Жүйкеміз зақымдалды

2160

Қазақстан құрамасы тағы да жеңіліп қалды. Таңқалатын ештеңе жоқ.

Жүйкеміз зақымдалды

Қазақстан құрамасы ойынның алғашқы 15 минутын жақсы өткізді. Қапрсыласты айып алаңына қамап тастады. Бірақ, одан кейін Белорусь құрамасы еңсе тіктеп алды. Негізгі құрамда орталық жартылай қорғаушының рөліне шыққан Абзал Бейсебеков алыстан бір соққы жасап, қарсылас команданың қақпашысы Гутордың зәресін алды. Абзалдың соққысы биік кетті. Белорустардың бірінші таймда алып бара жатқан бір қатты шабуылы бола қойған жоқ. Болжамшылар күткендей бірінші тайм 0-0 есебімен аяқталды.

Екінші таймда белорустар әдемі пастармен өрнек құрып, біздің қақпаның маңын торлай бастады. 53-минутта қапталдан шабуылдаған қонақтар Ғафұржан Сүйімбаевты алдап өтіп, айып алаңына пас асырды. Сол пас Максим Бордачевтың басына дәл келді де, ойыншы Стас Покатиловтың қақпасына гол салды. Гол жіберіп алған Қазақстан құрамасы таразы басын теңестіргісі келіп әбден талпынды. Бірнеше шабуыл ұйымдастырып көріп еді, еш нәтиже шықпады. 62-минутта Ян Вораговский алыстан жойқын соққы жасап еді, оны қақпашы Александр Гутор дәл алдына қайтарды. Қайтып келген допты екінші қайтара тепкен Абат Айымбетов оп-оңай таразы басын теңестірді. Есеп 1-1. Бұл Айымбетовтың ұлттық құрамадағы алғашқы голы болатын.

Ал кездесудің 86-минутында қазақ футболының бетпердесі шешілді. Құраманың негізгі қорғаушысы, еліміздің соңғы 5-6 жылдағы үздік қорғаушыларының бірі, капитанның асистенті Ғафұржан Сүйімбаев қақпаға қарай ауттан доп лақтырды. Осы допты тосып ала кеткен Лисакович Покатиловты алдап, бос қақпаға күлкілі гол салды. Қайта ойынды тамашалауға жанкүйерлер кіргізілмегені дұрыс болған екен. Әйтпесе, трибунада отырып мына масқараны көрген фанаттар мен жанкүйерлер жүйкелеріне зақым алар еді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу