Осыдан бірнеше жыл бұрын жоспарға енгізілген, бой көтеруге тиіс құрылыс нысандарының бірі жеңіл атлетикалық манеж еді. Қазіргі таңда бұл нысанның құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары бұл манежге бөлінген қаржының тым көп екенін айтып шағымдануда. Иә, расымен де, 32,2 млрд теңге жұмсалатын бұл кешеннің бағасы неге сонша қымбат екені барлығымызды таңқалдыртты. Себебі 84 млн доллар көлеміндегі қаржыға өзге елдерде 50-60 мың адамға арналған ультра заманауи стадиондар соғылып жатыр.
Енді осы ғимараттың мінездемесіне тоқталсақ. Бұл кешен ішінде жеңіл атлетика спортының барлық түрін өткізуге болады әрі трибунасына 7 мың адам сияды деп жоспарланған. Әлбетте, мұндай ғимараттар әлемнің озық елдерінде бар. Дегенмен шолу жасап шықсақ, АҚШ пен Ұлыбритания астанасы Лондонда соғылған ғимараттардың құрылысына біршама аз қаржы кетіпті. Стадионның көлемімен бірдей манежді Луисвилл қаласының әкімшілігі 30 млн долларға саламыз деп отыр.
Иә, расымен алғанда, 7 мың адам сиятын, жеңілатлетика спортын өткізе алатын, сонымен қатар әртүрлі спорттық шараларға сәйкес өзгеріп отыратын ғимараттың құрылысы қомақты қаржы болатыны анық. Алайда 84 млн еуро тым көп екені байқалады. Мысалы, барлығымызға таныс "Мэдисон Сквер Гарден" кешені сондай әмбебаптығымен танымал. Оның ішінде Геннадий Головкиннің бокс кештері, кинопремьералар, концерттік қойылымдарға дейін өтеді. Біздің кешеніміздің де сондай болатыны анық, бірақ көрермен сыйымдылығы соншалық үлкен емес. Ал салыстырмалы түрде оған көп қаржы кетуінің себебі белгісіз.
Соңғы 10 жыл көлемінде мұндай кешендердің біршамасы Ресей, Украина, Түркменстан мен Белорусь елдерінде де бой көтерген. Олардың әрқайсысының мінездемесі әртүрлі. Жүгіру жолағының ұзақтығы, кешеннің аумағына сәйкес әртүрлі бағада өзгеріп отырған. Бірақ көбісінің құны 10-15 млн доллардан аспаған.
Мысалы, Қарағанды қаласының 2018 жылғы табысы 57 млрд теңге болыпты. Яғни, жарты миллион тұратын қаланың бюджетінен 13 млрд-қа қымбат тұратын спорт кешенін салудың өзі қисынды ма? 2018 жылы Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков: "Бұл кешенге қаржы бөлінді, жақын арада құрылысы басталады. Құрылыс "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясының арқасында жүзеге асады" , – деп мәлімдеген еді.
Осы жақында ғана Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның қайта жөндеу жұмыстарына 44 млн еуро қаржы бөлінгендігі де халықтың наразылығын тудырған болатын.
Ермұхамед Мәулен