ЖСО-лар астанадағы "Алай" базарын тартып алғалы жатыр

5861

Базар борыш батпағына батқан. 

ЖСО-лар астанадағы "Алай" базарын тартып алғалы жатыр

Елордалық жеке сот орындаушысы Нұрболат Ғалымжанұлының еншісіне биылғы 5 ақпанда елді елең еткізерлік атқару өндірісі тиді. Оған сәйкес, ЖСО елордадағы белгілі компанияның ең ірі активін ресейлік банк пайдасы үшін тартып алуы керек, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Себебі "First Trade Centre" ЖШС Ресейдің "Сбербанкінің" қазақстандық еншілес банкіне өте ірі сома – 4 млрд 956 млн 420,8 мың теңге берешек болып қалған. Банк ЖСО арқылы осы қарызын өндіртуде.

Борышты өтеу үшін Нұр-Сұлтанның С316 көшесінде орналасқан бірнеше ғимарат, оларға жапсарлас қосалқы құрылыстар, жалпы ауданы 2,5864 гектар жер және басқа да мүлік алып қойылады.

Әрине, бұл ретте ең қомақты әрі майшелпек актив – елордалықтар мен қала қонақтарына жақсы таныс "Алай" (Қазмарт) көпфункционалды сауда-логистикалық кешені болып отыр. Мысалы, жыл сайын әкімдік соның алаңында жәрмеңке ұйымдастырып тұрады. Бұдан бөлек, банк кәсіпкердің "First Trade Centre" компаниясының жарғылық капиталындағы 100% үлесін де өз меншігіне айналдыруда.

Бизнесмен Талғат Тұрысов бұған шыр-пыр болып наразылық танытып, қарсыласып бағуда. Оның айтуынша, "Сбербанк" алдындағы қарызы атқару парағында көрсетілген сомамен үйлеспейді, өзгерек.

"Атқару қағазында қате кеткен. Нұр-Сұлтан қаласы сотының анықтамасымен былтырғы 29 мамырда тараптар арасында қол жеткізілген медиативті келісім бекітілді. Соның 1-бөлімінде борышкер жалпы қарыздың 100 млн теңгесін өтегені, тиісінше, қалған қарызы – 4 млрд 956 млн 420,8 мың теңгені құрайтыны белгіленді. Тараптар 2020 жылғы 30 мамырдан 2023 жылғы 30 наурызға дейінгі мерзімді қамтитын кесте бекітті. Берешек те осы кестеге сай өтелуге тиіс болатын. Біз медиативтік келісімді дер кезінде орындап отырдық. Ай сайын кезекті төлемді енгіздік", – дейді Талғат Көбейбайұлы.

Онда мәміле неге бұзылды?

Коронавирус пандемиясы бизнес пен экономикаға соққы жасады, халықтың тұрмысын төмендетті. Осы орайда былтырғы жылдың 10 желтоқсанында компания "Сбербанкке" жүгініп, 2021 жылғы 30 қаңтар мен 30 маусым аралығында ай сайынғы төлемді азайтуды өтінеді. Өйткені кәсіпкерге ай сайын 90 млн теңгеден төлеп тұру қиынға түскен. Ол ең болмаса, жарты жыл бойы ай сайын 20 млн теңгеден төлеуге мүмкіндік беруді өтінеді. Банк болса, бекітілген медиативті келісімге өзгеріс енгізуге мүмкіндігі жоқтығын хабарлайды. Сондықтан кәсіпкерге уақытша жеңілдік жасаудан бас тартқан.  

Қалай болғанда, бизнесмен өзара бітімге келгелі бері коммерциялық банкке 310 млн теңге өткізіпті. Рас, сомалары келісімдегідей 90 млн емес, әртүрлі: бірде 75, бірде 50, кейбір айда 20 миллионнан салған.

"First Trade Centre" ЖШС-ның төл банктік есепшоты бұғатталғандықтан, төлемдер өзге компаниялар атынан, бірақ міндетті түрде борышкердің реквизиттерін көрсетіп, төленіп отырған.

Соған қарамастан, ЖСО өндіріп жатқан атқару қағазында бизнесменнен сол баяғы 4 млрд 956,4 млн теңге сома талап етілуде. Дәл бір компания бір тиын борышын да өтемегендей.

2021 жылғы 15 ақпанда "First Trade Centre" ЖШС Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қарсы шағым түсірді. Мақсаты біреу – атқару парағындағы соманы түзету.

Дегенмен, бұл жеке сот орындаушысын тоқтата алмады. Ол компанияның ғимараттарын жапқызып, жапсырма жапсырып тастады.

"Бұған деген еш қажеттілік жоқ еді. Өйткені айталық, біздің меншігіміздегі "Алай" базары онсыз да "Сбербанкте" кепілде тұр. Оны біз жасырын сатып жібере алмас едік. Кепілзат туралы келісімнің шарты бойынша қарыз алушыға бұл мүлікті үшінші тұлғаларға өткізуіне тыйым салынған. Оның үстіне базар ғимаратына ЖСО-лар бұғат қойып тастады. Яғни, саудаға қоюға онсыз да еш мүмкіндік қалдырмады", – дейді Т.Тұрысов.

Екі түйе сүйкенсе...

Банк пен бизнесмен арасындағы дауда зардап шеккен үшінші тарап пайда болды. "First Trade Centre" компаниясы "Алай" көпфункционалды сауда-логистикалық кешенін "РБМ 2020" ЖШС-на ұзақмерзімге жалға берген. Өз кезегінде "РБМ 2020" жабық базардағы сауда алаңдарын микро және шағын бизнеске субарендаға тапсырды. Яғни, қазіргі кезде "First Trade Centre"-тің "Алайда" оның ғимаратынан басқа ешқандай мүлкі жоқ. Ішіндегінің бәрі – өзге кәсіпкерлердің меншігі.

Осылайша, есігі тарс жабылып, жапсырма жапсырылған "Алайдың" ішінде қаншама ұсақ кәсіпкердің, арендаторлардың мүлкі мен тауарлары қалып қоймақ.

Талғат Тұрысовтың мәліметінше, ол "Сбербанк" еншілес банкінің басшылығымен берешекті реттеу жөнінде келіссөздер жүргізуге тырысуда. Бұған қоса, борышкер "Сбербанк" алдындағы қарызын қайта қаржыландыру үшін өзге банктерді жағалап жүрген көрінеді.

"Объектінің жабылуы оны өзге инвесторларға таныстырып, көрсетуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ басқа банктерден кредит алуға жол жабылады. Біз "Алайды" дамытудың жаңа концепциясын жүзеге асырып, оны "Қазмарт" атты жаңа сауда орталығына айналдырмақшы едік. Бірақ былтыр пандемияға орай ел Үкіметі қабылдаған шектеулер мұны іске асыруға мүмкіндік қалдырмады. Өткен жыл аяқталар тұста біз "Сбербанкті" компанияның қиын қаржылық ахуалы туралы құлағдар етіп, ай сайынғы төлемді азайтуды сұрадық. Олар бұған бармады. Біз мойнымыздағы міндеттемеден бас тартпаймыз және борышымызды өтемекпіз. Тек еңсе тіктеуге уақыт берсе дейміз. Ал "Алай" жабылғандықтан арендаторлардан төлем жинай алмаймыз. Бұл борышкердің банкрот болуына соқтырмақ", – деп қамығады кәсіпкер.

"Алай" сауда орны 100 шақты саудагерді жұмыспен қамтып келген екен.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу