Жұмыртқа өндірушілер жаңашылдықты қалайды

3749

Өндірушілердің пікірінше, жұмыртқаны терең өңдеу тек техникалық регламент өзгергеннен кейін ғана жақсы дамитын болады.

Жұмыртқа өндірушілер жаңашылдықты қалайды

Қазақстан Республикасының статистика комитетінің мәліметіне сүйенер болсақ, 2017 жылы кәсіпорындар еліміздің тарихында алғаш рет 5 млрд дана тауық жұмыртқасын өндірген. Барлық өндірілген көлемнің бестен бір бөлігін шығарған Алматы құс фабрикалары нарықта көшбастап тұр десе болады. Астанадағы құс фабрикалары 800 млн дана, ал Қостанай мен Қарағанды облыстарындағы, сондай-ақ СҚО-дағы құс фабрикаларының әрқайсысы 600 млн-нан астам жұмыртқа өндірген.

Осы өнімнің басым бөлігін құс фабрикалары өндіреді, алайда статистикалық мәліметтер Қостанай облысы сияқты бірқатар өңірде барлық көлемнің үштен бір бөлігі халық шаруашылықтарына тиесілі екенін көрсетеді. Жеке үй-жайлар әлі күнге дейін ірі кәсіпорындармен бәсекеге түсіп отыр. Олар жалпы еліміз бойынша жылына бір млрд тауық жұмыртқасын шығарады. ЖК, фермерлік және шаруа қожалықтары бұл өнімді өндірумен мүлдем айналыспайды, олар жылына 20 млн данадан аз өнім шығарады. Бұл көлемді ірі құс фабрикасы бір айда шығарады.

Егер өндіру көлемінің өсу қарқынын сараптайтын болсақ, онда ол тұрақты және жоспарлы. Соңғы он жылда еліміздің құс фабрикалары жылсайын 200-300 млн жұмыртқадан өсіріп отыр. Осы көлем нарықтың ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы салада жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер елімізде Жаңа жыл мен Пасха кезінде жұмыртқа бағасының күрт өспегеніне де бірнеше жыл болғаны атап кетті. Ал жұмыртқа бағасы қыста қымбаттап, жазға қарай түсетіні үйреншікті жағдай.

2015-2017 жылдары Қостанайдағы тауық жұмыртқасының бағасына мониторинг жасаған abctv.kz тілшісі 2015 жылдың қаңтарында он дана жұмыртқа 200 теңге тұрғанын, ал 2016 жылы 240 теңге шамасында, 2017 жылы 280 теңге болғанын анықтады. Ал мамыр-маусым айындағы бағаларды сөз етер болсақ, онда ол кезде тауық жұмыртқасының он данасының бағасы 2015 жылы 150 теңгеге дейін түскенін, ал 2016 жылы 170 теңге болғанын көруге болады. Былтырғы жылы да жұмыртқа бағасы осы шамада болған. Осы жылдың жазында Қостанай дүкендерінде жекелеген құс фабрикаларының өнімінен былтырғы жылғы бағаны көруге болады. Ал жұмыртқаны он емес, лоткамен алатын болсақ, онда 30 жұмыртқаны 453 теңгеге, ал 10 жұмыртқаны 153 теңгеге (astykzhan.kz порталының мәліметі) сатып алуға болады.

Негізінен ең төмен бағаны материалдық қиындық көріп отырған өндірушілер ұсынып отыр. Оған айқын дәлел ретінде бірнеше жыл бойы айналым қаражатының жетіспеу мәселесін шеше алмай отырған қостанайлық "Север-Птица" ЖШС-ын алуға болады. Жақында Қостанай облысы әкімінің қатысуымен өткен кездесулердің бірінде кәсіпорында жергілікті тәжірибелі аграрлардың арасынан жаңа инвестор пайда болатыны туралы айтылды.

Ал өңдеуге қаражат салып отырған компаниялар жайлы айтатын болсақ, онда олардың барлығындағы өнімнің бағасы шамамен деңгейлес. Бұл әр кәсіпорынның жаңғырту жүргізуге алған несиені төлей отырып, субсидия алатындығымен байланысты.  

Алмастырушыны алмастыру
Бүгінгі күні супермаркеттер желісіндегі жұмыртқа өнімінің он данасы 190-210 теңге шамасында сатылып жатқан "Жас Қанат 2006" ЖШС-ның директоры Қайрат Маишев шығынның көбейіп бара жатқанын тілге тиек етті. Оған жемазық пен дәрумендер ғана емес, сонымен қатар доллардың өсуіне байланысты жабдықтың қымбаттауы да әсер етіп отыр.

Өнімнің түпкілікті өзіндік құнын төмендетіп, қосымша пайда табуға ұмтылған жұмыртқа өндіретін көптеген құс фабрикалары жарамсыз деп есептен шығарған мекиендерді сою және оларды өңдеу желісін жолға қойған. Мұндай құстың жасы сойылатын сәтте бір жарым жылды (560 күн) құрайды.

Қостанайлық кәсіпкер Қазақстанның жұмыртқа өндіретін құс шаруашылығы саласы одан әрі дамытуды қажет ететінін, өйткені олар үшін ішкі нарық тар бола бастағанын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда тауық жұмыртқасын өндірістік көлемде өңдеу қажеттігі айтыла бастаған.

"Мұны бастамас бұрын бізге техникалық регламентті өзгерту керек. Өйткені жұмыртқаны өңдеу деген жарылған, мұздатылған, ағауыз бен сарыуызы ажыратылған жұмыртқа дегенді білдіреді. Өңдеудің негізгі бөлігі спорттық тамақтануға арналған өнімді өндіруге қажет өнім керек арнайы компанияларға кетеді. Бірақ әзірге Қазақстанда техникалық регламент жұмыртқа сарыаузын алмастырушыларды қолдануға рұқсат беріп отырғандықтан, бізде өңдеу қолға алынбайды", – деді Қайрат Маишев.

Кәсіпкердің айтуынша, табиғи өнім баға бәсекелестігінде алмастырушыларға қарсы төтеп бере алмайды. Еуропада бұл мәселені жасанды сарыуызды қолдануға тыйым салу арқылы шешіп қойған. Сөйтіп бұл қадам терең өңдеуді дамытуға түрткі болды. Мұндай қадамның саланы дамытудан басқа тағы бір пайдасы Қазақстан үшін импорталмастыруда болғалы отыр. Елімізде сарыуызды алмастырушылар өндірілмейді.

Қайрат Маишевтің сөзінше, бүгінгі күні көптеген ірі құс фабрикалары қажет желілерді орнатып, өңдеуді бастауға дайын. Ол "Шаңырақ", "Қазгер Құс", "Көгер ЛТД" және басқа брендтер басшылығы да осындай ойда отырғанына тоқталды. Өндірушілер тауық жұмыртқасын өңдеу мәселесін осыдан бірнеше жыл бұрын көтерген. Қазір бұл мәселе ауыл шаруашылығы мен ұлттық экономика министрлігінде қаралып жатыр. Алайда құс өсірушілер шешімнің жылдам қабылданатынына сенбейді. Бұл саны көп келісімнен өту керек.

Цифрлық оңтайландыру
Өңдеу мәселесін жаңғыртудан өтіп, өндірістік шығындарды оңтайландырып, өз өнімдерін экспортқа белсенді шығарып жатқан компаниялар көтеріп отырғаны маңызды.

"Құс қораның жұмысын (судың берілуі, ауаның сапасы, жемнің таратылуы) қадағалау үшін үнемі мониторинг жүргізіп отыру керек. Бізде әрбір құс қораның өз қадағалау, дабыл қаққыш жүйесі бар, ол бірдеңе бұзылған кезде ғана дабыл қағады. Сонымен қатар инженерлік бригадалар бар, олар үнемі аралап қарайды. Бірақ біздегі ұзындығы 150 метр болатын 15 құс қораның барлығын аралау көп уақытты қажет етеді. Яғни өнімділік төмендеп кеткенде ғана себебін анықтауға кірісеміз. Ескертуге мән бермейміз. Бұл жүйе әрекет етудің жылдамдығын бірнеше есеге өсіруге мүмкіндік береді", – деді Қайрат Маишев.

Балапан өсірудің маңызы зор
Бүгінгі күні қазақстандық құс шаруашылығы саласының ғылыми негізі шетелдік әзірлемелерге сүйенеді. Кростар ( құс тұқымы), жабдық, құсты ұстау технологиясы және қоректендірудің  барлығын шетелдік мамандар әзірлеп, мақұлдаған. Қазақстанға тіпті бір тәулік қана болған балапанды импорттайды. Өзінің асыл тұқымды құс шаруашылығы бар құс фабрикалары бұл балапандарды сатуға құқы жоқ. Өндірушілердің өздері айтпақшы, "өндірушінің фабрикасындағы барлық ветеринарлық проблемаларды өзіңе әкелесің". Кезінде елімізде өзінің "Медеу" кросы болған, алайда қазір Қазақстанға жыл сайын тоғыз миллионға жуық тәуліктік балапандар әкелінеді. Сонымен қатар құс фабрикаларының жанындағы асыл тұқымды шаруашылық үш млн балапан береді.

Қостанай облысында үш миллионға дейін тәуліктік балапан шығара алатын екінші категориялы асыл тұқымды репродуктор салынады. Қазіргі таңда келіссөздар жасалып, құжаттар рәсімделіп жатыр. Жобаның бастамашысы – "Жас Қанат 2006" ЖШС. Құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр. Жобаның құны шамамен екі миллиард теңге, алайда бұл әзірге алдын ала белгіленген баға ғана. Ықтимал серіктестер/жеткізушілер – Голландия және Ресей. Сондай-ақ басқа елдер де жұмыс істеуге, өндірісті жолға қоюға көмектесуге дайын. Бұл жоба тәуліктік балапандарды сатып алуға кететін шығынды азайтып, кәсіпорынды сыртқы нарықта бағаның өсіп кетуінен қорғайды.

Дегенмен алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Бүгіннің өзінде жоба бастамашылары Қазақстанда оқытылмайтын кадрларды табу қиын болатынын айтып отыр. Сондай-ақ әңгіме салалық мамандықтар, тап осы құс шаруашылығына маманданған технологтар жайында болып отыр. Бірақ та компаниядағылар мұндай жоба мен жоғары технологиялық өндіріс болмаса, қазақстандық құс өсірушілер отандық ғылымды жүзеге асыра алмай, сол қалпында шетелдік серіктестерге тәуелді болып қалатынын айтуда.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу