экономикалық, қаржылық жағдайлар туралы да айтылмай қалды. Ресей мен Украина арасында болып жатқан жағдай, оның әлемге тиіп жатқан әсері, кейбір шетелдік валюталар құнының өзгеріп, экономикамызға ықпалын тигізіп жатқаны – бұл оқиғалар назардан тыс қалды. Мүмкін жоғары жақ бұл жағдайды аса өткір емес деп санаған шығар. Сол себептен әскер мәселелері Жолдауға кірмей қалған шығар.

– Бейбіт күнде сарбаздардың өлімі туралы жиі еститін болдық. Бұл әскери саланы реформалау қажет дегенді білдіре ме?

– Бұл оқиғалар әскери саланы реформалау себебінің біреуі ғана. Бүгін біз азаматтарымызды соғысуға, тәуелсіздігімізді сақтауға даярлаймыз. Ал ертең олар бейбіт күнде бір-біріне әлімжеттік жасап, өз-өзіне қол салып жатса, біз Отанымызды қалай қорғаймыз? Бірақ та, әскери саланы реформалау қажеттігінің себебі бұл мәселемен шектелмейді. Тағы басқа да маңызды себептер бар.

Ал сарбаздар өлімінің жиі болғаны жоғары әскери басшылықтың дұрыс қызмет ұйымдастырмаған себебінен деп санаймын. Орта буындағы әскери бөлім және әскери құрылымдар командирлері, батальон, рота, взвод тікелей басшылары, сержантардың дұрыс қызмет ұйымдастырмаған салдарынан. Жас жауынгерлерді әскери бөлімге келгеннен бастап қалай қарсы алып, қалай жұмыс істеу тәсілдерін мүлде жоғалтқаны салдарынан. Жас жауынгерлермен жұмыс істейтін әкімшілікпен даярлық жүргізілмеу, методикалық тәсілдердің кедейлігі, алгоритмның жоқтығы себеп болып отыр.

Қазір өлім-жітім мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың арасында, контракт бойынша қызмет атқарып жатқандардың арасында, тіпті офицерлер арасында болып жатыр. Бұл осы тенденцияның бірнеше әскери саланың арасында бойлап, тамырын жайып, жүйеленіп кеткенінің белгісі. Мұндай тенденциямен күресу үшін Қазақстан әскерінде жүйелі терең реформа жүргізілу керек.

– Қазақстанда әскердегі өлім туралы арнайы статистика жүргізіле ме?

– Статистика бар шығар. Онсыз болмайды ғой. Бірақ та, бұл статистиканы құпия деп жарияламайды. Статистиканы бұрмалап, жақсы жағын көрсетуге әбден үйреніп алған. Егер де биыл өлім немесе бұзақылық былтырғыдан аз болса, соны айтады. Биыл осынша пайыз төмендеді деп. Ал жоғары болса, ол туралы айтпай, жылы жауып қоя салады да, басқа жағын айтады.

– Еліміздің әскери саласында тағы қандай күрмеуі мол мәселелер бар?

– Әскери реформаны бастағанда ең басты мәселе – ғарыштан, аспаннан келген жаудың бетін қалай тойтару деген сұрақ. Гибридтік емес, нағыз соғыс осындай шабуылдан басталады. Осы кеңістіктердегі шабуылдан қорғаныс болса, жаяу әскер де, теңіз әскері де, бейбіт халық та тыныш болады. Олар өз жұмысымен шұғылдана береді. Украинадағы соғыс осыны көрсетіп отыр. "Прилёты" деп аспаннан келген шабуылға арналған зымырандар мен снарядтарды атайды.

Екіншіден, бақылау құралдары қазіргі заманға сай болуы керек. Жау не істеп жатқанын әр сағат сайын, әр минут сайын біліп отыру керек. Бұл ұшқышсыз ұшу аппараттары. Оның зымырандармен, бомбамен жауға ұрыс жасайтын түрлері де болады.

Радиоэлектронды шайқасқа арналған құрал-саймандар болу керек. Қанатты, жер бетін төмен биіктікте айналып ұша алатын, шалғайларға жететін, қуаты өте жоғары стратегиялық зымырандар болу керек. Осындай мәселелер шешілсе, әскеріміздің саны мен жеріміздің көлеміне қарамастан, біз дамыған, өзін-өзі қорғай алатын мемлекет боламыз. Сонда бізбен әлемнің кез келген мемлекеті санасуға мәжбүр болады.

Әзірше осы мәселенің маңызын түсінбей, оны алға қоймай, мемлекет бөлген қомақты қаржыны елді тәртіпке шақыратын қорған мен қолтаяққа арнап жіберу мүмкін деген қауіп бар.

– Сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Балжан Смаилова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу