Жұманғаринге Сұлтановтан қандай проблемалар "мұра" болып қалды

2450

Мемлекет басшысының жарлығымен күні кеше Бақыт Сұлтанов Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды. 

Жұманғаринге Сұлтановтан қандай проблемалар "мұра" болып қалды

Қызметінен кетпей тұрып бір ай бұрын Президенттен сөгіс алған ол министр міндетін үш жыл атқарды. Оның орнына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин тағайындалып отыр. Бүгінгі министрге бұрынғы министрден қандай проблемалар "мұра" болып қалды? Inbusiness.kz тілшісі осы мәселелерге шолу жасап көрді.

Сұлтанов міндетін атқара алды ма

Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрі болып 2019 жылдың маусымында тағайындалды. Оның ел экономикасының ең маңызды саласына келген тұсы пандемиямен, оның салдарымен күресумен, ішкі өндірістің дамымай, геосаяси шиеленістің қиындығынан туған қымбатшылықпен тұспа-тұс келді. Қымбатшылық проблемасы қозғалғанда ең бірінші сұрақ осы Сұлтановқа қойылатын.

Әлбетте, экс-министр қымбатшылықпен күресудің өзіндік амалы ретінде айналма схеманы ұсынып көрді. Магнум, Смолл секілді ірі сауда нүктелеріне аз пайызбен несие беріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрін ұстап тұруға барын салған-ақ. Бұл схема қаншама сұрақ туындатса да, экс-министр ол жобаны қорғаумен болды. Айналма схеманың тиімділігін дәлелдеуге тырысатын. Ал қымбатшылық жайлы ыңғайсыз сұраққа ылғи да "оның бәрі Сауда министрлігіне қатысты емес" деп жиі жауаптан да жалтаратын еді. Жауаптан бұлай айналып өтудің амалы жалғыз Сұлтановқа тән болған жоқ. Журналистер бұл сұрақты бірде Сұлтановқа, бірде бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Омаров пен қазіргі Қарашөкеевке, бұрынғы ұлттық экономика министрі Ерғалиев пен қазіргі Қуантыровқа да қоятын. Енді бұл сұрақ тың серпінмен Жұманғариннің де соңына ілесетін болды.

Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық кеңесте Қазақстанның мүддесін қорғаушы министр-тін. Оның тұрақтандыру қорларын да жолға қою үшін біраз тер төккені белгілі. Алайда бір ай бұрын сөгіс алып, күзгі маусым басталмай лауазымынан кетуіне қарағанда Сұлтанов өзіне жүктелген міндетті орындай алмаған секілді. Қымбатшылық, қант проблемасы айналып келіп, оны орындағынан тайдырып отыр. Өндірістің бір жолға қойылмағанын, делдалдардың көптігін, Еуразиялық экономикалық одақ нарығының ықпалы сияқты себептерді атағанымен, жағдайды жақсартуға қауқарлы болмай шықты. Шайды қантсыз, бірақ балмен ішетін экс-министр осылайша қызметімен қош айтысты.

Жұманғариннің міндеттері

Жұмғанғарин қызметке тағайындалғалы оның журналиске айтқан әйгілі "жынымды келтірмеңізші" деген сөзі қайта "мемге" айналып шыға келді. Кезінде бұл сөзді эмоциямен айтқан болар. Алайда бұл жолы Жұманғарин нағыз "жынын келтіретін" лауазымға тағайындалып отыр. Әділін айту керек, Мәжіліс немесе Үкімет кулуарында Жұманғарин Сұлтановтай емес, сұрақтардың бәріне жауап беруге тырысатын шенеунік. Басқа министрлер кулуарда шығатын есік таппай жүгіре жөнелгенде Жұманғариннің журналистердің ортасынан кофесін ұстап алып, емін-еркін өтіп кетіп бара жататын. "Кофеленген" Жұманғаринді енді кулуардан көрмейтін болармыз. Өйткені оның мойнына Сұлтановтан біраз шаруа "мұра" болып қалып отыр.

Біріншіден, қант проблемасы. Сұлтанов бұған дейін қант бағасының шарықтап кетуін Ресей импортының күрт тоқтауымен байланыстырған. Яғни жанымыздағы Ресей қант сатпай қойғаннан кейін қант өндіретін алыс елдермен келіскісі келетінін экс-министр айтқан болатын. Енді бұл шаруаны Серік Жұманғариннің атқаруына тура келеді. Шет елдермен келісуден бөлек, ішкі өндірісті дамытуға да серпін керек. Ал бұл Үкіметтің ортақ міндеті.

Қант бағасы азық-түлік қымбатшылығының жалғыз проблемасы емес. Азық-түлік инфляциясы биыл ерекше байқалып отыр. Тамақ түрінің қай-қайсысы да қазір қымбаттап барады. Сарапшылардың кейбірі күз бен қыстың "тым ұзақ" болатынын айтып жатыр. Жұманғаринге жауапты басқа министрліктермен бірге жұмысты үйлестіріп, тың қадамдарды жасауына тура келері анық. Ал ол қандай қадамдар болады? Ол жоспарларды тез арада ойластырып, іске асырғанша Жұманғариннің де имиджі түсіп кетпей ме? Үлкен сұрақ.

Тұрақтандыру қорларының жұмысы. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысында біршама кемшілік бар. Оны да реттеуге тура келеді. Ол туралы осыдан аз уақыт бұрын экс-министр де айтқан болатын. Сұлтановтың айтуынша, тұрақтандыру қорлары қантты 450 теңгеден сатып алып, 400 теңгеге сатып алмайды. Өйткені ешкім шығынға жұмыс істемейді. "Бұл жерде бұған дейін сатып алынған қант уақытында сатылып кетпегеннен кейін дүрбелең туындаған. Тұрақтандыру қорларының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысының тиімсіздігінің бірі осында" деген еді Сұлтанов. Яғни Жұманғарин кез келген өнімнің өндірісі мен нарықтың қажеттілігін реттеп, балансын ұстауға күш салуы тиіс.

Жұманғарин тағайындалған лауазым – Сауда және интеграция министрлігі. Қазір Ресей Батыс елдерімен конфронтацияға келіп, сауда соғысы өршіп тұрғандықтан, бұл шиеленіс Қазақстан нарығына да әсер етері анық. Өйткені осы уақытқа дейін Қазақстан нарығын түрлі тауарлармен, өнімдермен қамтамасыз етіп келген Ресей ендігі кезекте экспорттық саясатын ішкі нарықтың қажеттілігін ескеріп қана жүргізетіні анық. Ал бұл өзгеріс Ресейдің Қазақстанға экспорт көлемін едәуір азайтады. Осы ретте алдымен саудаға, кейін интеграцияға жауапты Жұманғаринге азық-түлік пен тауардың кейбір түрлерін Қазақстанға жеткізу үшін Ресейден басқа мемлекеттермен көбірек келіссөз жүргізуіне тура келеді. Сүтті тетрапакет арқылы сататын бір ғана фольганың өзі Ресейден келіп жатқан. Осыған ұқсас мыңдаған тауардың тасымал желісі үзіліп қалды. Бұл шаруаны экс-министр Сұлтанов атқармады деу қате. Басталған іс енді жаңа министрдің "еншісінде".

Азық-түлік қауіпсіздігі. Қазақстан ауыл шаруашылығының біршама өнімін өзі өндіргенімен, отандық нарықты толық қамтамасыз ете алмайды. Әрине, бұл іс ең алдымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті десек те, ішкі нарықта кез келген тауардың реттелуіне Сауда және интеграция министрлігі ықпал етері анық. Азық-түлік қауіпсіздігі де осы ретте Жұманғариннің бас қатыратын басты проблемаларының бірі болғалы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу