Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер зейнетақысыз қалмайтын болды

3563

Өткен аптада "енді жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер зейнетақыдан қағылуы мүмкін" деген ақпарат шықты. 

Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер зейнетақысыз қалмайтын болды Фото: Azattyq Rýhy

Күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қоғамда қызу талқыланған мәселеге нүкте қойды. Айтуынша, бұл ұсыныс болғандықтан, ол Үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ. Сала мамандары министрдің осыған дейінгі мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл – қазіргі таңда бюджет тапшылығының нағыз белгісі. Демек, Үкімет бюджетті үнемдеудің түрлі әрекеттеріне, шараларына барып отыр. Соның бір бағыты – зейнетақыны үнемдеу. Бұл әлеуметтік мемлекет үшін өте ауыр және дұрыс қадам емес. Қоғамда, әсіресе, білім мен ғылым саласында, нақтылы өндірістерде ғалымдар, білікті тәжірибелі инженерлер, мамандар жетіспейді. Сондықтан ЖОО, ғылыми институттар, құрылыс, энергетика, кейбір өндіріс салалары осындай адамдарды зейнет демалысына шықса да ұстауға тырысады. Біз нарықтық экономикаға қадам басқан мемлекетпіз. Демек, кез-келген кәсіпорын үнемдеуді басты бағытқа қояды. Олай болса, оларға да зейнет демалысындағы азаматтарды өзінде ұстау тиімсіз ғой", – деді экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан  редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Сарапшыдан мұндай қадамға бару бюджет тапшылығын шеше ме деп нақтыладық.

"Еңбек демалысындағы жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын үнемдеу арқылы бюджет тапшылығының орнын толтыру мүмкін емес. Үкімет ең алдымен  нәтижесі "түсініксіз" жобаларға талдау, мониторинг жүргізу керек еді. Бюджет арқылы миллиардтаған қаржы жұмсап отырған квазимемлекеттік мекемелерге де жүйелі талдау жасалды деп айту қиын. Мемлекет қаржысын оңды-солды шашуға, жемқорлықтың терең тамырлы ұясы болған "мемлекеттік тендер" деген батпанқұйрық әлі ойын алаңында. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың және оның нәтижесін бақылаудың тетіктері осал. "Самозанятые" деп аталып кеткен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мемлекетке ешқандай салық төлемейді. Міне, осындай макроэкономикалық реттеулер жүйесі бүгінгі талапқа сай емес",  деп атап өтті ол.

Қайрат Бодауханның сөзінше, зейнетақы жүйесін реформалау тиісті деңгейде нәтиже бере қоймады. Сарапшы болашақта еңбек жасындағы азаматтарға жүктеме арта түсетінін жеткізді.

Ал экономист Меруерт Махмұтова жұмыс істеп жүрген зейнеткер бір зейнетақыға өмір сүре алмайтынын айтты.

"Әрине, зейнет жасына жетіп жатқандар демалғысы келеді. Олардың жұмыс істеп жүргендері – біздегі зейнетақының жеткіліксіз болуы. Жұмыс істеп жүрген зейнеткер жұмысын тастап, зейнетақысына ғана өмір сүре алмайды. Сондықтан амал жоқ, жұмысты да істейді. Менің ойымша, бұл халықтың қамын ойламай, қазір бюджетті немен толтырамыз деген оймен ұсынылған. Бұл – қате ұсыныс. Адам өзінің бұрынғы табысынан мөлшері 20 пайызын ғана зейнетақы ретінде қолына алады. Бұл адамның күнкөрісіне жетпейді", – деді ол.

Экономика сарапшысы Айбар Олжай да жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерді зейнетақысыз қалдыру ұсынысы бюджет мәселесін шешпейтінін баса айтты.

"Болашақта бұл зейнеткерлердің ресми жұмыс нарығынан кетіп қалуға әсер етуі мүмкін. Себебі зейнетақыдан айырыламыз деген қауіп болса, олар істеп жүрген жұмысынан кете бастайды. Болашақта мұның ел экономикасы үшін екіұдай, белгілі бір жағымсыз салдары болуы мүмкін. Дәл осындай құралмен бюджет тапшылығын шешу ұзақмерзімді стратегияға қарағанда дұрыс қадам деп ойламаймын. Адам зейнетке бұған дейінгі жұмыс істеу өтілімен заң арқылы шықты, оған зейнетақы белгіленді", –  деді спикер.

Айбар Олжай зейнетақыны адамның осыған дейін істеген жұмысының белгілі бір сыйақысы, төлеп келген салығының кэшбегі не өтемақысы сияқты қарастыру керек екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу