№1 оқиға
Оны қоғам белсендісі, құқықтанушы, тіл жанашыры Жандос Өстемір әңгімелеп берді.
"2020 жылы Нұр-Сұлтанда, оң жағалаудағы Сарыарқа сауда орталығы маңында машинасының сыртына "Слава тебе Господи, что мы казаки, а не кто иные" деп жазып алған Nissan автокөлігін көрдім. Меніңше, бұл жазуларында ұлтаралық алауыздықты қоздыру фактісі байқалады. Қылмыстық кодекс, басқа да заңнамаға сәйкес, осыған құқықтық баға беріп, тиісті жауапкершілікке тартуды талап етемін", – деп ол құзырлы органдардың бәріне фотоматериалды қоса тіркеп, өтініш жолдады.
Қазақстан халқының келісімі мен татулығын сақтау, тұрғылықты ұлттың ар-ожданын аяққа таптамай, қорғау, сепаратизмге жол бермеу, шовинизмді тыю – мемлекеттік маңызды іс, еліміздің тәуелсіздігі де дәл осы саясатқа тәуелді. Сондықтан құқық қорғау органдары әлгі сөздер иесін лайықты жазаға тартқан болар? Жоқ, әңгімелесіп қоя салыпты.
"Құрметті Жандос Лесбекұлы! Ішкі істер министрлігі сіздің ойыңызша ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған жазбаны өз автомашинасының артқы терезесіне жазған Нұр-Сұлтан қаласы тұрғынының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру туралы өтінішіңізді қарады. Осы факт бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті тексеру жүргізді, нәтижесінде аталған азаматтың іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмады! Жауап алу барысында ол басқа азаматтарға тіл тигізу ойы болмағанын және ұлттық араздық қоздыруға шақырмағанын түсіндірді. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері онымен ұлтаралық қайшылық тудыруы ықтимал фактілерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгімелесу жүргізді. Қазіргі уақытта автомобиль иесі жазудың мазмұнын өзгертті", – деді Ішкі істер министрі өз блогында.
"Жазудың мазмұнын өзгертті" деген бас полицейдің сөзі назар аудартады. Казактардан басқа ұлттар өкілдерін қорлайтын, төмендететін сөйлемде нені өзгертуге рұқсат етуге болады? Тегіс сыпырып тастатқызғаны жөн емес пе? Сөйтсе, оның жартысын қалдырыпты.
"Nissan көлігінің жүргізушісі анықталып, онымен полиция қызметкерлері түсіндіру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша жүргізуші өз машинасының артқы әйнегіндегі жазуды жартылай жойды. Басқа ұлттарға тіл тигізу және қысым көрсету мақсатын көздемегенін дәлелдеді. Осыған орай көлік құралы жүргізушісінің іс-әрекетінде Қазақстан заңнамасы нормасын бұзу анықталған жоқ", – деп нақтылады ІІМ басшысы.
Яғни, ең құрыса, әкімшілік жауапкершілікке де тартпаған, айыппұлмен де жазаламаған.
№2 оқиға
Оны Ішкі істер министрлігінің ақпараттық ресурсы Polisia.kz хабарлады. ІІМ мәліметінше, Павлодарда нөмірсіз көлігіне "Жұмабектің бажасы" деп жазып алған жүргізушіге айыппұл салынған! Және ол адам бұл жазуды автомобилінің мемнөмірінің орнына емес, жүксалғышының сыртына, кірді сызып, қолмен жаза салған. Бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе де жоқтай. Бұл – ұлтараздық тудыратын сөз емес. Тіпті ІІМ ақпараттық порталының өзі мұның жүргізушінің "Күлкі күніне" арнаған әзілі болғанына назар аудартады. Полицейлер болса, тым салмақты қарады.
"Павлодарда қалжыңдағаны үшін жүргізушіге айыппұл салынды. 1 сәуір бұрынғы кезден "Күлкі күні" деп саналады. Бұл ресми мереке болмаса да, көптеген елдерде осы күні басқа адамдармен ойын-сауық құрып қалжыңдау салты орын алуда. Мәселен, 1 сәуір күні Павлодардағы Назарбаев даңғылы бойында "ВАЗ 2170" автомашинасы тоқтатылды, себебі көліктің артқы жағында мемлекеттік тіркеу нөмірі болмады. Онымен қоса, автомобильдің артқы жағында "Жұмабектің бажасы" деген жазу болды. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік кодекстің 590-бабы 2-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 10 АЕК (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынды, ал автомашинасы алып қойылып, автотұраққа қойылды", – деп мәлімдеді ІІМ.
Осылайша, полицейлер өз бедел-имидждеріне нұқсан келтірген құбылыспен күресіп жатқанға ұқсайды. Әйтпесе, басқаша түсіндіру қиын.
Бүгінде ел арасына кең таралып кеткен "Жұмабектің бажасымын" деген сөз құқық қорғау органын жайлаған кеселден көрініс береді. Еске сала кетсек, биылғы 8 наурызда Түркістан облысындағы Отырар аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қарсы жолаққа шығып алып, құйындатып келе жатқан Lada Priora көлігін тоқтатады. Әйткенмен, оның жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзғаны үшін ақталу орнына, полицейлерді "Жұмабектің бажасымын" деп үркітіп, доқ көрсетіп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Алғашында сасқалақтап, аңтарылып тұрып қалған тәртіп сақшылары артынша оны індетіп, тауып алады. Сөйтіп, Lada Priora-ны айып тұрағына әкеткен. Содан кейін автокөлік иесіне қатысты Әкімшілік кодекстің екі бабына сәйкес, хаттама толтырады. Атап айтқанда, жүргізуші үстінен "Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" деп аталатын 596-бабы және "Ішкі істер органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару" деген 613-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл баптарға сай жүргізуші 6 айға куәлігінен айырылуы және 30 АЕК айыппұл арқалауы мүмкін.
Полицейлер жиналған материалдарды процессуалдық шешім қабылдауы үшін сотқа жіберді. Дегенмен, медициналық тексеру нәтижесінде жүргізушінің спирт ішімдіктерін ішпегені белгілі болды.
Осы оқиға бейнеленген видеоролик әлеуметтік желіде "вирусты" сипат алып, жылдам тарап кетті. Ізінше YouTube-те "Жұмабектің бажасына" арналған "Бажамды кешіріңдер!" деген арнау ән жарияланды. Оның сөзін "Шаншар" театрының әртісі Дәурен Әбиев жазса, әнін "Шаншар", "Алдараспан" театрларында еңбек еткен әзілқой Мұрат Жаңабеков шығарыпты. Бұған қоса, интернетте, месседжерлерде осы оқиғаға орай әртүрлі күлкілі мемдер, саналуан вайндар, анимациялық ролик тарады.
Кейін атышулы "Жұмабектің" кім екені анықталды. Ол – Түркістан облысының Отырар аудандық полиция басқармасының Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, майор Жұмабек Төлеген болып шықты. Тәртіптік комиссия Ж.Төлегенді қызметінен шеттетті.
"Мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексін, полиция стандарттарын бұзғаны үшін Түркістан облыстық Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы шешімімен Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры атқарып отырған лауазымынан босатылды", – деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қарагөзова.
Ал полициядағы жемқорлықтан хабар беретін әлгі репликаның сәнге айналғаны сонша, ауыл-қалалардағы "темір тұлпар" иелері көлігінің артқы әйнектеріне, бүйіріне және басқа жеріне "Жұмабектің бажасымын!" деп жазып қоя бастады. Қазір полиция өзін келемеж еткен осы құбылыспен белсенді күресіп, байғұс әзілкештерді аулап, жазалауда. Бұл жерде ІІМ тіпті осы сөз тіркесінің жартысын қалдыруға да мүмкіндік бермейтін көрінеді.
Полиция қоғаммен санасқаны жөн
Сарапшылардың байламынша, құқық қорғау органдары қоғамдық пікірге құлағын түре жүргені жөн. Елге не ұнамаса, кім ұнамаса, содан арылғаны абзал.
"Қазіргі уақытта экономикалық жағдайы тұрақты, құқықтық санасы жоғары демократиялық елдерде полиция қоғамның басым көпшілігінің қолдауына ие. Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония секілді озық елдер маңызды бір әлеуметтік технологияны берік игерген: оның мәніне тоқталсақ, полиция қоғамдық тәртіпті қоғамның өзі қалайтындай деңгейде қорғауға міндетті. Сонда полиция жұрттың нені қалайтынын қайдан біледі? Ол үшін полицияның азаматтармен кері байланысы жолға қойылуы, тәртіп сақшылары сервистік қызмет көрсетуге көшуі керек. Бұл полицейлік күштерді ұйымдастырудың ерекше тәсілін және полиция кадрларын оқытуға заманауи тәсілдерді енгізуді талап етеді. Полиция қызметі батыс елдерінде барған сайын әлеуметтік бағдарлану сипатына ие болуда", – дейді заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов.
Қазақстанда да бүгінде сервистік қызмет моделі енгізілуде. Бірақ сыбайлас жемқорлық, туыс-туған, жора-жолдасқа көмектесу үшін лауазымды теріс пайдалану секілді кесір-кесапатты жоймай, халықтың қолдауы мен сенімін иелену қиын болмақ.
Жанат Ардақ