Жұманғарин Сұлтановтың "схемасын" өзгерткелі жатыр

1749

Бір апта бұрын ғана Сауда және интеграция министрлігіне келген Серік Жұманғарин өзіне дейінгі басшы Бақыт Сұлтановтың ізімен жүргісі келмейтінін аңғартты. Азық-түлік қымбаттап кетпес үшін Сұлтанов сүйреген "айналым схемасын" Жұманғариннің едәуір өзгертетін түрі бар. Бірақ қалай?

Жұманғарин Сұлтановтың "схемасын" өзгерткелі жатыр

"Айналым схемасына" қанша қаражат кетті

Жалпы "айналым схемасын" шенеуніктер бірнеше жыл бойы іске асырып келеді. Үкіметте әдетте, баяндама жасаған кезде Бақыт Сұлтановтан бастап өңір басшылары да схеманың сәтті іске асып жатқанын ауыз толтырып айтатын. Соған қарамастан, сарапшылардың көбі бизнес пен мемлекеттің бірлескен осы жобасын көп сынаған.

Сұлтанов сүйреген "айналым схема" – мемлекет пен сауда желісі арасындағы келісімшарт. Оған сәйкес, мемлекет тарапы жылына 0,01%-бен бизнес субъектілеріне, Magnum, SMALL, Skif Discount, Ақсай нан, JLC сынды ірі компания басшыларына несие береді. Ал аталған сауда желілерінің иелері ақшаны тек әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алуға жұмсауға міндеттеледі. Артынша әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрін мемлекет белгілеген бағамен сатады.

Осылайша, ірі сауда желілеріне жеңілдетілген несие 2019 жылдың ортасынан бастап беріле бастады. Бастапқы пилоттық кезеңде 2019 жылы 2,3 млрд теңге, 2020 жылы 11,8 млрд теңге бөлінді. Шенеуніктер бұл тетіктен артығын таппаса керек. 2021 жылғы желтоқсанға қарай "айналым схемасын" қаржыландыру көлемі 50,5 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Ал 2022 жылдың көктемінде қымбатшылық мәселесі талқыланған жиында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірлерге сауда орындарын жеңілдетілген несиелеуге кемінде 100 миллиард теңге бөлу керектігін қатаң тапсырған болатын.

"Тоңмойындығы үшін сынға аламын"

"Айналым схемасы" соншалықты мінсіз болса Сұлтанов неге орынтағынан кетті деген заңды сұрақ туындайды. Яғни бұл жерде бір гәптің болғаны анық. Схемаға сарапшылар бұрын да сын айтатын. Сын сөз уақыт өте келе Парламенттен де естіле бастады. Биыл мәселен, отырыстардың бірінде мәжілісмен Аманжан Жамалов азық-түлік бағасын ұстай алмаған Ұлттық банк пен Үкіметті "тоңмойындығы үшін" қатаң сынағаны есте. Жамалов ол тұста "айналым схемасына" 81 млрд теңге жұмсалса да, оның тиімділігі байқалмай, баға өсіп бара жатқанын ашық айтқан.

"Кеңес мүшелері "Magnum Cash&Carry" супермаркетіне барып, "айналым схемасының" қалай жұмыс істейтінін көрді. Тетіктің елеулі пысықтауды талап ететініне көз жеткізді. Мәселен, Магнумда 19 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша ғана бағаға тежеу жасалады. Екіншіден, "айналым схемасының" нақты әсерін есептеу мүмкін емес. Өйткені жалпы көлемдегі тауарлардың қандай үлесінің жеңіл бағамен сатылғаны туралы деректер жоқ", – деген еді ол.

Жамалов сонымен қатар жай халық қандай тауарлардың арзан бағамен сатылатынын білмейтініне назар аударған. Яғни супермаркеттердегі әрбір өнімде осы тауардың әлеуметтік маңызы бар тауар екенін, яғни арнайы бағасының көрсететін таңбалау бар. Бірақ бұл таңба әрең байқалады, соншалықты ұсақ әрі солғын.

Мәжілістегі сын сөзді Сенаттан Ақылбек Күрішбаев іліп әкеткен. Үкімет "айналым схемасын" қанша жарнамаласа да, Күрішбаев отырыста "ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ" деп қойып қалғаны бар-тын.

"Біріншіден, бізге заңнамалық деңгейде "азық-түлік тәуелсіздігі" ұғымын дәл анықтау қажет. Өйткені қазіргі тұжырымдама нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Мысалы, кейбір өнім түрлері бойынша өндіріс көлемі тұтынудың физиологиялық нормаларының негізінде есептелген ішкі нарықтың қажеттілігінен асып кетеді, яғни қағаз жүзінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырмыз. Ал шын мәнінде, бұл өнімдер бойынша біз импортқа әлі де тәуелдіміз. Басқаша айтқанда, халықтың азық-түлік тауарларының тұтыну нормаларын анықтауда объективті әсілдерге ауысуымыз қажет", – деген еді ол.

"Айналдырамыз, бірақ қашан өндіреміз?"

Таяуда БАҚ-қа сұхбат берген экономист Мақсат Халық Үкімет мүшелері жайлы "министрліктердің арасында ауызбірлік жоқ, бәрі бір-біріне сілтей береді" дегені бар. Айтса айтқанда, қымбатшылық жайлы сұраққа нақты жауапты Сұлтанов, Қарашөкеев қатарлы министрлер футбол добына айналдырғаны рас. Сытылу мен сілтеуден мың жерден мығым болса да, аталған екі министр шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттен сөгіс алып тынды. Тоқаев кейінгі төрт жылда қант қызылшасының аумағы үштен бірге азайғанын айта келе екі басшыға сөгіс жариялайтынын айтты.

"Үкімет "айналым схемасының" көлемін 100 миллиард теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр. Менің сұрағым бар. Күтілетін әсер есептелді ме? Сауда желілеріне емес, тікелей өндірушілерге несие беру қисындырақ болар еді. Енді Үкіметтен жауап күтпеймін. Біз тиімділік тұрғысынан түпкілікті шешім туралы ойлануымыз керек", – деген еді Тоқаев отырыста.

Осы сөз айтылып, сөгіс жарияланғаннан кейін Сұлтанов бәрібір "айналым схемасының" тиімді нәтижесін айтумен болды. Алайда оның "тиімділігін арттыру бөлігінде пысықтауды талап ететінін" де мойындап кетті. Әйтсе де, өзі қорғаған схемасын жетілдіруге Сұлтановтың енді мүмкіндігі болмайтыны анық. Сөгіс алғаннан кейін бір айдан соң орынтағымен қош айтысты.

Айтпақшы, өтіп бара жатқан аптада журналистер Үкімет отырысында Жұманғариннен "айналым схемасының" тағдыры не болатыны жөнінде сұрақ қойған. "Сол схеманы қалдырамыз" деген болатын жаңа министр. Алайда...

Делдалдармен күрес

Күні кеше ғана Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселелері бойынша кеңес өтті. Үкімет таратқан мәліметке сәйкес, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны 0,2%-ға өскен. Түтік кеспе (+2,1%), күріш, күнбағыс майы және тұз (+1,3%), ұн, сүзбе және қант (+0,6%) бағалары едәуір өскен. Көкөніс өнімдері – пияз (-4,6%), картоп (-1,8%), қырыққабат (-1,7%) және сәбіз (-1,5%) бағасы төмендеген.

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев облыстардағы сауда үстемесі жөніндегі комиссиялар мен мониторинг топтарының жұмысы туралы мәселені көтеріп отыр. Ол комиссиялардың жұмысын толығымен қайта қарап, азық-түлік бағасының қалыптасуына тікелей әсер етіп отырған арадағы делдалдарды анықтауға жұмылдыруды ұсынды. Ал Серік Жұманғарин алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгілегені хабарланды.

"Айналым қаражатын қаржыландыру және бөлу схемасын қайта қарайтын боламыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бес атауы бойынша өндірушілермен тікелей келісімшарт жасасу схемасына көшуді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз – тапшылыққа жол бермеу және негізгі азық-түлік өнімдері бағасының өсу қарқынын төмендету. Ең бастысы – толық бақылауды, оның ішінде өңірлік комиссиялардың қызметін бақылауды қамтамасыз ету. Делдалдарды анықтау бойынша өңірлік комиссиялар құру – мемлекет басшысының тапсырмасы. Олардың жұмысын Сауда және интеграция министрлігінің өңірлік бөлімшелерінің ресурстары есебінен күшейту қажет. Бұл жұмысты Сауда комитетіне тапсырамын", – деді Серік Жұманғарин.

Яғни "айналым схемасы" алдағы уақытта "өндірушілермен тікелей келісімшарт жасасу схемасына" өзгереді. Әзірге бірақ азық-түліктің бес түрі туралы айтылғанымен, қай түрі екені ашық жазылмаған. Бірақ делдалдармен күрес – құптарлық іс. Делдал дегенін істеп, шаруа бармағын тістесе, қымбатшылық қыса беретіні даусыз.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу