Жұмысшы азаматтарға пәтер сатып алуға керемет мүмкіндік туды

748

Президент биылғы жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялағаны мәлім.

Жұмысшы азаматтарға пәтер сатып алуға керемет мүмкіндік туды Фото: canva.com

Соның аясында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен ел Үкіметі тек қана техникалық мамандарға арналған "Наурыз жұмыскер" атты жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты.

"Наурыз жұмыскер" – қолданыстағы "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігіне айналады.

Жаңа бағдарламаның басты мақсаты – жұмысшыларды баспанамен қамту мәселесін шешу. Оның операторы Отбасы банкі болады.

Бұл бағдарлама аясында оператор 2025 жылдың 17 наурызынан бастап азаматтардан өтінімдерді қабылдауды жоспарлап отыр.

Бағдарламаның аясында:

  • өнеркәсіп,
  • энергетика,
  • көлік,
  • ауыл шаруашылығы,
  • су ресурстары салаларының қызметкерлері арзандау ипотека ала алады. 

Бірақ бұл ақырғы тізім емес. Түпкілікті тізім сәл кейінірек жарияланады. Оны Отбасы банк "Атамекен" палатасымен бірге әзірлеуде.

Осы бағдарлама аясында жұмысшы мамандықтарының өкілдері арасынан биылғы 2025 жылы 2 440 адамға жеңілдетілген несие беру жоспарланған.

Оларға 72 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінуде.

Жаңа "Наурыз жұмыскер" бағдарламасының шарттары келесідей.

Бастапқы жарна көлемі:

  • құрылыс компанияларының өзі сататын таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін – кем дегенде 10% және одан жоғары;
  • әрленбеген бастапқы тұрғын үй немесе пәтер иелері, жылжымайтын мүлік агенттіктері және басқасы сататын қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін – ең кемі 20% және одан көп.

Бірақ ірі қалаларда бағдарлама тек бастапқы нарықпен шектелуі мүмкін. Бұл ипотекамен қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алу – құрылыс компаниялары жаңа тұрғын үй кешендерін салуға қызықпайтын моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде рұқсат етілмек.

Жаңа ипотекалық несие келесі пайыздық ставкамен беріледі:

  • әлгінде аталған тізімге кіретін жұмысшылар ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына жататындары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін);
  • қалған барлық санаттар үшін 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).

Жаңа бағдарлама аясында облыстар үшін – қарыздың ең жоғарғы сомасы 30 миллион теңгені, Астана мен Алматы қалалары үшін – 36 миллион теңгені құрайды.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Наурыз жұмыскер" бағдарламасына кімдердің ілігетінін нақтылады. Отбасы банктің ипотекалық бағдарламаларына қатысуға құқығы бар жұмысшы мамандықтардың тізімдері ЭҚЖЖ (Экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші) бойынша арнайы тізіммен анықталады.

"Отбасы Банкі" АҚ Орталық филиалының басқарушы директоры Жанар Ізімбетованың айтуынша, жаңа бағдарлама аясында арзандау ипотека ала алатын кәсіп иелерінің нақты тізімін, сондай-ақ нақты салалардың тізімін арнайы жұмыс тобы дайындап жатыр.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да өз тарапынан бұл тізімге ұсыныстар енгізетін болады.

Бұдан бөлек, баспананы жұмысшы мамандық иелеріне қолжетімді ету үшін Үкімет кәсіпорындардан ұқсас бағдарламаны қолға алып, арзандатылған ипотека беруді ұсынды.

Осы мақсатта "Наурыз жұмыскер" бағдарламасы сыртында Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен "Корпоративтік–Корпоративный" өнімі аясында жұмыс істейтін болады. Бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуін қарастырады.

Отбасы банк мамандарының түсіндіруінше, "Корпоративтік" деп аталатын өнім 2019 жылы әзірленген, содан бері қолжетімді. Ол іске қосылғалы 1 мыңдай адам корпоративтік ипотека рәсімдеген екен.

Оларға 5,6 миллиард теңге қолжетімді қарыз қаржы үлестіріліпті.

Бұл бағдарлама шарттары бойынша еліміздегі өндірістік компаниялар Отбасы банкіне 0,01% ставкасымен 8 жылға дейін ақша береді. Осы қаражатқа мемлекеттік банк қатысушы кәсіпорынның жұмысшыларына 5% ставкасымен 19 жылға ипотека ұсынады.

"Корпоративтік" өнімі бойынша қатысушы компаниялардың жұмыскерлері бастапқы немесе қайталама нарықта ең жоғарғы құны 50 миллион теңгеге дейін баратын пәтерді, үйді сатып ала алады. "Наурыз жұмыскерден" айырмашылығы сол, мұнда заемшыдан бастапқы жарна енгізу талап етілмейді.

Осы орайда компания өз қызметкерлеріне корпоративтік ипотека беру үшін Отбасы банкіне берген ақшасы 8 жылдан кейін оған кері қайтарылады.

Мамандардың түсіндіруінше, "Корпоративтік" өніміне қатысушылардың, яғни, баспанаға мұқтаж жұмысшыларының тізімін жұмыс берушінің өзі қалыптастырады.

Жұмысшыларды тұрғын үймен қамтудың тағы бір тетігі қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, ұйым қайтарымды немесе қайтарымсыз негізде, яғни, қайырымдылық түрінде өз қызметкерлерінің ипотекасы сомасының 50%-ын өзі өтеп, оны бастапқы жарна ретінде енгізеді.

Қалған 50%-ын Отбасы банк жұмысшыға 25 жылға дейінгі мерзімге кредит түрінде береді. Оның пайыздық ставкасы – 7% (ЖТСМ 8,5%). Биылғы жыл басындағы дерек бойынша әзірге бұл тетікпен 11 жұмысшы қоныс тойын тойлай алыпты.

Мемлекеттік даму институты корпоративтік сектормен бірлесе отырып, жұмысшы кәсіп иелерін баспанамен қамтудың үшінші түрін де ел игілігіне табыстады. Банк серіктестері арасында ең көп сұранысқа ие болған бұл өнім бойынша жұмысшылар пәтерді кейін сатып алу құқығымен жалға ала алады.

Ол үшін кәсіпорын өз жұмысшысына баспана ұсынуы керек. Оның қызметкерлері пәтерге қоныстанған соң символдық сипаттағы шағын арендалық төлемді төлеп тұрады. Сонымен бір мезгілде Отбасы банкінде баспана құнының жартысын құрайтын бастапқы жарнаны жинақтауға тиіс.

Содан бастапқы жарна үшін қажетті сома жиналғанда банк қалған 50%-ын жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі ставкамен тұрғын үй заемы түрінде береді.

Мұндай схемамен елдегі алпауыт өнеркәсіптік кәсіпорынның біреуі 620-дан астам қызметкерін төл тұрғын үйімен қамтамасыз ете алыпты. Олар оны сатып алып, меншігіне айналдыру үшін жинақ жинауда.  

Бұл тұрғыда Отбасы банкпен "Қаражанбасмұнай", "Шұбаркөл көмір", "Еуразиялық энергетикалық корпорация", "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі", "Қазхром", "Алюминий Қазақстан", "Қазақстандық электролиздік зауыты", "ERG Service", медициналық, құрылыс компаниялары, Қарағанды облысының көмір және метал өндіруші кәсіпорындары ынтымақтастық құруда.

"Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер, құюшылар және басқалары ауыр жұмыстарды атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері біздің негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық – бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлыққа тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу – қиын еңбек жағдайларын жеңілдетуге септігін тигізеді", – деді "Отбасы банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу