Министрлер кабинетінің бүгінгі жиынында 2017-2021 жылдарға арналған "Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік", сондай-ақ "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламаларының іске асырылу барысы қаралды.
"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов үкімет басшысына бір ұсыныспен шықты.
"Біздің ұстанымымыз бойынша жұмыспен қамтуға осы саладағы жеке агенттіктерді көбірек тарту керек. Мысал үшін айта кетейін, "Хед Хантер" порталының базасында жұмыс іздеген адамдардың 1,2 миллион түйіндемесі орналастырылған. Ал "Еңбек.кз" базасында небары 19 мың ғана түйіндеме бар. Бұл интернет ресурсты ұстап тұруға мемлекет 4-5 миллиард теңге шығындайды", – деді кәсіпкерлер палатасының басшысы.
КҰП осы орайда Оңтүстік Корея елінің тәжірибесін зерделеген екен. Бұл елде де сондай жағдай болған. Бүкіл Азия елдері үшін дағдарысты 1998 жылы Оңтүстік Корея "Еңбек.кз"-дай мемлекеттік балама құрыпты және ол 3,8 миллион түйіндеме ғана жинай алған. Ал жеке бизнес түзген "Сомаринде" 25 миллион түйіндеме қордаланған. Яғни, бизнес өзі бұл салада анағұрлым табысты жұмыс жасауда.
"Біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бұл мәселеде ұдайы байланыс жасап отырамыз, ведомство бұл проблеманы біледі. Біз жұмыспен қамтуға жеке агенттіктерді көбірек тартуды, ал мемлекеттік "Еңбек.кз" бойынша техникалық шарт қойып, оны аутсорсингке беруді ұсынамыз. Біздің байламымызша, бұл салада жеке сектор тиімдірек жұмыс атқарады", – деп түйді Абылай Мырзахметов.
"enbek.kz" электронды еңбек биржасында дәл қазір 12 442 түйіндеме тіркеліпті. Биржаның ресми мәліметі бойынша онда жұмыс берушілер 26 589 бос жұмыс орнын ұсыныпты. Алайда әзірге тек 360 адам ғана жұмыс таба алған көрінеді. Егер кәсіпкерлер палатасы келтіргендей, биржаны ұстап тұруға жұмсалатын 4-5 миллиард теңгені арзан шағын несие ретінде таратса, қаншама адам өз кәсібін ашқан болар еді.
Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылға 85,3 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеді.
"Биылғы жылдың 1 тамызындағы деректер бойынша, бағдарламаға қатысуға 276,2 мың адам өтініш білдіріпті. Олардың 248,4 мыңы немесе 90%-ы бағдарлама қатысушыларының құрамына қосылды. Қатысушылардың құрамына қосылғандардың қатарында жұмыссыздар – 200 мың адам немесе бұл жалпы санының 80,5%-ы. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 48,4 мың адам немесе 19,5%-ы. Әзірге 213,9 мың адам жұмысқа орналастырылды, олардың 178,3 мыңында немесе 83,4%-ының міндетті зейнетақы жарналары бар. Тұрақты жұмыс тапқандардың үлесі 56,1% немесе 119,9 мың адам", – деді вице-министр.
Бағдарламаның І-ші бағыты аясында 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҰБТ-дан өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері тегін кәсіби және техникалық білім берумен қамтамасыз етіледі. 21 мыңға жуық жастар 2,5 жылға кәсіптік-техникалық колледждерге оқуға жіберіледі, олардың оқуларының ақысы әрі шәкіртақысы, жол жүруге жұмсайтын ақшалары төленеді және бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, 1 сәуірден бастап нарықта сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіптер бойынша жұмысшы мамандарды қысқа мерзімді кәсіби оқыту жұмыстары басталды. Бүгінде қысқа мерзімдік курстарға 27,7 мың адам бағытталған.
"Министрлік пен "Атамекен" КҰП арасында өзара ынтымақтастық пен әрекеттесу жайлы меморандумға қол қойылған. Қазіргі кезде "Атамекен" КҰП тізіліміне 39 кәсіпорын енген. Бүгінде Алматы мен Қызылорда облыстарында жұмыс берушілердің оқу орталықтарында оқу басталған. 5 өңірде, яғни Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай облыстарында қанатқақты тәртіпте мобильді оқу орталықтары арқылы қысқа мерзімге арналған кәсіби оқыту сынақтан өтеді. Қазірде Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мобильді оқу орталықтарын жеткізу бойынша қызмет көрсетушілермен шарттар жасалып, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында байқау процедуралары өткізілуде", – деді Біржан Нұрымбетов.
Бағдарламаның ІІ-ші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағдарланған. Осы мақсаттарда жаңа бағдарламада шағын несиелендірудің ауқымы кеңейтілген. Несиенің ең көп сомасы 18 млн теңгеге дейін ұлғайтылған. Несиелендіру мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығымен айналысу немесе ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға несие мерзімі 7 жылға дейін созылады. Қарызгерге несие жылына 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен беріледі.
Несиелердің қолжетімділігін арттыру мақсатында несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген – істі жаңадан бастап жатқандарға – 85%-ға дейін, ал бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлерге 50%-ға дейін беріледі. "Ауылда шағын несие беру ережелерінде" шағын несие беруге қажетті құжаттардың саны қысқартылды, жеке тұлғаларға 30-дан 14-ке дейін, заңды тұлғаларға 9 құжатқа дейін азайтылды.
7 айда ауылда 3 102 шағын несие берілсе, оның ішінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 2 581 адам, Аграрлық несие корпорациясы арқылы (шағын несиелеу ұйымы мен несиелік серіктестіктер) 521 адам несиеленген. Бұл ретте 1 886 адам немесе жоспардан 32,5% жаңа бағдарлама қаражаты есебінен шағын несие алған (5800 шағын несие).
Ең көп шағын несие Оңтүстік Қазақстан (922) және Павлодар (144) облыстарында берілген.
Бағдарламаның ІІІ-ші бағыты бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарға жұмыспен қамтамасыз етілуге көмек көрсету аясында 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды, әлеуметтік жұмыс орындарына – 18 мың адам (жоспардың 109,7%-ы), 61 мың адам (78,5%) – қоғамдық жұмыстарға, 15 мың жас маман (88,2%) "жастар тәжірибесіне" қатысуда және шамамен 120 мың адам Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналасты.
Еңбек ұтқырлығын арттыру шаралары бойынша бағдарламаны тәжірибеде шыңдау мақсатында, елдің солтүстік және орталық облыстарындағы жұмыс берушілердің қатысуымен еңбек күші артық өңірлерде 5 өңіраралық бизнес-форум өткізу жоспарланған.
Ағымдағы жылы көшті қабылдайтын өңірлердегі жұмыс берушілердің атсалысуымен Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті.
Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 442 отбасы қоныс аударса, оның 172-сі еңбек күші артық өңірлерден көшкен ішкі қоныс аударушылар болып саналады.
"Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік қолдау шаралары шағын және орта бизнестің мұқтаж субъектілеріне қайта бағдарланатынын жариялады.
"2017 жылы "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 49,1 млрд теңге бөлінді, оның 30 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттер арқылы қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Бірыңғай бағдарламаның қатысушылары 204 млрд теңге сомасында салық төлеген. Олар шығарған өнімнің жиынтық пайдасы 3,3 трлн теңгені құрады. 47,5 мың жұмыс орны сақталды және құрылды", – деді Тимур Сүлейменов.
Ол бүгінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың есебінен 1 024 кәсіпкер өз жобаларының қаржыландыру шарттарын жақсарта алғанын атап көрсетті. Арзандатылған несиелер сомасы 90,1 млрд теңгені құрады. Берілген субсидиялардың жалпы көлемі 17,5 млрд теңгені құрайды.
"505 кәсіпкер 17,1 млрд теңгеге несиелер бойынша кепілдеме алуға қол жеткізді. Кепілдердің жалпы көлемі 6,8 млрд теңгені құрады. 15 млрд теңге сомасындағы 24 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жетіспейтін инфрақұрылым жүргізілді. Жаңа бизнес бастамаларын жүзеге асыру үшін 221,4 млрд теңге сомасындағы 114 мемлекеттік грант берілді", – деді министр.
Бұдан басқа, 14 мың жаңа және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер бизнес-тәжірибелерден өтті және кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренді.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы заң аясында субсидиялауға, несиелерді кепілдендіруге және мемлекеттік гранттарды беруге облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті бюджеттерінде шығындар көзделіп отыр. Аталған өзгерістер жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағдарлайды.
"Ағымдағы жылы алдыңғы жылдарға қарағанда бюджеттік қаражатқа қосымша қажеттіліктер жергілікті бюджеттердің есебінен қаржыландырылуда. Істің мұндай беталысы әкімдіктерді неғұрлым нақты есеп жүргізуге және кәсіпкерлердің нақты жобаларына қаржы бөлуге ынталандырады. Бұл мүмкіндіктерді қазірдің өзінде Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері пайдаланып отыр, бұларда 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген", – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, экономиканы несиелеудің ішкі нарығындағы ағымдағы жағдай бағдарламаға тұжырымдамалық өзгерістер енгізуді талап етеді.
"Несиелер бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін енгізуге тоқталайын. Бүгінде ол бойынша субсидиялау жүзеге асырылатын несиелер сыйақысының номиналдық мөлшерлемесінің шекті көлемі 19%-дан аспауға тиіс. Бұл ретте, қарыздық қаражаттардың өзіндік құнының бағдары болып табылатын ұлттық банктің базалық ставкасы 10,5%-ды құрайды. Іс жүзінде қазіргі кезеңде мемлекет несие қаржыларының құнын әлдеқайда артық төлеп отыр", – деді бас экономист.
Бұдан басқа, 180 млн-ға дейінгі несиелерді субсидиялау кезінде Өңірлік үйлестіру кеңестерін (ӨҮК) қатыстырмау ұсынылып отыр.
"Бүгінде 180 млн теңгеге дейінгі несиелерді ӨҮК-сіз кепілдендіру тәжірибесі бар. Бұл берілген несиелер санын осындай өзгерістер енгізілген күннен бастап екі еседен артық ұлғайтуға мүмкіндік берді", – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін қазіргі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр.
Бірыңғай бағдарламадан ірі кәсіпкерлік субъектілерін алып тастау да ұсынылуда. "Өңірлердегі бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің ауқымды жобаларына мемлекеттік қолдау көрсетудің есебінен орын алып отырғанын атап өту қажет", – деді ол.
"Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік қолдау шараларын мұқтаж шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қайта бағдарлайды, 180 млн теңгеге дейінгі кәсіпкерлік жобалары бойынша қабылданған шешімдердің жеделдігін арттырады деп ойлаймыз", – деп түйді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Бақыт Көмекбайұлы