Іс-шара Astana IT Университетінің аумағында Ғылым және жоғары білім министрлігінің және ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтті.
Samsung Innovation Campus Hackathon хакатондардың классикалық форматында өтті. Ақыл-ой сайысына қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқушылар мен студенттерден 370-тен астам өтініш келіп түсті. Бүгінгі және ертеңгі білімді дамыту бағытында 24 сағаттың ішінде өздерінің жеке жобаларын әзірлеу үшін 1 шілдеде 200-ден астам адам Астанаға келді. Хакатонның бірінші күні шақырылған қонақтармен командаларды оқыту форматында өтті. Екінші күн бойы конкурсқа қатысушылар өз идеяларын пысықтап, оларды қорғау үшін таныстырулар өткізді.
Алғашқы оқыту күні хакатон қатысушылары алдында Epam, Jusan Bank, Kolesa Group, CITIX, Sistematika IT сияқты компаниялардың топ-менеджерлері мен департамент директорлары сөз сөйледі. Спикерлер конкурсқа қатысушыларға нейрондық желілер, жасанды интеллект, машинамен оқыту және басқа да серпілісті технологиялармен жұмыс істеудің мән-жайлары туралы айтып берді.
Екінші күні оқушылар мен студенттер орасан зор жұмыс жүргізіп, "Қосымшалар мен бағдарламалар" және "Ақылды құрылғылар" атты екі санатта 46 жоба жасады. Оларды қорғау білікті қазылар алқасының алдында өтті.
"Қосымшалар мен бағдарламалар" санатында "Ертегілерді оқуға арналған интерактивті қосымша" жобасымен 1shrek командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды "B-qazaq" мобильді қосымшасымен Apelsinus командасы иеленді. Үшінші орынды қостанайлық Learnify командасы иеленді.
"Біз хакатонға қатысқан кезімізде қатты алаңдадық. Шынымды айтсам, біз жеңіске жетеміз деп ойламадық, өйткені мұнда көптеген қызықты әрі керемет жобалар болды, бірақ қазылар алқасы бізді таңдады. Біз ұйымдастырушыларға және бізге сенгендердің барлығына ризашылығымызды білдіреміз", - деп 1Shrek командасының қатысушысы Әсел хакатоннан алған әсерімен бөлісті.
"Ақылды құрылғылар" санатында интерактивті тақталарға балама жасау жобасы бар Bots командасы жеңімпаз атанды. Бұл санаттағы екінші орынды бастауыш сынып оқушылары үшін кешенді дене шынықтыру ойынымен Balam командасы иеленді. Үшінші орын - Qorgau роботының жобасымен TeSavants командасының еншісінде.
Жүлдегер алты команданың әрқайсысы 1 орын үшін 2 500 000 теңге, 2 орын үшін 1 500 000 теңге және 3 орын үшін 750 000 теңге сомасына сертификаттармен марапатталды. Сондай-ақ, жеңіске жеткен команданың әрбір қатысушысы LinkedIn платформасындағы курстарға жылдық тегін қол жеткізді.
Жеңімпаздарды марапаттауға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Аманбайұлы Төлеушин қатысты.
Samsung Innovation Campus - бұл 2017 жылы Қазақстанның оқушылары мен студенттерін мобильді қосымшалар әзірлеуге, Big Data-мен және машинамен оқытумен жұмысқа, жасанды интеллектпен өзара іс-қимылға тегін оқыту үшін іске қосылған жоба. Алтыншы жыл қатарынан жобаның операторы өзінің "Кәсіби бағдарлау" бағдарламасы аясында AYALA қайырымдылық қоры болып отыр, ол Қазақстан бойынша 2,5 мыңнан астам жасөспірімді кәсіптік оқытумен қамтыды.