Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның "Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит" тақырыбындағы есебі тыңдалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Мемлекет басшысы бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән береді. Бұл ретте өңірлік маманданудың және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды атаулы қолдаудың маңызы зор. Жоғары аудиторлық палата осы мәселе бойынша бірқатар аудит жүргізді. Бұл – қолдау шараларының тиімділік аудиті, әсіресе өңдеу өнеркәсібінде. Екіншісі – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін бағалау", – деді Әлихан Смайылов.
Аудит мақсаты – мемлекеттік қолдаудың бизнестің іскерлік белсенділігіне қаншалықты серпін бергенін түсіну.
"Осы саладағы саясатты қалыптастыруға жауапты мемлекеттік органның ұзақ уақыт белгіленбеуі жүйелі кемшілікке жатады. Әрбір мемлекеттік орган өз саласы шеңберінде шектелген. 2023 жылғы сәуірде ғана бірыңғай саясатты қалыптастыру Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді. Бірақ тәртіп әзірге шамалы. Бүгінгі таңда түрлі шаралар, тетіктер мен операторлар көп. Қарапайым кәсіпкерге қиындық туғызады. Цифрландырудың тиісті деңгейі қалыптаспаған. Бұл жағдайды ушықтыра түседі", – деп атап өтті ЖАП төрағасы.
Оның айтуынша, өтініш беруден бастап әсерді бағалауға дейін қолдаудың барлық түрін қамтитын бірыңғай ақпараттық платформа әлі де іске қосылған жоқ.
"Аудиттің бағалауынша, Ұлттық экономика министрлігінің қолдау көлемі жөніндегі деректері кемінде 2 есе төмен. 6 жыл ішінде (2019-2024 жылдары) мемлекет кәсіпкерлерге 4,5 трлн теңгеге қолдау көрсетті. Олардың 90%-ы 5 қолдау құралына тиесілі. Олар – шығыстарды және кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау, тауарлардың кепілдік берілген көлемін сатып алу, кредит беру және лизинг. Мемлекет басшысы 2024 жылғы қыркүйекте барлық мемлекеттік қолдау шарасына түгендеу жүргізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі Бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемесін әзірледі. Жұмыс алға жылжыған сияқты болды. Бірақ аудит бұл жұмыстардың шала жүргізілгенін көрсетті", – деді ол.
Әлихан Смайылов тізілім сапасы жеткіліксіз екенін, Ол Кәсіпкерлік кодексінде көзделген қолдау шараларының барлығын толығымен қамтымайтынын айтты. Тізілімде өзектілігін жоғалтқан шаралар кездеседі.
Елімізде көрсетіліп жатқан шаралардың әсерін бағалау әдіснамасында айқындық жоқ, деп атап өтті ол.
"Ұлттық экономика министрлігінің тәсілдері бір бөлек, салалық органдардың тәсілдері бір бөлек. "Әлеуметтік" және "экономикалық" әсер деген ұғымдар нақты емес. Олардың қалай саналатыны, қай кезеңге санау қажеттігі түсініксіз. Әдістемелерде алынған нәтижені белгілі бір қолдау шарасымен қалай байланыстыруға болатыны ашып көрсетілмеген. Бизнес субъектісі мемлекеттік бюджеттен үнемі қаржыландырыла отырып, әртүрлі көздерден 19-ға дейін қолдау шарасын алған жағдай кездеседі. Сондықтан көрсетілетін шаралар инерциямен жалғасып келеді. Нақты алынған нәтиже қорытындысы бойынша олар қайта бағаланбайды. Тиімділікті бағалау кезінде сандық көрсеткіштерге баса назар аударылады. Жұмыс орындарының санымен, төленген салықтармен ғана шектеледі. Өндіріс көлемінің, қосылған құнның өсуі, бизнестің қаржылай тұрақтылығы сияқты экономика үшін нақты әсер бақыланбайды", – деді Жоғары аудиторлық палата басшысы.
Ресми статистиканың да бұл мәселеде көмегі шамалы. Мемлекеттік статистика мен мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мақсаттары үшін бизнестің көлемін айқындау тәсілдері әртүрлі. Нәтижесінде деректер бір-бірімен сәйкес келмейді, алынған әсер тұрғысынан едәуір айырмашылық бар және шындық бұрмалануда, деп атап өтті Әлихан Смайылов.