Жұмысшылар бір жарым жыл бойы жалақыларын ала алмай жүр

1733

Кәсіпорын басшылығы сот шешімін орындауға асықпайды.

Жұмысшылар бір жарым жыл бойы жалақыларын ала алмай жүр

Павлодар қаласындағы "RD COMPONI OIL" ЖШС астық тасымалдаумен айналысады. Бұл кәсіпорын 2019 жылдың желтоқсан айынан бері 28 жұмысшыға еңбекақы төлемей келеді. Олардың әрқайсысына 600-800 мың теңге қарыз, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Компания басшылығының жарты жыл бойы жалақыны бермегені аздай, 2020 жылдың 1 маусымында қол астындағы қызметкерлерді тиісті өтемақы төлеместен жұмыстан шығарып жіберді. Сол уақыттан бері 30-ға жуық адам талай мемлекеттің мекеменің табалдырығын тоздырды. Алайда ешқайсысынан қайыр жоқ.

"2019 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін кәсіпорыннан бір тиын да алған жоқпыз. Отбасымызды асырап, пәтер ақысын, коммуналдық төлемдерді өтеу үшін несиелер алдық, қолымызда барымызды ломбардқа өткіздік. Қысқасы, берешекке белшесінен баттық. Банк қызметкерлері, коллекторлар мен тамыр-таныстар "Қарызды қайтарыңдар" деп күн сайын жағадан алады. Ал бір жарым жыл бойы төбе көрсетпеген жұмыс берушінің жалақымызды төлер түрі жоқ", - дейді павлодарлық Андрей Диннер.

Жұмысшылардың тығырыққа тірелгені соншалық, өмірмен қош айтысуға дейін барған екен.

"Әріптесіміз қаржылай қиындыққа шыдай алмады. Несиелерін төлейтін мүмкіндігі болмады. Дәрігерге қаралып, ауруынан айығу үшін де ақша керек болды. Сондықтан осыдан біраз уақыт бұрын өзіне қол жұмсап, еңбекақысын алмаған күйі өмірден өтті", - дейді Виктор Иванов.

Тұрғындардың қиындығын шешіп беруге жергілікті еңбек басқармасы қауқарсыз. Басқарманың бас маманы Темірхан Махамбетовтің сөзінше, кәсіпорын микрокәсіпкерлік нысаны болғандықтан, оның жұмысын тексеру мүмкін емес.

"Бизнес нысандарын тексеруге байланысты мораторий жарияланғандықтан, бұл мәселе бойынша тексеріс жүргізуге құзіреттілігіміз жоқ. Жұмысшыларға тек заңгерлік көмек көрсетіп, сотқа арыз түсіруі үшін кеңес бере аламыз", - дейді Темірхан Махамбетов.

"RD COMPONI OIL" ЖШС соттың бір жыл бұрын шығарылған шешімін орындауға асықпайды. Сол шешімге сәйкес, астық тасымалдаушы компания 2020 жылдың 22 шілдесіне дейін жұмысшылар алдындағы қарыздың бір бөлігін, бірнеше айдан соң қалғанын өтеуі тиіс еді. Бұл шешім іс жүзінде орындалған жоқ.

"Басшылықтың бізге берер ақшасы жоқ көрінеді. Есепшоттары бос, мүліктері де жоқ. Сонда бізге қайтпек керек? Бұл мәселені прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшылығы назарға алмаса, мәселенің шешілмейтін түрі бар. Еңбек басқармасы жасаған медиациядан түк шықпады", - дейді Рустам Рахымов.

Құрылтайшылар бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартып, "ақша жоқ" деп қысқа қайырды. Енді 30-ға жуық жұмысшы қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу