Жолы жеңіл Стойлов Қазақстан құрамасын жеңіске жетеледі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3480

Ұлттық құрамамыз Будапеште Венгрияда футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Жолы жеңіл Стойлов Қазақстан құрамасын жеңіске жетеледі Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлтық құрамасы жеңіске жетпегелі біраз болған. Соңғы рет 2016 жылы 6 маусымда Қытай құрамасын түзде 1:0 есебімен жеңгенбіз. Ал бір ойында үш гол соқпағалы біраз болған. 2014 жылдың 5 қыркүйегінде Қырғызстан футболшыларын Астанада қабылдап, әлімжеттік жасағанбыз (7:1).

Иә, жеңіс дегеннің не екенін ұмытқалы біраз болған. Станимир Стойлов ұзаққа созылған осы сәтсіздіктеріміздің тамырына балта шапты. Өзі жақсы білетін "Астна" клубының футболшыларына "Қайраттың" ең тәуір ойыншыларын қосты. Содан соң Ресейде жүрген жас талантымыз Еркебұлан Сейдахметтің томағасын сыпырып, додаға салды.

Будапештегі ойын басталған бетте Стойлов сенім артқан жігіттер алға қарай лап қойып, айналасы төрт минуттың ішінде екі гол салды. Есепті Роман Муртазаев ашты. Бауыржан Исламхан допты ойынға бұрыштан қосқан болатын. Дедек қаққан теңбіл доп бәрінен "сытылып" кетіп, қақпаның алыс бұрышындағы Муртазаевтың оңай олжасына айналды.

Көп ұзамай, Еркебұлан Сейдахмет оң қанатта алаң иелерінің 2-3 ойыншысын алдап өтіп, допты көлбеулете қақпаға қарай тепті. Венгрия қорғаушыларының бірі серпіле секіріп, ағының ұшымен кері қайтарған. Алайда жаза басты... Оған қарсы тұрған Бахтиер Зайнутдинов ыңғайына келген допты шірене тартып, қақпа торын бүлк еткізді.

Содан, Венгрия құрамасы шабуылды үдетті. Бірақ бойларын ашу-ыза кернеген алаң иелерінің ойындары мандымай қойды. Әйтсе де, есепті қысқартты. Айып соққысын орындағанда тез қимылдап, біздің қорғаушылар мен Эричті сан соқтырып кетті.

Алайда олардың бұл қуаныштары ұзаққа созылмады. Қорғаушылары өрескел қателік жіберіп, Еркебұлан Сейдахмет бір ғана қимылымен Венгрия құрамасының қақпашысы мен қорғаушыларын сұлатып салып..., допты екінші бұрышқа тепті. Гол! Мадияр елінің футболшылары да, жанкүйерлері де – аң-таң. Сең соққандай есеңгіреп қалды.

Екінші таймда Венгрия құрамасы тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Бірақ біздің қорғаушыларымыз тізе қоса қимылдап, оларды айып алаңымызға жақындатпауға тырысты. Әйтсе де, алаң иелері тағы бір гол соғып, есепті екінші рет қысқартты. Алайда одан әріге шамалары жетпеді. Ойын аяғына қарай шаршаңқырап қалғандай да болды.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Осы ойында үш футболшымыз бақтары жанып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы голдарын соқты. Ал Сейдахмет, Зайнутдинов, Перцух, Парагульгов сынды жас ойыншыларымыз ұлттық құрама сапында алғаш рет алаңға шығып, ел намысын абыроймен қорғады.

Матчтан соң Венгрия құрамасының бас бапкері Жорж Леекенс кездесу басында өз ойыншыларының ұйқыларын аша алмай, "мүлгіп" жүргендеріне кейіс білдірді. Ал Станимир Стойлов бұл жеңістің Қазақстан футболшыларын жігерлендіре түседі деп үмітенетіндігін тілге тиек етті.

Венгрия – Қазақстан – 2:3 (1:3)

Голдар: Муртазаев, 6 (0:1). Зайнутдинов, 10 (0:2). Салаи, 21 (1:2). Сейдахмет, 30 (1:3), Немет, 68 (2:3).

Ескертулер: Кляйнхайслер, 47 – Постников, 22. Қуат, 30.

Венгрия: Гулач, Беше (Хандья, 46), Фиола, Отигба, Ботка (Ловренчич, 46), Угрои (Немет, 46), Кляйнхайслер (Паткой, 72), Элек (Пинтер, 67), Джуджак, Николич (Боде, 76), Салаи.

Қазақстан: Эрич, Шомко, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат (Ахметов, 84), Исламxан (Мирошниченко, 90+3), Зайнутдинов (Парагульгов, 73), Муртазаев (Сүйімбаев, 88), Сейдаxмет, (Перцух, 60), Хижниченко, (Тұңғышбаев, 76).

Бас төреші: Томаш Мусял (Польша)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу