Жұманғарин қант нарығында монополия орнатуға әрекет еткен компанияны атады

1486

Айналым схемасына 100 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Неге бұл қаражат қант зауыттарына жетпеген?

Жұманғарин қант нарығында монополия орнатуға әрекет еткен компанияны атады

"Өткен аптада монополияға қарсы агенттікке қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бердім", – деп мәлімдеді Премьер-Министр Әлихан Смайылов 16 тамызда үкімет отырысында.

"Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын-алу керек", – деді үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануға тиіс.

Премьер-министрдің айтқанын су жаңа Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин кулуарда толықтыра түсті. Қант нарығында неліктен тапшылық болғанын тергеу қорытындысы анықтайтынын айтты. 

"Қазір қант нарығында заң бұзу белгілері байқалып отыр. Монополияға қарсы орган тергеуді бастады. Қант бойынша айналым схемасына айтарлықтай көп қаражат бөлдік. Көктемгі дала жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінген болатын. Айналым схемасына 100 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Неге бұл қаражат қант зауыттарына жетпеген? Анық-қанығынажету керек", – деді министр.

Сондай-ақ ол қант нарығында монополия орнатуға әрекет еткен компанияны атады.

"Ол бойынша қазір тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Соның қорытындысы шығуы керек. Ол шикі қантты сатып алуға, өндіруге ақша берген. Енді ақша берген адам 90 пайыз қантты сатамын деп өзіне алып алған. Ол деген бизнес, әрине. Неге болғанын қазір түсінуіміз керек. Проблема неге шықты? Неге айналым сехмасына берілген 100 млрд теңге әкімшіліктен бірден зауыттарға бармады? Заңсыздық белгісі бойынша тергеу басталды. Қорытындысын монополияға қарсы орган айтуы керек. Ол "КаИс Инвест" деген компания", – деді ведомство басшысы.

Еске саламыз, кеше Бақыт Сұлтанов Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды. Осы уақытқа дейін қант және басқа да тауарлардың қымбатшылығы мен тапшылығы туралы сұрақ осы Бақыт Сұлтановқа қойылып келген. Ол бір ай бұрын президенттен сөгіс алғаны белгілі. 

"Еліміздің дүкендерінде болып жатқан жағдайды қараңыздар, өте ұят", – деген еді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөгіс жариялай отырып.

Сонымен бірге Президент Тоқаев "айналым схемасын" сынап, бұдан былай сауда желілерін емес, өндірушілерге қолдау көрсетуді тапсырған. Дегенмен ертеңінде үкімет отырысында Бақыт Сұлтанов "айналым схемасын" қолдап сөз сөйлеген.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу